-->

ЖҰМЫС ІЗДЕГЕНДЕР «ЖАСТАРҒА» ЖИНАЛДЫ

Қалалық әкімдік Халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, Жастар сарайында кезекті бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Шараға QAZAQ BANKI, Каз­коммерцбанк, Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі сияқты екінші дәрежелі банктер, Ішкі істер департаменті, Ұлттық ғылыми медициналық орталығы, Ұлттық мұражай, Ақмола вагон зауыты сияқты 50-ге жуық жұмыс беруші қатысты. Олар жәрмеңкеде несие кеңесшісі, менеджер, қаржыгер, кассир, ішкі істер органдарының қызметкері, медицина мамандары, кран машинисі, өнер және мәдениет қызметкерлері сияқты 500-ге жуық маман іздестіріп жатыр.
Жұмыс іздеп жүрген елордалықтар мен қалада қоныс­тануға ниетті адамдардың қарасы да көп болды. Солардың бірі – оңтүстіктен Астанаға арман қуып келген Орынбек Ғалымжан. Жәрмеңкеге келген жас жігіт «Биыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен жерге орналастыру мамандығын алып шықтым. Қазір тә­жірибем жоқ болғандықтан, қандай жұмыс, қандай жалақы ұсынса да еңбек етуге әзірмін. Туысқандарыммен бірге пәтер жалдап тұрамын, арманым – Астанада тұрақтану» дейді.
Еліміздің басқа қаласында болмаса да, дәл елордада екі қолға бір күрек табылады. «12 месяцев» құрылыс дүкеніндегі бос орындардың көптігі сөзіме дәлел. Қазіргі таңда дүкенге 15 сатушы-кеңесші мен 9 жүк тасушы керек. «Бізде сатушылар ауысым кестесі бойынша жұмыс істейді. Сондағы жалақы 40 мыңнан 300 мың теңге дейін барады. Ал жүк тасушыларға барлық төлемдерден бөлек, 100 мың теңге жалақы ұсына аламыз. Одан басқа, мекеме жұмысшыларды ынталандыру мақсатында сыйақы тағайындап тұрады. Тегін тамақтандыруды да ұйымдас­тыруға болады» дейді Перизат есімді сауда дүкенінің басқару бойынша менеджері. Жәрмеңке басында мекемеге 14 шақты түйіндеме келіп түскен. Компания барлық үміткерлерді жеке-жеке қарас­тырып, әңгімелесуге шақыратын болады.
Ал Ұлттық ғылыми медициналық орталығы кадр бөлімінің басшысы Гүлия Инекеева көп салалы клиникада тар шеңберде мамандандырылған қызметкерлер тапшы дейді. Сондай-ақ, мекеме осы салада біліктілігі жоқ мамандарды жұмыспен қамтуға әзірміз деп отыр. «Нақтырақ айтсақ, санитар және буфетші әйелдер, бөлме тазалаушы, нау­қастарды күтушілерді іздес­тіреміз. Тегін жолақымен және асханамен қамтамасыз етеміз. Біздің клиникада қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері 50 пайыз жеңілдікпен ем алады. Жалақыға келетін болсақ, әркімге талабына сай еңбек ақысын төлейміз. Мәселен, санитар әйелдерге 40-90 мың теңгеге де­йін төленеді. Олар бірнеше ауысымда жұмыс істейді» дейді кадр бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, бұл жәрмеңке – биылғы жылы өткізіліп жатқан оныншы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі. Алдыңғы жәрмеңкелердің қорытындысы бойынша 800-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Келесі жәрмеңке қазан айында ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналмақ.

Гүлдана Талғатқызы

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*