«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жолдарға кім жауапты?

0 11

Қалалық мәслихатта көшелерді орташа және ағымдағы жөндеуді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан алып, аудандардың әкімдіктеріне беру ұсынылды. Мәслихат депутаттарының пікірінше, басқарма бұл тарапта өзіне бекітілген жұмысты тиісті деңгейде атқармай отыр, ал аудан әкімдіктерінен артық қай жолды алдымен жөндеу керектігін ешкім білмейді.

Аталмыш басқарманың басшысы Асхат Қарағойшин қалаға кіреберіс жолдарына, ішкіорамдық көшелерге қатысты бюджеттік бағдарламаны аудан әкімдіктеріне беруге дайын екендіктерін айтады.
«Ол үшін аудан әкімдіктерінің аппараттары арнайы бюджеттік бағдарламаны ашуы керек. Бюджетті келесі нақтылау отырысында осы мәселені күн тәртібіне енгізу қажет. Сол кезде бағдарлама әкімшілері жолдарды жөндейтін мердігерлерді анықтауға конкурс жариялайды. Бұл жағдайда дербес қаржыландырудың арқасында жұмыс тезірек жүреді» деді басқарма басшысы.
Мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасына бұл мәселенің бюджеттік заңнамаға сай келуін тексеруге тапсырма берді.
Алматы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасы 2011 жылы «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино» тұрғын алаптарында жолдың 20 шақырымын (30 көше), инженерлік желілердің 67 шақырымын салу жобасын бастады. Алайда тиісті жұмыс­тар әлі күнге дейін аяқталмаған.
«Железнодорожный» тұрғын алабында жеті көшеге, «Промышленныйда» төрт көшеге жол салу керек. Алғашқы аталған елді мекен бойынша қазір жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Ал екінші елді мекенде тиісті жұмыстар биыл басталуы керек.
Сарыарқа ауданына қарасты «Көктал-2» тұрғын алабында жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын 41 көше салынды. Бұған қоса, нөсер кәрізі, су құбыры, орталық кәріз салынды. Биыл тиісті жұмыс­тар жалғасып, толығымен аяқталуы тиіс. Жоба екі кезеңге – жол және инженерлік желілер құрылысы болып бөлінді. Оның жалпы құны – 8,7 млрд теңге. «Көктал-1» тұрғын алабында өткен жылы жалпы ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын 12 көше салынды. Биыл мұндағы 14 көшеде және «Агрогородок» тұрғын алабындағы 28 көшеде жолдар салынады.
Байқоңыр ауданына қарасты елді мекендерде биыл ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 21 көшедегі жолдар жөнделеді. 1052 метрлік 5 көшеге қиыршық тас төселеді. Жалпы, алдағы жылдары Ақжол және Ш.Бейсекова көшелері аралығында айналма жол салу жоспарланды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталып, 2023 жылы аяқталмақ.
Жалпы алғанда, жеті тұрғын алаптағы жалпы ұзындығы 31,1 шақырымды құрайтын 87 көшеде жолдар салынады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды