«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жұлдыздар» неге салықтан жалтарады?

0 109

Өткен айда бір тележүргізуші ай сайын 3-4 миллион теңге табатынын, бір әнші тойға 2 миллион теңгеден төмен бағаға бармайтынын, тағы бір тележүргізуші жыл сайын 200 мың доллар көлемінде табысқа жетіп жүргенін жариялапты. Жалпы, біздің өнер, шоу «жұлдыздарымыздың» арасында мұндай мінез біраздан бар. Олардың қай-қайсысы да өзін «көп табатын», «қымбат» жұлдыз етіп көрсеткісі келеді. Олар мысығының өзін «жолбарыс» деп таныстыруға бейіл.

Бір қырынан қарағанда, бұл, бәлкім, мотивация шығар. Дәл өзіңдей адамның ай сайын пәлен миллион тауып жүргенін естігенде «е, мен де ұмтылсам, соған жетеді екем ғой, адамның мүмкіндігі шексіз екен ғой» деген секілді ойға қаласың. Айналаңда табысы жоғары, жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар барына қуанасың.
Бірақ бұл «жұлдыздардың» табысы статистика деректерінде көрсетілмеген соң, қайтесің. «Sputnik Қазақстан» сайты жариялағандай, 2018 жылдың төртінші тоқсанындағы статистика бойынша, елімізде ең жоғары жалақы – 13 миллион 192,4 мың теңге, Ал ең төменгісі 15 600 теңге деп тіркеліпті. Талайлар түсінде де көрмейтін 13 192 400 теңгені кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу, қаржы және сақтандыру қызметі, жалпы осындай өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бас директор болып қызмет атқаратындар табады екен. Ал 15 600 теңгені білім беру және мемлекеттік басқару салаларындағы үй-жайларды жинап-тазалаушылар алады. Бұл үй тазалаушы өңдеу өнеркәсібінің бас директорының бір айлығына пара-пар қаражатты 845 ай (!) жұмыс істеп жүріп қана таба алады. Осыған қарап қоғамда Абай айтқан ақыл бірлігіне жете алмауымыздың бір себебін, әлеуметтік топтар аражігі ашылып, психология, тұрмыс, сана деңгейінде көзге көрінбейтін кереғарлық, қақтығыстар қалай пайда болып жатқанын түйсінуге болатын сияқты.


Хош. Статистика көрсетіп отыр­ған деректер – ашық, заң­дас­тырылған құжаттар. Бұл – 13 миллион жалақы алатын тұлға ай сайын бюджетке, халық қазынасына 1 миллион 300 мың теңге көлемінде салық төлеп отыр деген сөз.
Ал заңдастырылмаған табыс иелері ше? Жаңағы жыл сайын «200 мың доллар көлемінде табыс табамын» деп «мақтанған» тележүргізуші жыл сайын бюджетке 20 мың доллар көлемінде салық құйып жүр ме? Ай сайын 3-4 миллион теңге табатын шоу жүргізушісі айына 300-400 мың теңге, ал 2 миллион теңгеден кем бағаға тойға бармайтын әнші әр тойынан 200 мың теңге салық төлей ме?..
Осыдан біраз бұрын «біз елдің батасымен өсіп отырмыз» деп әдемі сөйлейтін біраз әншілер әр табысынан салық төлеуге келіскісі келмейтінін айтқан. (Ылғи айтып жүр ғой.) «Бізді халық өздері шақырады, біз ешкімнен жұмыс сұрап жатқан жоқпыз, өз күнімізді өзіміз көріп, өз жолымызды өзіміз тауып жүрміз» деген секілді уәж айтып, біразы «бұлданған» еді. Құдай біреуден алып, біреуге беріп жатқаны олардың қаперіне де кірмеді. Әйтпесе, сонша табыс табатын, сонша жетістікке жетіп жүрген азаматтары көп ел болсақ, экономикамыз неге дамымай отыр? Неге Қазақстан әлі күнге көрші елдерге кіріптар? Неге өз елімізде тым болмаса ине-жіп шығарылмайды? Иә, бізде кәсіпкерлікпен айналысатындардың, яғни бизнесмендердің 60-70 пайызы «қызмет ұсынумен» күн көреді. Бай-дәулеттілер қанша көп болса да, олардың ел экономикасына оншалық пайдасы тимейтіні сондықтан.
Пайда келтірмей-ақ қойсын, бірақ ел қатарлы салық төлеп, табысын «ізгілендірсе» игі емес пе?
Айтпақшы, өнер жұлдыздары, атақты адамдардың көбі «біз халыққа жұмыс істеп жатырмыз» деп жиі айтады. Шынында олар халыққа емес, тек қалталы, дәулетті адамдарға қызмет етіп отыр­­­ғанын мойындамайды. Мысалы, жаңағы бір тойға 2 миллионға шығатын «халықтың әншісі» ақшасы жоқ (немесе ақшасы аз) адам­дар шақырса, барып, тегін қызмет көрсетпейтіні анық. Сонда олардың халық деп отырғаны кімдер? Тек қалталы адамдар ма?..
Айтпақшы, осы жұлдыздар арасындағы табысын асырып айтудың бәсекесі алдағы уақытта сап тыйылатын шығар деген үміт бар. Неге десеңіз, 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары табыс пен мүлік декларациясын тапсыратын болып бекітілген. Енді бүгінге дейін салық жүйе­сінің қармағына ілікпеген табыскерлер, түрлі сала өкілдері кірісінің бәрін заңдастыруға мәжбүр болады. Содан соң таксист те, тігінші де, тойхана иесі де, әнші, асаба да, жалға пәтер беруші де әр түскен табысының 10 пайызын міндетті түрде бюджетке салық есебінде құяды. Яғни, олар да өзге еңбеккерлермен тең болады.
Сонда ғана олардың «халыққа жұмыс істеп отырмыз» деуге моральдық қақысы болатын шығар, кім білсін?

Ең бастысы, жаңағы «мен ай сайын пәлен миллион табамын» дейтін «жұлдыздардың» бюджетке қанша қаражат құйып отырғанын бұдан былай ел білетін болды. Бұл қарапайым халықтың «өнер жұлдызда­рына» деген құрметін арттырмаса, кемітпейтіні анық

Ал енді мұндай табысты ерте бастан анықтап, ел қазынасын толтырамын десе салықшылардың қолын ешкім байлап отыр­ған жоқ. Әлде олар тойға бармай ма екен?!.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды