«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жұлдыз да жерге түсер аспандағы»

0 118

…Міне, халқымыз жеті қазынаның бірі деп дәріптеген ит жылы да тарих қойнауына еніп барады. Бұл жыл жақсылыққа толы болды деп айта аламыз. Бірақ… иә, бірақ өмір болғандықтан оның қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні анық. Биыл ұлтымыздың бір-бір уығына айналған біршоғыр игі жақсылардан көз жазып қалдық. Осындайда ойымызға аузы дуалы Шал ақынның «Алладан шыныменен бұйрық келсе, жұлдыз да жерге түсер аспандағы» деген екі жол өлеңі түседі. Шындығында, тірліктің қатал заңына ешкім қарсы тұра алмайды.

Жыл басында, яғни ақпан айында қара сөздің өрен жүйрігі, дарынды драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден озды. Қарымды қаламгер нағыз кемеліне келіп, шоқтығы биік шығармалар туғызар дер шағында арамыздан кетті. Рахымжан ағамыз әдебиетке өз үнімен келді. Суреткердің болмысы да бекзаттық пен тектіліктің үлгісі еді. Оның қайсар қаламынан әдебиетіміздің асыл қазынасына қосылған сүбелі шығармалар туып, оқырмандарының қолынан түспейтін дүниеге айналды.

Дәл осы айда Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздегі бас басылымның редакторы болған, былайғы жұрт «Егеменнің қары нары» деп атаған Ержұман Смайылдан айырылып қалдық. Қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат дәл жетпіс жасында кенеттен қайтыс болды.
Наурызда Қазақ­стан Азаматтық альянсының бұ­рынғы президенті, қоғам қайраткері, белгілі тележүргізу­ші, ұлтжанды азамат Нұрлан Ерімбетов өмірден өтті.
Шіліңгір шілдеде даңқты спортшы, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежү-зілік Универсиаданың жеңімпазы Денис Тен қапияда көз жұмды. Жасындай жарқ еткен ғұмыр иесінің қазасы қалың елге ауыр тиді.

Сары күзде руханиятымыздың алып тірегі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты публицист, ақиқаттың алдаспаны атанған Шерхан Мұртаза 86 жасында дүние салды. Біртуар тұлға өмірден өткенде қазақ даласы қобыздай күңіренді. Ұлт журналистикасында оның есімі құрметпен айтылады. Өйткені Шерхан ағамыз осы салаға қанжардай тіліп түсер өткірлік пен өзгеше өрнек әкелді. Кеңес өкіметінің қырағы көзі төбесінен бүркіттей төніп отырса да, алып азамат басқарған басылымдар елдің сөзін сөйледі. Парасатты суреткердің қаламынан жұртшылық ойы терең, тілі шұрайлы шығармалар жарыққа шықты. Біраз жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болып биік мінбеден ұлттық тұтастық, тіл, дін, діл жайында шындықты қақ жарып айтты. Елбасы жазушы қайтыс болғанда оның туған-туыстарына жіберген жеделхатында: «Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін» деп жазған. Расында, тау тұлғаның есімі де, оның туған халқы үшін жасаған еңбегі де ел жүрегінен өшпейді.

Сондай-ақ, биыл белгілі қаламгер, ғалым, қоғам қайраткері, бір сөзбен айтқанда, ақтық демі үзілгенше қазақ жерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Сапабек Әсіп, тамаша балалар ақыны Сұлтан Қалиұлы, ақын Әбдірахман Асылбеков аудармашы-журналист Мәткәрім Әкімжанов, жазушы Талғат Кеңесбай секілді әдебиетіміздің дарынды сарбаздары бақи болды. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Байпақов пен Қазақстанның халық әртісі, театр өнерінің бірегей өкілі Зәмзәгүл Шәріпова да қайтпас сапарға аттанды.
Халқымызда «ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген тағылымды сөз бар. Біз сөз еткен ардақтыларымыздың есімдері жұртымызбен мәңгі жасайтыны анық.
Есік қағып келе жатқан жаңа жыл елімізге құт әкеліп, халқымыздың абыройына айналған айбоздарымыз аман жүрсін деп тілейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды