«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жолақының өзгеруі оң өзгеріс әкелсе…

0 129

Қоғамдық көліктерге енгізілген сараланған тариф 21 шілдеден бастап күшіне енді. Яғни қолма-қол төлегендегі жол жүру ақысы қымбаттады. Бірақ бұл жаңаша өзгеріс жолаушыларға қалай әсер етіп жатыр? Олардың бұған көзқарасы қалай?

Жолақы қымбаттағалы бері қашан көрсеңіз де, «Астана LRT» компания­сы терминалдарының алдында ұзын-сонар кезек. Бұрын аракідік бар болғаны 1-2 кісі ғана тұрса, қазір терминал алдында кезек күтіп тұрғандар саны 10-15 адамнан азай­майды. Олардың кейбірі терминал қызметін бірінші рет пайдаланып тұрғандықтан, соңындағыларды күттіріп қояды. Ал өзінен кейінгіден жәрдем сұрайын десе, ол да білмейтін болып шығады. Содан соңындағылардың бірі көмекке келіп, бір жағы ол кезектен тыс өзінің жұмысын да бітіреді. Автобусқа кірген соң да қолында картасы барлар валидацияның жанына жиылып алып, сырттан кіретіндерге кедергі келтіреді. Ал жол­ақыны қолма-қол төлейтіндердің қабағы қатулы. Билет құнының екі есеге қымбаттағанына әлі де сенгілері келмейтін сияқты. Дегенмен электронды төлем жасайтындар қатары күн санап артып келеді. «Астана LRT» компаниясы мамандарының мәліметінше, жылдың басында көлік карталарын пайдаланушылар жолау­шылардың 5 пайызын ғана құраса, қазір олардың саны 70 пайыздан асқан. Мысалы, екі күннің өзінде 65 мыңға жуық «Astra card» сатылыпты. Бұл көлік картасын тек «Астана LRT» терминалдарынан ғана емес, қаладағы 50-ден аса сауда орталығынан және кондукторлардан да сатып алуға болады.


– Тарифтегі өзгерісті жолаушылардың көпшілігі дұрыс қабылдап жатқан сияқты. Байбалам салғандарды байқамадым. Бірақ үнемі қоғамдық көлікпен жүретіндер электронды төлемге ауысып жатыр. Картаны алғаш сатып алғанда бір рет тегін жүру мүмкіндігі беріледі. Егер терминалдан немесе сауда орындарынан картаны сатып алып, оны толтырып үлгермесеңіз, чекті кондукторға көрсетесіз, – дейді №54 автобусының кондукторы Дана Шаңбаева.
Жалпы, не нәрсенің болсын, қымбаттағанына қолдау көрсететіндердің әсте болмайтыны белгілі. Сол сияқты қолма-қол төлегендегі жолақы билет құнының қымбаттағанына мойын ұсынғанмен, наразылықтарын білдіріп жатқан жолаушылар жоқ емес.
– Мен жолақының қымбаттағанына өз басым қарсымын. 180 теңге деген – өте қымбат. Бағаны тым аспандатып жіберді. Онсыз да автобуспен жү­ретіндердің көбісі айлыққа қарап отырған қарапайым адамдар. Олардың қалтасына бұл баға соққы болып тиіп жатыр. Жолаушылар үшін мұның қаншалықты тиімді екенін түсінбедім. Мүмкін мұның бәрін электронды төлем жасауға көшіруге ыңғайлап жатқан болар. Бірақ Астанаға қысы-жазы алыс-жақыннан қонақтар жиі келеді. Сондайда көлігің болмаса, оларға қаланы аралату үшін автобусқа отырасың. Алайда 1-2 күнге ғана келетін қонақтарға карта сатып алып жатпайсың. 3-4 адамды қыдырту үшін әрқайсысына 180 теңгеден төлеу тиімсіз. Одан да таксиге отыра салған жақсы. Ал жағдайы барлардың бұған мұрты да қисаймайды. Өйткені олар бұрыннан көлікпен жүреді. Қиналатын тек қарапайым азаматтар, – дейді қала тұрғыны Қайрат Құрманғазы.
Естеріңізге салсақ, өткен сенбіден бастап Астана қаласы бойынша жолақы электронды төлем арқылы 90 теңге болса, қолма-қол ақшамен есептесу – 180 теңгеге қымбаттады. Ал экспресс жолаушыларды және жүкті тасымалдау кезінде электрондық жол жүру құжаты арқылы жасалған төлем 180 теңгеге, қолма-қол ақшамен төлегендегі жолақы құны 250 теңгеге өзгерді. Сонымен қатар қала маңына қатынайтын автобустар жолақысы электрондық жол жүру құжаты ар­қы­лы төлем жасағанда 1 шақырымға 8 теңге болса, ақшалай есептескенде шақырымына 11,5 теңге төленеді.
Бұдан былай көлік картасын толтыру үшін «Астана LRT» терминалдарының алдында кезекке тұрудың да қажеті жоқ. Картаңызды кез келген мамандандырылған кассалар мен RTVM автоматтары, QIWI терминалдары және kaspi.kz интернет-банкинг арқылы толтыруға мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ жақында «Астана LRT» компаниясының www.transcard.kz сайты арқылы да картаны онлайн толтыру тәсілі қолжетімді болмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды