«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жотаның жарығын емдеу жеңілдеді

0 209

Ауызекі тілде «грыжа» деп аталатын омыртқааралық диск жарығы туралы жиі естігеніміз бар болса да, оның кәдімгі остеохондроздың үшінші сатысы екенін білмейді екенбіз. Мойын, бел омырт­қасы дертінің 80 пайызы асқынған остеохондроздан болса, 20 пайызы ғана жарақат алғаннан туындайды екен.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз еліміздегі жұлын нейрохирургиясының негізін қалаушы, ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сый­лықтың иегері, Ұлттық ней­рохирургия орталығы жұлын нейрохирур­гиясы және периферилік нерв жүйесінің патологиясы бөлі­мінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы – Талғат Керімбаев. Білікті маман отыз­дан аса заманауи малоинвазивтік технологияларды алғаш болып ендірді. 10 инновациялық патенттің авторы.
Дәрігермен Ұлттық нейрохирургия орталығында кездес­кенімізде оның ота жасап шыққан беті екен. Өте күрделі ота. Жарықтың салдарынан сал болып қалған жанның аяққа тұрып кетуі неғайбыл. Әдетте, бас ауырса, іш ауырса берген дәріні ішіп, «өзі тәуір болып кетеді» деген үмітпен жүре беретініміз рас. Бұл науқас­тың да омыртқааралық жарығы (грыжасы) болған. Оны емдеудің тек оперативті жолы бары туралы дәрігер нұсқауын алған. Алайда бә­рін кейінге қалдырып жүргенінде конькимен сырғанап жүріп, оңбай құлап жарақат алады. Бұған бұрынғы ауруы қосылып, аяқ-қолы тартылып сал болып қалады. «Ота жасадық алайда, дәл болжап айта алмаймыз, әйел аяғынан тұрып кете ме әлде мүгедек болып қала ма белгісіз. Егер кезінде дұрыс емделгенде жарақаттың соңы мұндай болмайтын еді» деді дәрігер.
Жайшылықта арқамыз құ­ры­сып, жауырынымыз шан­шыса да, беліміз құяң бо­лып екі бүктетіліп қалсақ та, алдымен танысымыздың кеңесін тыңдап, түрлі май жағып, сылап-сипап, ең алдымен омыртқа жота ауру­ла­рының маманын іздей бер­мейміз ғой. Бұл да өз ден­сау­­­лығымызға жауапсыз қараудың айқын дәлелі.
– Өмірінде бір рет болса да арқа тұсы тартып, бел ауруын сезінбеген ешкім жоқ болар. Еліміздегі тұрғындардың 10 пайызының омыртқааралық дискісінің жарығы бар. Осы онның бір пайызының ғана жарығы хирургиялық жолмен емдеуді қажет етеді. Ал егер он пайызды саралап қарасақ, оның 75 пайызы қарапайым ем-доммен-ақ жазылады. Күнделікті денесін шынықтырып, суға жүзіп тұрса, жарық тартылып, тез айығады. Ал қалған 25 пайызы маман-дәрігердің нұсқауымен емделуі шарт. Одан асқынса, адамның дене мүшелері тартылып қалуы, дәрет жолдарының бұзылуы тағысын басқа ауру нышандары болғанда, мұндай жағдайда хирургиялық жолмен ғана емдеу қажет. Ауруды уақытша басып «ылаждауға» болмайды. Сол үшін алдымен дәрігерлерге көрініп, кеңес алған жөн, – дейді Талғат Керімбаев.
Дәрігер сөзінің соңында қазіргі күндегі жарықты хи­рургия­лық жолмен емдеудің жаңа мүмкіндіктері туралы да әңгімелеп берді.
– Қазіргі омыртқааралық дискінің жарығына жасалатын оталар шағын инвазивтік, арнайы микрохирургиялық құралдар арқылы іске асады. Жаңа әдістемелер невро­логиялық асқынулардың алдын алады. Осыдан біраз жыл бұрын ғана науқастар жа­рықты ота арқылы алып тас­таудан тартынатын. Себебі оның салдарынан нерв жүйесіне зақым келіп түрлі асқынулар жиі орын алатын. Қазір ғылым мен технологияның дамуының арқасында мұндай оталар бірқалыпқа түсті, аса қорқынышты емес. Тіпті пациент ота жасал­ған күні-ақ аяғынан тұрып кете алады. Лазерлік, радиожиілік арқылы емдеу қосылды. Микро­хирургиялық жолмен, эндоскопиялық әдіс арқылы 1-2 см ғана етті кесіп, сол ар­қылы түтікше жіберіп, жарықты бірнеше есе үлкейтіп көрсетіп, тар жердегі нақты жарықты дәл табуға мүмкіндік бар. Дискіні имплантаға ауыстыру технологиясы да дамыды. Ауыс­тырылатын материалдардың да әртүрі бар, – деп түсіндірді Талғат Керімбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды