«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖҰМЫС ЖӘРМЕҢКЕСІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

0 75

Жыл бойы елордалықтарды еңбекке тартуға атсалысқан Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы кеше ағымдағы жылдың соңғы жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараға 60-тан астам жұмыс беруші шақырылып, әртүрлі қызмет саласында мыңнан астам бос орындар ұсынылды.

 жұмыс_жәрмеңкесі

Жұмыспен қамту орталығы директоры Олжас Омардың айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен осы күнге дейінгі өткізілген 11 жұмыс жәрмеңкесінің нәтижесінде 400-ден аса азамат «екі қолға бір күрек» тапқан.

– Біз өткізген жәрмеңкелер қала жұртшылығының жұмысбасты болуына септігін тигізді. Қолға алынған шаралардың арқасында жұмыс іздеу едәуір оңтайландырылды. Қарашаға дейінгі жағдай бойынша, осы жылдың басынан бері орталыққа 11 679 адам жұмысқа тұруға жәрдемдесуді сұрап, жүгінді. Олардың 83,2 пайызы, дәлірек айтсақ, 9 719 адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. 9 974 адам жұмысқа орналастырылып, 664-іне «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жастар практикасына жолдама берілді. 127 адам әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталды. Бұған қоса, тағы 664 адам даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жолдама алды. Ал қоғамдық жұмыстарға 2 132 жұмыссыз адам жіберілді, – дейді Олжас Омар.

Биыл он екінші рет Жастар сарайында есігін айқара ашқан жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Солардың бірі Әріпжан Хамидолла темір ұстасы мамандығы бойынша жұмыс іздеп келіпті. Асықпай аралап шыққан ол үш жерден жақсы ұсыныс болғанын айтты. Бұрын теміржол саласында он бір жыл ұстаздық еткен астаналық енді қол еңбегімен айналысып көруді жөн санапты.

Бұл жерде ең көп орын ұсынған жұмыс беруші мекемелердің бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы. Бұл ұйым он бір маманды жұмысқа алуды көздеп келіпті. Кадр бойынша инспектор Әйгерім Мұқышева көбіне тәжірибелі мамандарды таңдайтындарын, еңбек өтіліне ерекше мән берілетінін айтады. Ал оқуды енді бітірген жастарды тек кезекші әкімші етіп қана қабылдайды екен.

Жалпы биыл Астанада жаңадан 15 719 бос жұмыс орындары құрылған. Олардың 75 пайызы – шағын бизнеске тиесілі болды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды