«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жолдағы жосықсыздық

0 41

Заң талаптарына қаншама өзгерістер енгізіліп, осы тақырыпта сан рет айтылып, сан рет жазылып жатса да, көлік жүргізушілері мен жол полиция­сы қызметкерлері арасындағы кикілжің азаяр емес. Бір ғана мысал: жүргізушілер 2017 жылы жол полициясының үстінен өзіндік қауіпсіздік басқармасына 57 арыз-шағым түсірсе, 2018 жылы мұндай арыз-шағымның саны 87-ге жеткен. Елімізде жолда жүру ережесі уақыт талабына сай оңтайландырылып, ереже бұзған көлік иелеріне айыппұл төлеуде де, уақыт үнемдеуде де біршама жеңілдіктер жасалып отыр. Алайда жүргізушілердің көбінің жол сақшыларына деген өкпесі қара қазандай. Неге?

Жоқтан ілік іздеу

Жақында әлеуметтік желіде Алматы қаласында үш бірдей жол полициясы қызметкерінің (екеуі – аға лейтенант, біреуі – капитан) бір жүргізушіні үлкен тасжолдың бойында соңынан қуып жетіп тоқтатып, «біздің көз алдымызда көпе-көрінеу жол ережесін бұздың» деген желеумен айыппұл салу қаулысын толтыруға әре­кеттенген бейнеролигі тарады.
Алайда осы көлікте жолаушы ретінде келе жатқан қоғам белсендісі «Р» деген азаматтың талап етуімен жол қызметкері машинасындағы бейнекамераны қайта қараған кезде ереже бұзған басқа көлік болып шықты. Енді мына қызықты қараңыз, погон таққан мырзалар қателіктері үшін жүргізушіден кешірім сұрап, оны жөніне жіберудің орнына, оған «сіз техникалық тексеруден өтпепсіз, орталық мәліметтер қорында көлігіңіз туралы мағ­лұмат жоқ» деп тағы тиіседі.
Жүргізуші: «Техникалық тексеру құжаты бір жылға жарамды емес пе? Өткен жылы мамыр айында өткенмін» деп шыр-пыр болады. Алайда олар оның сөзін құлағына да ілместен электронды айыппұл қаулысын толтырады. Жүргізуші оған қол қоюдан бас тартады. Сол кезде аға лейтенанттың бірі «көліктің жүк салғышын ашыңыз» деп бұйырады.
Жүргізуші: «ашамын, тек куә­гердің қатысуымен» дейді. Сақ­шылар жол бойы келе жатқан әр машинаны тоқтатып, «куәгер бол» деп сұрайды. Бірақ мән-жайға қаныққан адамдардың барлығы да кінәсіз жүргізушіге куәгер болудан бас тартады. Ақыр соңында үш бірдей полиция офицері жүргізушінің ереже бұзғанын дәлелдей алмай, салдары суға кетіп, машиналарына отырып, жөндеріне кетеді. Міне, осы көріністің өзі-ақ біздің полицияда қандай адамдардың қызмет істеп жүргенінен айқын хабар бергендей.
«Бұл мәселеге кейінгі кезде Ішкі істер министрлігі дендеп назар аудара бастады. Жол қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа да осы тұрғыда нақты жазылып, оны әр инспектордың күнделікті жұмыс барысында қолдануына мүмкіндіктер жасалып отыр. Дегенмен жол күзеті сақшылары тарапынан кемшіліктер орын алатынын мойындамасқа болмайды» дейді ішкі істер органының ардагері, запастағы полковник Есдәулет Бекмұратов. – Неге де­сеңіз, кейінгі кезде жол полиция­сы қызметіне шала сауатты, өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтын кездейсоқ адамдардың да қабылданып жүргені жасырын емес.
Сондай-ақ, жүргізушілердің де бәрі бірдей өз құқын жақсы біле бермейді. Білмек түгіл, көбі тоқтатқан инспектордың аты-жөнін, қызметтік куәлігін сұрамастан оның қолына көлігінің барлық құжаттарын ұстата салады. Ең алдымен жүргізуші өзін не үшін тоқтатқанын білуі керек. Негізі, жол инспекторы көлік жүргізушіні тек үш жағдайда тоқтатуға құқылы. Біріншісі – жол жүру ережесін бұзса, екіншісі – арнайы рейд кезінде күдік келтірілсе, үшіншісі – жүк тасымалдап келе жатса. Бұдан басқа уақытта Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулығында атап көрсетілгеніндей, полиция қызметкеріне автокөліктерді тоқтатуға, кедергі келтіруге ты­йым салынады».

Мақсат – жазалау ма?

Қоғамдық ортада жол полициясын азаматтардың құқы мен еркін қорғаушы, жол бойындағы көмекшің деген ұғымнан гөрі «жазалаушы», «ақша бопсалаушы» деп түсінетіндердің қатары көбірек екенін айтпасқа болмайды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас» демекші, осындай сөздерге негіз туғызатын да сол кейбір погон таққандардың өздері.
Сейсенхан ақсақал – жетпісті алқымдап қалған кісі. Ескілеу жеңіл автокөлігі бар. Міне, сол адам екі айдан бері бір полиция инспекторымен дауласып жүр. «Өткен жылдың желтоқсан айын­да шаруам болып қалалық әкімдікке келгенмін, көлік қоятын орын таба алмадым. Біреу-міреу орын босатар деп күтіп тұрғанмын, сол маңда жүрген лейтенант шеніндегі бір жас жігіт «аға, мына жерге қойыңыз көлігіңізді» деп өзі орын нұсқады. Асығыстау едім, инспектор айтқан соң көрсеткен жерге көлігімді қоя салдым. Шаруамды бітіріп, жарты сағаттан кейін шықсам, машинамның артқы мемлекеттік нөмірін екінші бір жол полициясы инспекторы шешіп алыпты да, алдыңғы әйнекке «нөміріңізді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан аласыз» деген тілдей қағаз қалдырыпты. Сөйтсем, менің көлігімді қойдырған жер мүге­дектерге арналған орын екен. Алдыңғы жақта жиырма метр жерде тыйым салу белгісі тұр. Оны мен қайдан білейін? Жалма-жан жаңағы инспекторды іздедім. Ол да ізім-қайым. Іздеп жүріп келесі күні әрең таптым. Мен оған «мүгедектердің көлік қоятын орнын нұсқаған сен, маған нөмірімді алып бер» деймін. Ол «жүргізуші – сіз, белгіні өзіңіз көруіңіз керек еді» дейді. Сөйтіп, дау-дамай екі айға созылуда» дейді қария.
«Шұбар» шағын ауданында қала тұрғыны Елемес Өтепов жол-көлік оқиғасына ұрынды. Ол көлігімен келе жатқан жол қиылысында «жол беру» ескерту белгісі қойылмаған болып шықты. Оқиғаны тіркеген жол инспекторы белгі қоймаған жолшыларды емес, жүргізушіні жазалады. Келтіретін уәжі «сіз екінші дәрежелі жолда келе жатқаныңызды білуіңіз керек еді» болды.
«Ау, көкем-ау, жол белгісі қо­йылмаса, мен қайдан білемін қандай дәрежелі жолда келе жатқанымды» деген көлік иесінің жанайқайын сот та елемеді. «Жол инспекторына сенбеуге негіз жоқ» деген шешім шығарды.
Тағы бір көлік жүргізушіні дә­рігерге барып тісін жұлдырып, үйіне қайтып келе жатқанда жол инспекторы тоқтатады. Құжатын тексеру кезінде одан тіс дәрігері қолданған алкоголь тектес сұйық­тықтың иісі сезіліп, «масаң күйде көлік жүргізді» деп қаулы толтырылады. Ал одан кейінгі ол жүргізушінің сенделісін ешкімнің басына бере көрмесін…
Айта берсе, мұндай әділдікті белінен басып, жазықсыз жүр­гізушілерді айдың-күннің аманында әуре-сарсаңға салып қоятын біліксіз жол инс­пек­торларының іс-әрекеттері бір түйеге жүк болардай. Расында, шын сөзге емес, ресми қағазға сенетін мына заманда жол инспекторлары рәсімдеген қаулының күшін жойғызу қиынның қиыны болып жатады.
«Сондықтан жүргізушілер жолда жүру ережесімен қоса, өз құқықтарын да бес саусағындай білетін сауатты болуы қажет. Жол инспекторына құжат сұрағанда, әсіресе, жеке бас куәлігін беруден өте сақ болған жөн. Шындығында, олардың жеке бас куәлігін сұрауға хақы жоқ. Бірақ кейбір «жемсауы бүлкілдеген» инспекторлар көлік иесінің аңғалдығын байқаса, оны да талап етеді. Ал СТН нөмірін білген оған сенің кім екенің айнадағыдай ап-айқын көрініп тұрады» дейді заңгер, қоғам белсендісі Руслан Әбенов. – Егер сіз жол сақшысының тағып отырған айыбымен үзілді-кесілді келіспейтін болсаңыз, ешбір қа­ғазға қол қоймай адвокат талап етіңіз. Бұл сіздің Қазақстанның азаматы ретіндегі құқыңыз. Міне, осындай табандылыққа барсаңыз ғана олардың беті бері қарай бас­тайды».

Өз-өздерін сыйламай…

Күні кеше ғана әлеуметтік желіде Астана қаласында бес полиция қызметкерінің бір-бірімен жұдырықтасып төбелескен бейнеролигі тарады. Онда ап-айқын көрініп тұрғанындай, олардың екеуі жекпе-жекке шығып, бірін-бірі бас-көзге қарамай аяусыз ұрғылап жатқанда, қалған үшеуі қастарында қызықтап қарап тұрды. Ал шындығында, бірі екіншісін жазым қылуы да әбден мүмкін еді. Өйткені көбірек таяқ жеген екіншісі мұрны бұзылып, орнынан тәлтіректеп әрең тұрды. Кейін белгілі бол­ғанындай, бұлардың екеуі жол полициясының қызметкері де, үшеуі учаскелік полиция екен. Әрине, олардың бесеуі де осы бір жат қылықтары үшін органнан қуылып, басшылары да тәртіптік жазаға тартылды. Дегенмен осы бір көрініс біздегі қоғамдық тәртіп сақшыларының шынайы бетперделерін тағы бір айқын ашып көрсетіп тастағандай. Бойларында зәредей де аяушылық сезімі жоқ, өмір сүріп жүрген қоғамын, айналасындағы адамдарды, ең болмағанда өз-өз­дерін сыйламайтын қыз­мет­керлерден қандай қайыр кү­туге болады?! «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, осындайлардың кесірінен халық­тың жалпы полицияға деген сенімі жоғалатыны сөзсіз. Жоғалатыны емес, жоғалып болғандай.
Күйші Дина көшесі мен Тәуел­сіздік даңғылының қиы­лысында түскі үзілістің кезінде жол-көлік оқиғасына тап болдық. Кінәлі екінші көлік иесі өзара келісімнен бас тартты. Жол полициясын шақырдық. Әрі осы жерде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Алапат кептеліс пайда болды. Күткенімізге жарты сағаттан асты, жол инспекторы көрінбейді. «102»-ге тағы қоңырау шалдық. «Күтіңіздер, тапсырыс қабылданды» деді.
Осы кезде жанымыздан өтіп бара жатқан «628» нөмірлі патрульдік машинаны тоқтатып, мән-жайды түсіндіріп едік: «Жоқ, біз басқа жұмыспен бара жатырмыз» деп кетіп қалды. Екінші «467»-нші машинаға да жағдайымызды айтқанмен, қайырылмады. Сөйтіп бір сағат он минуттан кейін Астана қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметіне телефон шалдық. Арада он минут өткен жоқ, Ерлан Оспанов есімді аға лейтенант жетіп келді. «Неге кешіктіңіз?» деген сауалымызға «маған оператор тек бес минут бұрын ғана айтты» деген жауап естідік. Сонда біз бір сағат бойы осыншама көлік тасқынын қаңтарып қойып қандай операторға хабарласқан болып тұрмыз? Сауал көп, жа­уап жоқ…

   P.S     Қазіргі ішкі істер органдары қызметкер­лерінің алдына жаппай жаңашылдыққа ұмтылу, халыққа бұрынғыдан да жақындай түсу міндеті өткір қойылып отырған кезеңде қоғамдық тәртіп сақшыларының да күнделікті жұмыс тәсілдерін түбегейлі өзгертуі маңызды. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деген жат қылықтан бойларын аулақ салып, қай уақытта да адамдармен етене қарым-қатынаста жұмыс істеу, олардың жан-дүниелерін түсіне білу погон таққан қызметкердің басты ұстанымына айналса дейміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды