«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жұмыссыз бар. Жұмыс та бар. Не істеу керек?

0 39

Қазіргі күні елордада 3 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Бұл – миллионнан астам тұрғыны бар шаһар жұртының 0,3% ғана. Сонымен бірге, ресми дерек бо­йынша бас қалада 7 мыңдай бос жұмыс орны тұр. Бұл бос жұмыс орындарының 58%-ында 100 мыңнан астам жалақы беріледі. Сонда жұмыс берушінің саны жұмыс іздеушіден екі еседен артық көп бола тұра, олар неге «екі қолдарына бір күрек» таба алмай жүр? Жергілікті билік екі тараптың мүдделерін үйлестіру үшін қандай шаралар атқарып отыр?

Әңгіменің әлқиссасын біз мәселенің екінші қырын ашып алудан бастағанды жөн көрдік. Жоғарыдағы дерек Нұр-Сұлтандағы жұмыссыздықтың жай-күйін нақты көрсете алмайды. Өйткені ресми жұмыссыздықпен бірге жасырын жұмыссыздық деген де бар. Бұл топқа жататындар жұмыссыз жүрсе де еш жерде тіркелмеген. «Жыламаған балаға емшек бермейді» демекші, олардың жоқ-жітігін түгендейтін арнайы орган жоқ. Дегенмен, олардың саны ресми тіркеуде тұрғандағылардан әлденеше есе көп болуы да мүмкін.
Сонымен қатар, жұмыс­пен өзін-өзі қамтыған деген топ бар. «Өзін-өзі қамтудың» да әр түрі болады, бірақ басым бөлігінің жағдайы мәз емес екені анық. Міндетті медициналық сақтандыру қорына, зейнетақы қорына жарна бермегендіктен, кіріс салығын төлемегендіктен бұл топтағылардың да саны нақты қанша екенін тап басу қиын. Ресми дерек бо­йынша, республикадағы еңбекке жарамды тұрғындардың 20 пайыздайы «өзін-өзі қамтушылар» екенін ескерсек, аталған қауымның да хал-ахуалын жақсарту үшін атқарылатын шаруалардың қыруар екенін біле беріңіз.
Енді негізгі тақырыпқа қайтып оралайық. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының көмегіне 8 мыңнан астам адам жүгінген екен. Сұрау салып келгендерінің бәрінің өтініштері, әрине, негізді деуге келмес. Бірақ құзырлы орган өтініш айта келгендердің бәрінің арыз-шағымдарын жеке-жеке тексеруге алып, өңдеуден өткізеді.
Есепті мерзімге дейін Орталық арқылы 2698-і жұ­мысқа орналастырылды. Олардың 814-і тұрақты жұмыспен, 92-сі әлеуметтік жұмыспен, 1792-сі қоғамдық жұмыстармен қамтылған. Анықтай кетейік, Әлеу­мет­­-тік жұмыс орнына ор­на­лас­тырыл­ған­дардың жал­ақы­сының 35 пайызын – бюд­жет, 65 пайызын жұмыс беруші төлейді. Қоғамдық жұ­мыспен қамтылғандардың түрлі міндетті төлемдерден кейін қолына таза 81 мың теңге тиеді. Ал тұрақты жұмысқа тұрып кеткендер өз бақтарына қарай тиесілі кәсіпорынның штаттық кес­тесіне сай жалақы алады.


Енді мақаланың кіріс­пе­сінде айтқан 3 мыңнан астам жұмыссыз, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі іс-шаралар туралы айтсақ. Бұл «3 мың» деген қатып қалған сан емес, күн сайын біреулер жұмысқа тұрып, біреулер шығып жатқандықтан, ол күн сайын түрленіп тұрады. Бұл – біз Орталыққа сауал салған күнгі цифр.
– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттің 2017-2020 жылдарға бағдарламасы бар, жұмыссыздықты жою шараларын біз осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып жүргіземіз, – деді «Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директорының орынбасары Нұрлан Исекеев.
Халықты жұмыспен қам­ту орталығы, сондай-ақ жас­тар тәжірибесі мен қысқа мерзімді оқыту курс­тарын ұйымдастырады. Бүгінде жастар тәжірибесі бойынша 500-ден астам ЖОО түлектері алғашқы машықтанудан өтіп жатса, 238 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілген. Жыл аяғына дейін 1200 адамды жастар тәжірибесімен қамту жоспарланған. Былтыр мұндай тәжірибеге 711 түлек тартылған болатын. Олардың 42 пайызы тұрақты жұмысқа тұрып кетті.
– Жастар тәжірибесі – бұл түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Тәжірибе 6 айға созылады, үміткерлер осы уақыт аралығында өзін іскер ретінде таныта алса, мұндай маманнан жұмыс берушінің өзі де айырылмайды. Түлектердің тәжірибеден өткен орындарында тұрақтап қалулары әбден ықтимал, – деді Нұрлан Балықбайұлы.
Жастар тәжірибесіне тек 29 жасқа дейінгі, оқу бітіргендеріне 3 жылдан аспаған үміткерлер ғана қатыса алады. Осы алты айлық сынақ мерзімі ішінде үміткерлерге бюджеттен ай сайын
81 мың теңге жалақы төленеді. Алты ай бойы тегін жұмыс жасату жұмыс берушілерге де тиімді. Бұл тұрғыдан алғанда, жұмыс берушінің де тәжірибеден өтушінің де мүддесі жақсы қарастырылған.
Қазіргі кезде Халықты жұмыспен қамту орталығы Жастар тәжірибесін өткізу үшін қаладағы 300 мекеме-кәсіпорындарымен шартқа отырған. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерден басқа, ұлттық компаниялар да, жекеменшік кәсіпорындар да бар.
Жыл басынан бері «Халықты жұмыспен қамту орталығы» 3 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізеді. Оның біріншісі – алиментші әкелерге арналған. Жәрмеңке алдында прокуратура мен ішкі істер басқармасында тізімде тұрған алимент төлемейтін әкелердің тізімі алынып, оларға алдын ала хабарланды.
25-26 маусым күндері «Жастар» сарайында өткен кейінгі жалпы­қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне елорданың 80-нен астам жұмыc берушісі қатысып, олар 2000-нан аса бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге келушілер жұмыс берушілермен тікелей байланысып, сұхбаттасып, түйіндемелерін қалдыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ шарада оқу орындарының түлектеріне «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы айтылып, азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыспен қамту орталығының мамандары қысқа мерзімді кәсібі оқуға қызығушылық танытқан келушілерге де толық ақпарат берді.
– Жыл басынан бері бұл 3 рет ұйымдастырылып отырған жалпықалалық жәрмеңке. Мамыр айында өткен жәрмеңке қорытындысы бойынша аталған шарадан соң 45 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл дегеніміз – мұндай бастамалар іс жүзінде нәтижеге ие. Тек азаматтар мұндай шараларға немқұрайды қарамай, белсенді араласып, жұмыс берушілермен осы алаңда еркін форматта кездессе бұл нәтиже еселенеді. Бүгін 100-ге тарта түрлі саладағы жұмыс беруші еңбек етем дейтін мамандарды күтіп отыр, – деді Н.Исекеев.
Орталықтың назарынан көпбалалы отбасылар тәрбиеленушілері де тыс қалмаған. Олардың 16 жастан асқандары жазғы шомылу маусымы басталған кезде жағажайларда, қала ішінде қауіпсіздік ақпараттары жазылған буклеттерді тарату жұмыстарына тартылады. Олардың айлық орташа табыстары – 42 500 теңге. Аз қамтылған отбасылар үшін бұл да аз демеу емес. Ал 16 жасқа дейінгі балалар «Жасыл ел» бағдарламасы бо­йынша мектеп жанындағы көгалдандыру жұмыстарына шақырылады. Бұл – енді мектеп әкімшілігі мен қала әкімдігі бірлесіп атқаратын шаралардың бірі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды