«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол жүктемесі жеңілдейді

0 13

Биыл Астанада ұзындығы 21 шақырым болатын 22 көшеге жол салынып, 17,8 шақырымды құрайтын 13 орталық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы 26,92 шақырым болатын 51 көшеге асфальт жабындысы төселген. Ал Ұлы Дала даңғылы бойынша Тұран даңғылынан Ш.Бейсекова көшесіне дейінгі, №29 көшенің Мәңгілік ел даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі, Тәуелсіздік даңғылы бойынша Ұлы Дала даңғылынан № 29 көшеге дейінгі, Е22 көшесі бо­йынша Тұран даңғылынан Е102 көшесіне дейінгі аралықтарда, әскери қалашық аумағындағы көшелерде құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жолдардың құрылысы тек көліктік жүктемені азайту үшін ғана емес, көршілес ғимараттардың инженерлік және көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін де жүзеге асырылуда.
Жалпы, 2007-2018 жылдар аралығында 25,8 шақырым жол, 9 жол айрығы мен бірнеше көпір және жол өтпелері салынған болатын. Сонымен қатар шаһардағы көлік қозғалысын жеңілдету үшін қазіргі уақытта Р.Қошқарбаев даңғылының бойында, Ұлы Дала және Ақжол, Ш.Бейсекова көшелерінен өтетін жалпы ұзындығы 46 шақырым болатын кіші айналма жол салынып жатыр. Ал Қ.Мұхамедханов көшесінің Ш.Айтматов көшесінен Тұран даң­ғылына дейінгі аралығы – 3 шақырым. Бұл 8 жолақты жаңа жол Сығанақ көшесі мен Қорғалжын тасжолындағы көлік ағындарын азайтқан. Мұнымен қоса, А.Байтұрсынов пен Ж.Нәжімеденов көшелерінің салынуы арқылы «Нұрлы жол» теміржол вокзалына кіру жолы қамтамасыз етіліп, соның арқасында ескі вокзалдың аумағындағы жолдардың жүктемесі 70 пайызға төмендеген. Сондай-ақ жаңа тұрғын үй кешендері мен «Нұрлы жол» бекетіне қызмет көрсету үшін осы көшелердің бойымен жүретін 6 қоғамдық көліктің бағдары іске қосылған.
Енді №39 (жобалық атауы) көшеден жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын Есіл өзені мен «Есіл–Нұра» арнасы арқылы өтетін 2 көпірдің Ш.Қалдаяқов көшесіне дейінгі, Ш.Бейсекова көшесі­нің Сығанақ көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі аралықтағы жол учаскелерінің құрылысы 2020 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды