«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол сапасын, тазалық жұмысын сынға алды

0 33

Елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, онда қала тіршілігінің өзекті мәселелері қаралды.

– Қала көшелеріндегі қоқыс мәселесіне ерекше назар аударамыз. Бүгін қала батпаққа батқан. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктері санитарлық тазалау бойын­ша мердігерлік ұйымдармен толық ке­лісім­шарт жасаспаған. Аудан әкімдері 1 наурызда тиісті шараларды аяқтап, кө­шелерді тазалау­ды бастаулары керек еді. Бұл жағдайда не істеуге болады? Не деген салғырттық бұл?! Жұмыстарыңызды қалай жоспарлайсыздар?! – деген қала басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеделдетуді, сондай-ақ қаланы санитарлық тазалау жұмыстарын шұғыл бастауды тапсырды.
Бұдан бөлек, қала әкімі қоқыс шығару жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қоқыс алаңдары мен контейнерлердің жағдайын ерекше бақылауға алуды, оларды тиісті жағдайға келтіруді және қоқысты уақытында шығаруды қамтамасыз етуді тапсырғанын айта келе, басқарма басшысы Мұса Танабаевты сынға алды.
Қала әкімінің айтуынша, көптеген қоқыс контейнері бүлінген. Осыған байланысты әкім өзінің орынбасары Арман Тұрлыбекке қоқыс шығаратын компанияларға нұсқау­лық өткізуді, жауапкершілік шараларын күшейтуді және барлық қоқыс алаңында бейнебақылау камераларын орнатуды жүктеді.
Әкімдіктің алаңдатып отырған мәселенің тағы бірі – қала көшелерін су басуы. Жыл басынан осы мәселе бойынша 2 984 өтініш келіп түсіпті. Сөз арасында ол халыққа есеп беру кездесуінде қаланың бұдан былай су астында қалмайтындығына уәде берілгенін еске салды. Әкім бұл мәселеде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшинге қаратып қаладағы жолдардың, әсіресе, қар ерігеннен кейінгі жағдайының сын көтермейтіндігін айтты және осы бағытта жұмысқа талапты күшейтуді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды