«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жолдауды бірге тыңдады

0 43

Елордадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы тыңдалды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тыңдаудан кейін Жолдауда айтылған бастамаларды ой елегінен өткізген жастар өз ойларымен бөлісті.

Шыңғыс ТІЛЕУЛИН, «Астана жастары» ресурстық орталығының жетекшісі:

– Жолдаудың жаңалығы – мемлекет дамуы, оның азаматтарын қолдауға байланысты айтылған бастамаларға толы. Әсіресе, жастарға, олардың мәселесіне басымдық бергені ұнады. Мысалы, жастар үшін маңыздысы – баспана, осы – Нұр-Сұлтандағы ең күйіп тұрған мәселе. Бұл орайда Президенттің жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны баспана мәселесін шешуге және білім алуға, оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады дегені баршамызды қуантып отыр. Шынында да, жұмыс істейтін жастар үшін өзінің жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны баспана алуға жұмсауы – таптырмайтын мүмкіндік. Одан бөлек, шағын бизнестерге салынатын салықты қысқартуға қатысты айтылған ой да көпшіліктің көкейіндегі сауал. Бүгінгі таңда шағын кәсіпкерлік жаңа-жаңа дамып жатыр, егер банктен шағын несиелер алуда тиімді тетіктер іске қосылса, онда осы несие алу мүмкіндігін пайдаланғысы келетін жастар көбейіп, шағын кәсіпкерлікке жаңа толқын үздіксіз қосылар еді. Бұл өз кезегінде елдің экономикасын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Өйткені кез келген дамыған мемлекеттің тірегі – осы шағын кәсіп.

Бақытжамал ГАБДРАХИМОВА, «Қазақстандық мемлекеттік-­жекеменшік әріптестік
орталығы» АҚ сарапшысы:

– Біз бүгін жастар болып Президенттің Жолдауын тыңдадық, жастар зейнетақы қорындағы жиналған ақшасын пайдалана отырып, баспана мәселесін шеше алатын болды. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға 90 млрд теңге бөлінетіні өте ауқымды, аса игілікті іс деп білем. Жалпы, Қазақстанда 4 млн жас бар десек, соның 1 млн 700-дейі ауылдық жерде тұрады, бұл ауылдық жастарға өз кәсіптерін ашып, туған жерді гүлдендіруге мүмкіндік болмақ. Ауылдардағы инфрақұрылымды, емхана, мектептерді көтеруге болады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің дәрежесін көтеру бағытындағы жұмыстарды халық пен полицияны жақындатып, халықтың өзін қауіпсіз сезінуіне жасалған қадам деп есептеймін.

РЕФОРМАЛАУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

Зулфухар ҒАИПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты, саяси ғылымдар докторы:

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы, біріншіден, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтау арқылы қоғамда біртіндеп реформалар жүргізуге бағытталған.
Осы Жолдауда Мемлекет басшысы өзінің халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтынын айта келе, мынандай негізгі бағыттарға тоқталды. Бірінші – қазіргі заманғы тиімді мемлекет, екінші – азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үшінші – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, төртінші – әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі, бесінші – «күшті аймақ – күшті мемлекет» деген бес басымдықтан тұрады.
Жолдауда басынан аяғына дейін мемлекеттің жақын арадағы негізгі бағыттарын айқындаған. Соның ішінде саяси трансформацияның жалғасатындығы туралы және де трансформация бірінші кезекте халық пен мемлекеттің мүддесіне бағытталатынына тоқталды.
Сонымен бірге қарқынды экономикалық даму қоғамдық-саяси модернизациямен қатар жүретініне ерекше назар аудара келе, Мемлекет басшысы тағы да «күшті президенттік басқару, ықпалды парламент және есеп беруші үкімет» формуласы жүзеге асқанда ғана жедел жетістікке қол жеткізуге болатындығына назар салды.
Мемлекет басшысы қоғамдағы либерализм мәселесіне тоқталды. Либералдық құндылықтарды дұрыс пайдаланбаған жағдайда ол қоғамға кері әсер етіп, тіпті болашақта егемендіктен де айырылып қалуға алып келетіндігін ескертті.
Сондай-ақ Президент мемлекеттік тілдің мәртебесіне де ерекше тоқталды. Болашақта қазақ тілі Қазақстанды мекендейтін ұлттардың бір-бірімен қарым-қатынасқа құрылатын ұлтаралық тілге айналатындығына сеніммен қарайтындығын жеткізді. Біздің басты байлығымыз ұлтаралық келісім мен татулық екенін тағы да еске салып өтті.
Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына бір айдың ішінде көпбалалы аналармен жұмыс істеп, оларға берілетін микрокредиттердің тиімді жолдарын қарастыру тапсырылды.
Мемлекет басшысы Жолдауда шенеуніктерге бұқарамен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мәселесіне уақытылы көңіл бөлу керектігін ескертті. «Саңырау шенеунік» принципінен айырылатын уақыттың келгендігіне ерекше мән берді.
2024 жылға қарай мемлекеттік және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту арқылы бірін-бірі қайталайтын лауазымдарды болдыр­мауды тапсырды.
Жолдауда білім, денсаулық саласына да ерекше көңіл бөлді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білімді теңестіруге, жоғарғы білімнің сапасын арттыруға, «Диплом­мен – ауылға» бағдарламасының әрі қарай жалғаса беретіндігін және де алдағы 4 жылда ұстаздар жалақысын 2 есеге арттыру туралы тапсырмалары білім қыз­меткерлерінің көңілінен шықты.
Сондай-ақ отбасы мен балаларды қорғау институтына да ерекше тоқталды. Педофилдерге қарсы күресті жандандырып, оларға арналған жазаны қатайтуды да ұсынды. Үкіметке 3 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 30 мың көпбалалы ананың мәселесін шешуді тапсырды.
Қорыта келгенде, Қ.Тоқаев еліміздегі реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқанына тоқтала келіп, реформалардың тек реформалар үшін жүргізуге жол бермейтіндігін мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет дамуының негізгі тірегі қоғамдық диалог, татулық және тұрақтылық екеніне ерекше назар аударып, біздің басты ұстанымымыз береке мен бірлік, ақыл мен парасат екенін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды