«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Журналист жемісі

0 46

Кейбір ғалымдар журналист еңбегінің ауырлығын жеті қабат жер астында көмір қазумен теңестіреді. Олардың мұнысын қисынсыз теңеу деуге келмейді. Күйіп тұрған оқиғаның басы-қасында жүріп, қайнаған тіршіліктің қақ ортасынан «кен қазу» – шынымен де журналистің басты қызметі.

Мамандықтың қояр талабы сол болғандықтан, олардың еңбегі сегіз сағаттық жұмыс күнімен шектелмейтіні анық. Әдетте басқа адамдар бар жұмысын кешкі алтыдан соң кеңседе қалдырып кетсе, журналистерде ондай жеңілдік жоқ. Оның мойнындағы жүк өзінен бір елі қалмай, үйіне еріп келеді. Тамағын ішсе де, тойға барса да, ұйықтаса да – қысқасы, жеке басына бөлетін уақытының көбін әлгі жүгіне тағы арнайды. Яғни ертеңгі мақаласының, телебағдарламасының не радиохабарының бағдарын бажайлап, жоспарын қорытып жүреді.


Олардың осындай ерен еңбектері ескеріліп жатса, қандай ғанибет?! Жуырда біздің «Астан ақшамы» газетінің қос тілшісі республикалық байқаудың жүлдегерлері атанғанда, көл-көсір қуанышқа кенелгеніміз де сондықтан. Атап айтсақ, тәжірибелі әріптесіміз Айгүл Уайсова денсаулық сақтау саласы жайлы жазған үздік мақалалары үшін «Алтын шипагер» сыйлығын қанжығасына байлап, 1 миллион теңгелік марапатқа ие болды. Одан бөлек, шолушымыз Азамат Есенжол қазақ тіліне қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, оларды елге танытуда еңбек сіңіргені үшін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында ІІІ орынды олжалады. Сондай-ақ бізді үнемі Парламенттегі оқиғалардан хабардар қылып отыратын газетіміздің шеф-редакторы Төлен Тілеубай дәл Журналистер күнінде ҚР Парламент Мәжілісінің «Парламент сөзі» сыйлығын еншіледі.
Ақшамдықтарды айтулы жүлделерімен тағы да құттықтай отырып, жақсы жаңалықтардың жаршысы бола берулерін тілейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды