«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүрек жыршысы

0 38

Екеуміз КазГУ-дің бірінші курсында танысып едік. Сен Қошқар әкем мен Торғын шешемнің маңдайы жарқырап туған қоңыр қозысы боп келдің ортамызға. Өзің қоңыр қозы болғасын қазіргі газетің, тірлігің қоңыр аталды. Оны қайта-қайта айта бермейміз. Осы сенің мерейтойыңның қарсаңында айтылды. Үлкен кісілер айтты. Сол қалпыңнан айнымай келесің. Сенің шығармашылығыңды талдап, түсініп, шырайын шығарып жатқан адам көп-ақ. Өзіңнің айтқан тұлғаны мерейтойда ғана емес, басқа кезде де естен шығармай жүрейік деген сөзіңді өзіңе қаратып та айтуға болады.

Сенің өмірге, өмірдегі тұлғаларға деген ыстық жүрегіңнің лүпілі сонау 1976 жылдары КазГУ-дің журналистика факультетінде жүргеніңде Төлеген Айбергеновті бізге оқытуыңнан басталып еді. Сенің Төлегенді оқу мәнерің менің қолыма кейде домбыра, кейде гитара ұстатып, сол бір сағынышты бірге толғауымызға жол ашып еді. Сол сөз бен әуен (екеуміздің орындауымыз­дағы) жазылып қалғанда ғой, шіркін деп ойлаймын кейде. Ол да бір сахналық дүние еді. Уәли, Азат, Мұрат, Иса сынды бөлмелес, курстас достарымыз осыған куә болды. Бір бөлмеде бесеуміз тұрдық қой. Енді Мұратымыз жоқ. Ай, дүние-ай.
Менің қатты қуанатыным, сен біздер жетпеген биікке шықтың.
Студенттік кезімізде сағыныштың сазды әуенін егіздей әуелеткен екеуміз оқуды бітірген соң екі дара жолға түстік. Бүгінгі әңгіме сенің жолың туралы. Бұл Қали екеуміз екі айырылып кеттік деген сөз емес, керісінше, дара жолымызда бір-бірімізді толықтырдық. Қали досым Шерағаң айтатын Тәңіртаудай биікке шыққан осы күні бұл биікке өзім бірге шыққандай болып отырамын.
Қалидың өнермен егіз екеніне студент кезден қанық болатынбыз. Алайда оның сөз өрнегінің, қаламшы ретіндегі өз өрнегінің қалыптасқанын кештеу байқаппыз. Өйткені ол жазғандарын жанұшырып үнжарияға бере қоймады. Үлкен-үлкен дүниелерін жарыққа шығаруға ұмтыла бермейтін, асықпайтын.
Текті ұл ойланбады ғой дейсіз бе? Асықпағаны да содан шығар. Қанша іріккенмен, түбі жарылмай қоймайтын жанартаудай лықсыған шығармашылық вулканы жерді талқандамай, елді баурады. Оның ең алғашқы көрінісі және ең бір асылы «Сендерді сағынғанда» деген әңгімесі болды. Сіздерге өтірік, маған шын деген сөз бар. Сол әңгімені оқи бастағанда әлгі бір көзге жас келерде толықситын сезім болады ғой, сол сезім тамақты кернеп, жанарымды сулағанын қазір қандай сөзбен жеткізерімді білмей отырмын. Білдей бір мекемеде басшылардың бірі едім. Сол әңгіменің басын оқып бастағаннан-ақ үзіліп түсіп, бетімді сулаған жасымды көрсетпейін деп есігімді іштен кілттеп алып, құдай-ай деп көзімді жұмсам, сезімнің жып-жылы су күйі бетімді жуғандай болды. Алла-ау, бұл не деген керемет, мен білетін Торғын анамыз, мен білетін өз бауырларымдай боп кеткен Қалидың бір туғандары жөніндегі сағыныш осындай адамзаттық сағынышқа ұласады екен-ау, таң-тамаша болып бірнеше рет оқыдым, бірнеше рет адамдық босаңсуға бардым. Есікті ішінен дер кезінде жапқаныма риза болып, көптен бері шайылмаған шарамды егін мол болатын жылғы ағыл-тегіл берекелі жаңбырдай жас деп аталатын жүректің шырынымен бір жуып алып тазартқанымды айтсам, кеше сенбейтін жұртшылық бүгін сенер. Оны мен Шарханға да айтқам сол жылдары. Қазіргі онлайн-Шарханды айтам. Артық-кемі жоқ бір көңілденіп отырып Қалидың классикасы – «Сендерді сағынғанда» деген әңгімесі, сенің классикаң – «Мың доллар» деген сөзім әлі есінде шығар.
Мен кемдеу айтыппын. Сағыныштың көкесі алда екен.
Қали жүректің жыршысы болды. Қали тұлғаларды сағындыртып, өзі де тұлғаланды десем, оның болмысын жете түсінген қауым иә дейтініне сенем. Шерханның шекпенінен шықтық дегендей, Қалидан ұшталдық деген де сөз бар. Оны мен ойлап тапқан жоқпын, Қалидың шәкірттері айтып жүр. Айналайын досым, мен саған ризамын. Сен біздерді ғана емес, бірге оқыған курсты да үлкен биікке шығардың. Курс деймін ау, қасиетті КазГУ-ді, қала берді, аяулы Алматымызды, өзің туып-өскен өлкеңді, тіпті, қазақтарды жадыраттың.
Сен сол дос-жарандардың алды боп еңбегіңнің жемісін көрдің, қазір де «Құрмет» орденінен кейін парасатты адамға ғана берілуге тиіс «Парасат» деген абыройлы орденді қатарластарымыздың ішінде бірінші боп алдың. Адамның парасаты, біздің білуімізше, ақыл, сезім, білімнің түйіскен жері болса, сол түйісу нүктесі сенде бар екен.
«Жақсының жақсылығын айт» деген сөзді атам қазақ айтқан.
Қазақ журналистикасы мен әдебие­тіндегі бір шоқы емес, бір биік болғаның атқан таңдай, батқан күндей рас.
Алты кітабың Алты алашқа үлгі, тарқатып айтып жатпаймын, қызығып оқысын, сиқырын ашпаймын.
Сенің бір ғана «Сана тазармай, қала тазармайды» деген сөзіңнен кейін, көшеге түкіріп, темекі тастайтын адамдардың саны азайды деген деректі көзім шалды. Сен адамның ойына келе бермейтін талай қанатты сөздер айтып тастадың. Олар өзіңді өзімен тұрғыластай бағалаған Қадыр ағаңның афоризмдеріне шендесіп қалады десем, қуанғанымнан айтқаным. Афоризмге айналған ол сөздеріңді Асекең «Егемен Қазақстан» газетіндегі сипаттамасында жинақтап келтіріпті. Сен сөз сиқырыңды, өнерпаздығыңды үлкен той-жиындарда да көрсеттің. Сондай жиындардағы мәртебелі қауым аузын ашып тыңдайтын қаққан жадыра әңгімелеріңді күнде тыңдағымыз келеді десем, артық айтпаспын. Көп алдындағы әрі тұшымды, әрі керемет әзіл әңгімелеріңді қазіргі жырқылдақ асабалар халықты баурау әдісі ретінде үйренсе ғой деген де ой келеді.
Екеуміздің сырымыз да, жырымыз да бірге болды. Қалидың жары Таңсұлу (лирик-жазушы Таңсұлу Алдабергенқызы). Ойым үзіліп қалса да айтайын, Таңсұлу да тұлғатаным ғылымына бір кісідей еңбек сіңіріп келеді. Ол кісінің жазып жүрген ханшайымдары тұлғаның тылын жасаған, тұлғаның тұлғалануына жүрегінен жылу төккен асыл аналар. Бұл кісі айтпасқа болмайтын осындай апаларымыздың тұтас бір галереясын жасады. Сол егізіңнің менің жарым Баршаны жалғыз досым деуінде де екеуміздің бірлігіміз жатқан сияқты.
Қали-ау, сен туралы айтатын сөз, жай сөз емес, халыққа үлгі сөз болуға тиіс. Солай жаза алынса, әрине. Жазармандардың сенің туындыларыңды жарыса талдап, талқылап, тамсанып жатқанына менің де ойым үйлеседі. Әрине, әркім өз қырынан келіп жатыр.
«Жағың түспей жаманшылық көрме» деген тілекті бүгінде біздер ғана емес, қалың қазақ тілейді саған.
Қазағым, қолыңыз қалт етіп бір сәт босасаңыз, Қалиды оқыңыз, Қалидың газетін оқыңыз. Қалидың жазуында культура бар. /Әбдіжәмил/. Сонда, ол өзі айтпақшы, оның тағы бір мерейто­йын күтпей-ақ сіз де қолға қалам аласыз…

Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды