«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ

0 64

Жиын

Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен «Дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау жөніндегі қағидаттары мен басымдықтары» атты тақырыпта журналистерге арналған семинар-тренингі өтті.

Жиында Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин соңғы жылдары ақпараттық жаһандану  жағдайында дін тақырыбы секілді  сезімтал салаға қатысты БАҚ- өкілдердінің  рөліне ерекше тоқталып өтті.

-Дін секілді нәзік мәселеде журналистік этиканы сақтау өте маңызды. Сондықтан бұл мәселе жайлы уәкілетті органның өкілдері, сарапшылар діни бірлестіктермен бірге ақылдасып жұмыс істеу керек. Біздің ойымызша, діни тақырыптар объективті және ұстамды болуы тиіс,- деді ол.

Сонымен қатар, комитет төрағасы дін саясатының мемлекеттің тұрақтылығын сақтауда алатын орны мен бүгінгі  әлемдегі дін мәселесі төңірегінде болып жатқан оқиғалар туралы тереңірек сөз қозғады.  Әсіресе, қазіргі дүниежүзіндегі дінді желеу етіп, өз мақсатына жеткісі келетін террористік ұйымдардың пайда бола бастағанын, олардың дені Ислам дінін жамылып, соның атынан бейбіт халыққа күш қолданып, асыл дінімізге кесірін тигізіп жатқанын айтып өтті.  «Бүгінде «ИГИЛ» ұйымының қатарында көптеген отандастарымыз  бар. Қазір елімізде осы азаматтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар террор және экстремизм бағытына еріп кеткен адамдар. Енді оларды азаматтығынан айырмай, төлқұжатын жарамсыз деп тану мәселесі қаралуда», деп комитет төрағасы сөзін бір сабақтап өтті.

Дәлірек айтқанда, жиында дін саласындағы  өзекті мәселелер талқыланды. Айталық,  «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры мен Астана қаласының КММ діни ағымдардан зардап шеккендермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Лимана Қойшиева секілді бірқатар лауазымды тұлғалар баяндама жасады. Әсіресе,  «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына  немесе республикалық түсіндірме-насихат жұмыстарына қатысты жоқ адамдардың қазақ және орыс тіліндегі  уағыздарын  тыңдауға болмайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, тренинг аясында Дін істері комитеті «Еуразия» бірінші арнасы мен Бас редакторлар клубы меморандумға қол қойды.

    Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды