«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүгіріп жүріп жинайық!

0 26

Елорда әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған «Нұр-Сұлтан – таза әрі қауіпсіз қала» атты экологиялық екі айлық іс-шарасы осымен үшінші апта жүйелі жүзеге асып келеді. Спорт арқылы тазалықты насихаттайтын плоггинг сенбілікке 13 сәуір күні бас қаламыздағы барлық аудан тұрғындары қатысты.

Экологиялық айлық аясында Алматы ауданы аумағында біраз шаруа атқарылды. Оған аудан әкімі аппаратының, шағын және орта бизнес нысандарының, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелерінің қызметкерлері, қызмет көрсететін ұйымдардың мамандары қатысты. Жалпы 800-ге жуық ұйым атсалысып, 7 мыңдай адам тазалық жұмысын атқарды. Бұған қоса 100 бірлік арнайы теxника жұмылдырылды. Аудан бойынша аулалар, құрылыс алаңдары, аялдама павильондары секілді өзге де қала көркін арттырып тұрған тұстар тазартылды. Белсенділер 300-ден аса қоқыс шығарып, оларды ішінара шыны және пластик заттарды бөліп салуды ұмыт қалдырмады. Тазалығымен өзгелерге үлгі болған жандар Алматы ауданы аумағынан 100 тоннадан астам қоқыс шығарды.


– Көктем биыл уағында келді. Енді күн жылынған соң жұртшылық табиғат аясына шығып, демалуға асығатын болады. Осы орайда жаңа флешмоб ұйымдастырсақ деген ұсынысым бар. Оның мәні табиғатқа шығарда бір рет қолданатын қасық, шанышқы секілді түрлі пластикалық заттардан бас тартып, күнделікті өзіміз үйде пайдаланатын ыдыстарды алайық. Бұл демалыс орындарындағы қоқысты барынша азайтады, – деді белсенділердің бірі Шасалим Шағалимов.
Ал Сарыарқа ауданындағы плоггингке Nur Otan партиясы Жастар қанатының белсенділері қатысып, Әлия Молдағұлова ескерткіші мен көшесін ретке келтірді. Сонымен қатар, Кенесары көшесінде бас-аяғы 38 алма және шие ағаштары «кесек әдісі» бойынша отырғызылды. Бұл іске «Садақа жария» тобы бастамашы болды. Сенбілікте 6 676 адам жүгіріп жүріп, 35,2 тонна қоқыс шығарды.


Өз кезегінде Есіл ауданында өткен плоггингке 8 690 адам қатысып, тазалық шарасына атсалысты. Соның нәтижесінде 450 тонна қоқыс шығарылып, ерекше белсенділіктерімен көзге түсті.
Былтыр ғана құрылған Байқоңыр ауданы да дағдылы игі істен шет қалмады. Өзге аудандармен салыстырғанда көше тазалығына 10 815 адам қатысып, барлығы 57,86 тонна қоқыс жиналды.
Айта кетейік, осыған дейін өткен сенбілік барысында жұртшылықты қызықтыру үшін арнайы конкурс өтіп, онда қоқысы көп жиналған қапшық иелері анықталған. Әр саябақтағы белсенділер тобы қаптарды таразыда өлшеп, жеңімпаздарды анықтап жатты. Осындай ұйымдастырушылығы жоғары іс-шараның алғашқы аптасының өзінде-ақ қаламыздағы 900 аула ретке келтірілді.
Сәуір айы басталысымен қолға алынған «Нұр-Сұлтан – таза әрі қауіпсіз қала» аясындағы жұмыстар бас қаламыздың бет-бейнесін күннен күнге көркейтіп келеді. Көшелер, жұртшылық көп қатынайтын әлеуметтік орындар, жаяу соқпақ жолдар жаңадан қайта жаңғырып, гүлзарлар отырғызылып жатыр. Сол себепті, өзіміз үшін жасалып жатқан игі істерді бағалауға, қаламыздың сұлу да таза, көркем келбетін сақтауға кім де болсын жауапты. Халқымызда «Жолда жатқан тасты алып таста» деген қағида қалыптасқан. Әрбір адам бір-бір қоқыстан тазартып отырса, айналамыз әдемі болып тұрмай ма!?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды