«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жұпар ҒАБДУЛЛИНА: ӨНЕРДЕ ӨЗ ОРНЫҢ БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ

0 81

– Ресейдің Үлкен театрының сахнасына шығуды армандамаған әртіс жоқ болар. Жақында сол жаққа барып, мамандардың жоғары бағасын алып қайттыңыз. Қандай әсердесіз?

Саяжан, өнертанушы

– Иә, «Астана Опера» опера және балет театрының өнерпаздары Санкт-Петербордың Мария театрында өнер көрсетіп, шетелдік тәжірибелі мамандар тарапынан лайықты бағаға ие болды. Бұған өте қуаныштымын. Маэстро Валерий Гергиевтің дирижерлігімен шырқау – әр әншінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Бүгінгі таңда Қазақстанның опера өнері бүкіл әлемге аян. Қазір біздің әншілеріміз кез келген халықаралық ареналарда ел намысын лайықты деңгейде қорғай алады. Бұл – үлкен жетістік. Оған қоса, әлемдегі сұранысы өте жоғары Елдар Әбдіразақовпен бірге «Аттила» операсында Одабелла партиясын орындағаным, кейін Мария театрында Роберто Тальявинимен өнер көрсеткенім шабытыма қанат бітірді.

– Операның көбісі шетел тілінде шырқалады ғой. Бұл жағы сізге қиындық тудырмай ма?

Ғазиза, ЕҰУ студенті

– Еңбектенсең, еш қиындығы жоқ. Ең бастысы, операның бар әсемдігін жоғалтып алмау керек. Қазір италия тіліндегі шығармаларды орындап жүрмін. Тыңдарманға дұрыс жеткізуге тырысамын.

– Әлемнің айтулы театрларын аралап жүрсіз. Сіздіңше, біздің театрлардың деңгейі қандай?

Гүлжан, оқырман

– «Астана Опера» деңгейі еш театрдан кем емес. Мұндағы акустика тамаша. Сахнаның іші мен сыртындағы барлық нәрселер – еденнен төбеге дейін, орындықтар мен қабырғадағы айналар сахнадағы дауыстың тереңдігін айшықтай түседі. Ұжымдағы әріптестеріммен мақтанамын, барлығы да талантты, бірінен бірі өтеді. Өз басым осы театрда еңбек ету кез келген опера әншісінің арманы деп ойлаймын. «Астана Опера» театрының болашағы зор.

– Операның драмалық сәттерін тыңдаушы жүрегіне жеткізе білу үшін әншінің дауыс диапазоны кең болуға тиіс. Дауысыңызды қалай күтесіз?

Тынысбек, мектеп оқушысы

– Әр әншінің жеке вокалдық гигиенасы болады. Студент кезімде репертуарымда жоқ әндерді орындап, дауысыма келіңкіремей, қиналған сәттер болған. Қазір өзімнің дауысыма сай шығармаларды таңдауға тырысамын. Күні-түні ән айтуға да болмайды, сосын суық сусындар ішпеу керек.

– Болашақта опера жанрының дамыған жеріне, яғни шетелге қоныс аударуыңыз мүмкін бе?

Жайдар

– Өзіңнің еліңдегі театрдың деңгейі төмен болса немесе репертуар болмаса, арман қуалап шетелге қоныс аударуға болады. Ал, бізде олай емес. Бізге тәжірибе жағынан байыту үшін шет елдерден мықты әншілер мен өз ісінің мамандары шақырылады. Сырт жаққа гастрольге көп шығамыз. «Астана Операда» жұмыс істеу тәртібі шет елдегімен бірдей.

– Румыния Ұлттық опера театрының сахнасында өнер көрсетіп қайттыңыз. Көрермен қалай қабылдады?

Тамара, қала тұрғыны

– Джузеппе Вердидің «Аида» операсында бас кейіпкердің партиясын орындадым. Румыниялық театрдың көркемдік жетекшісі Михай Косма және дирижер Кристиан Санду осы операға арнайы шақыртқан болатын. Әрине, өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Халық өте жақсы қабылдады. Көрермендердің құрметі мен қошеметі ерекше болды.

– Джузеппе Вердидің «Аида» операсы туралы айтып беріңізші…

Мира, тұрақты оқырман

– Бұл – әлемнің көптеген елдерінде көрермен сүйіспеншілігіне ие болған классикалық опера. Мұндағы, әсіресе, қыздың Отанына, Радамеске деген адал махаббатын көрсететін үшінші акті аса қиын соғады. Румыния сахнасында сол сыннан сүрінбей өттім дей аламын. Тыңғылықты дайындалуға уақыт жетпей қалғанына қарамастан, сахнадағы әріптестеріммен бірден тіл табысып кеттім. Олар мені, мен оларды жерге қаратқан жоқпыз. Спектакльдің сәтті өтуіне театрда көп дайындық жасауымның едәуір көмегі тиді. Себебі, уақыт ағымына ілесе алған адам ғана қазір белгілі бір табысқа қол жеткізеді десек, бұл орайда маған әлемдегі ең көп сұранысқа ие әнші – Елдар Әбдіразақовпен бірге өнер көрсеткен «Аттила» операсындағы Одабелла бейнесі, Мария театрында Роберто Тальявинимен шырқаған рөлдерім қымбат.

– Жұпар апай, бір партияны сахнаға шығару үшін біраз уақыт керек шығар. Сіз қанша уақыт дайындаласыз?

Динара, мұғалім

– Ол әр операның ерекшелігіне байланысты дер едім. Әйтеуір, кемінде 2-3 ай уақытты жұмсаймыз.

– Бүгінге дейін шырқаған туындыларға тоқталсаңыз. Соның арасынан сіз үшін қайсысы ерекше?

Жамал, оқырман

– Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Алтынайдың рөлі жаныма жақын. Әрі бұл – менің үлкен сахнада алғаш орындаған туындым. Сосын Дж.Вердидің «Аида» операсынан Аида, «Трубадур» операсынан Леонора, Дж.Пуччинидің «Турандотынан» Турандот, Р.Леонкавалло «Паяцы» операсында Недданың партиясын ерекше атап өтуге болады. Жалпы, шырқаған арияларым бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан әрқайсысының өз орны бар.

– Әріптестеріңіз арасында сіздің артықшылығыңыз неде деп ойлайсыз?

Айжан, студент

– Операның өзі көп салалы, өте қиын жанрлардың бірі ғой. Біздің, әншілердің осы саланы таңдауымыздың өзі басқалардан даралайтындай. Сонымен бірге, бәлкім, дауысымда бір ерекшелік бар шығар. Жалпы, өнерде өз орныңның болғаны жақсы

IMG-20140408-WA0010

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды