«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жосықсыз жүргендерді жөнге салды

0 24

Кеше елордадағы Қоғамдық даму және сервистік колледжін­де тәрбиесі нашарлап, оқуына жүрдім-бардым қарап жүрген жастардың мәселесі талқыланды.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы Білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозиннің жетекшілігімен өтті.
Отырысқа бірнеше оқушы мен колледж студенті шақырылып, олардың ата-анасымен, сондай-ақ оқу орнының өкілдерімен пысықтау жұмысы жүргізілді. Жиын барысында алдымен №37 мектептің 9-сынып оқушысы Диана Жекееваның ісі қаралды. Ол араласатын ортасы дұрыс болмаған соң сабағынан қашып, қала берді үйіне қонбайтынды шығарыпты. Үйінде кішкентайы болғандықтан, анасының да шамасы жетпейтін көрінеді. Қазір мектеп басшылығы Диананың психологпен жұмыс жүргізуін қамтамасыз еткен. Оқушының айтуынша, биге, актерлік шеберлікке қабілеті бар екен. Осыны негізге ала отырып, Ануар Жанғозин оны Оқушылар сарайының үйірмесіне жіберуді, ал жазғы каникулда «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылуын тапсырды.
Әрі қарай Қоғамдық даму және сервистік колледжінің 2-курс студенті Ілияс Аңсаровтың жағдайы назарға алынды. Алғашқы жылы оқуын ойдағыдай оқығанмен, соңғы бірер айда сабағына қатыспапты. Білім басқармасы басшысымен әңгімелескеннен кейін оқуына ұқыптылықпен қарауға уәде берді.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта кәмелеттік жасқа толмағандар арасында тәртіпбұзушылық жиілеп кетті. Дегенмен, бұл мәселені шешу үшін ғана емес, алдын алу үшін де түрлі шаралар қолданып келеміз. Осы мақсатта 44 шұғыл алдын алу шараларын өткіздік, – дейді Астана қалалық ювеналды полициясының жетекшісі Әсет Сыздықов.
Сол сияқты түнгі уақытта жеткін­шектердің ересектердің қарауынсыз жүрмеуі жөнінде ескерту айтылды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды