«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Журналистер бағбаны

0 8

Сағадаттың баспасөзге бауыр басуы әкесі Сағын­дықтан дарыған. Сонау ішсе-тамаққа, кисе-киімге жарымай жүрген соғыстан кейінгі ауыр кезеңнің өзінде ол кісінің қолынан газет-журнал бір түскен емес. Сол себепті оны ауылдастары «газет-шал» деп атайтын.

«Оқуы бардың тоқуы бар» дегендей, ол кісінің білімдарлығы да керемет еді. Бүкіл ағайын-туыс, көрші-қолаңнан бастап, аудандағыларға дейін ақыл-кеңес сұрап келіп жататын. Негізінен, бұлардың әулетіне білім бастауы Сағындықтың әкесі Әділбектен тараған. Ауыл молдасының дәрісін көрген ол, кіші баласын Атбасардағы екі жылдық орыс-қазақ мектебіне береді. Бұл – Октябрь революциясына дейінгі кезең.
Міне, бүгінгі қаламы жүйрік жур­налист, көкжиегі кең ғалым, ұлағатты ұстаз Сағадат Сағын­дықұлы осындай тәлімі зор, пайымы мол ұядан түлеп ұшқан.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халықтың қанатты сөзі. «Газет-шалдың» баласы алтыншы сыныптан бастап қолына қалам алған. Өзінің теориялық білімін жетілдіру үшін, сол түбіт қанат кезінің өзінде сонау Мәскеуден пош­та арқылы түрлі газет-журналдармен қоса журналистика тео­риясын тарқататын кітаптар алдырып оқитын. Сөйтіп аудандық газетке алғашқы мақалалары да шыға бастады.
Өз жолын ерте таныған тастүлектің алдында мектеп бітір­ген соң «Кім болам?» деген соқ­талы сұрақ болған жоқ. Қазақ университеті журналис­тика факультетін бітірген соң, қайнаған өмір ортасындағы аудандық газетіне қайтып келіп, мамандығын тағы бір шыңдап алған оған сол кездегі астанамыз Алматыдан қызмет алу онша қиынға түскен жоқ. «Огни Алатау», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» сияқты республикамыздың басты баспасөздерінен бастап, Одақтың төріндегі екінің бірінің қолы жете бермейтін «Правдаға» дейін еркін көсілді. Ақыры Одақ биігіне көтеріліп, сол кездегі ақпараттың алтын діңгегі саналатын ТАСС-тың Қазақстандағы тілшісі болып тағайындалды. Бұл кездер оның ең жемісті шағы еді.
Журналистиканың жазирасын осылай біраз емін-еркін шарлағаннан кейін аты аңызға айналған Темірбек Қожакеев ақылымен ғылымға бет бұрып, сол кісінің кафедрасына аға оқытушы болып келді. Ұлағатты ұстаздың айтуымен қазақшаға ден қойып, енді ана тілінде лекция оқуға машықтанды. Ол ұстазының осы ақылына күні бүгін дән риза.
«Талапты ерге нұр жауар» дегендей, Мәскеу университетінде мамандығын жетілдіріп жүргенде кандидаттық тақырыбын сонда бекіттіріп, тағы да «Темір Темкең­нің» тегеурінінің арқасында одан кейінгі аласапыранға ілікпей қазақ ғылымының қара шаңырағы Алматыда сәтімен қорғап алды. Ол бүгінде ғылым жолында талмай, әлі де өрге өрлеп келеді. Ұстаз бұл күндері елордадағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірт тәрбиелеуде.
Мен Сағадатпен бес жыл университетте, екі жыл сол кезде саяси білімнің шыңы саналатын Жоғары партия мектебінде аттай жеті жыл бірге оқыдым. Оның білгір білімдарлығына, аса алғырлығына сонда көзім жетті. Ал өзі өмір бойы басқа тілде білім алып келсе де, қазақ десе бақанын ала жүгіретін керемет патриот болды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Сағадат Сағын­дықұлынан тәлім алған шәкірттерінің өзі – бүгінде бір қауым ел. Олардың арасында қыр асқан қызметкерлер де, белге шыққан білгірлер де жетерлік.
Бұл орайда Сәкеңді жемісі мәуелеп, жапырағы жайқалып тұрған бәйтерекке теңесе де болар. Сөз соңында оған «жетпістің желкенін керіп, өмірдің айдынында айбының асып жүзе бер, ардақты азамат, айбарлы дос» демекпіз.

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды