«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол-көлік жүйесі – шаһардың өзегі

0 17

Елорданың бас жоспарына сәйкес 2023 жылға дейін қала құрылысының бес перспективалық аймағы белгіленген. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының жол желісі 1109 көшеден тұрады. Олардың жалпы ұзындығы – 852,8 шақырым. Соның 648,1 шақырымына немесе 76 пайызына асфальт төселген.
Бірақ бұл аймақтарды инженерлік-көлік инфрақұрылымымен қамту жағынан тиісті мерзімнен көп кешігу байқалуда. Бұған қоса, қаладағы жолдарды салу мен жөндеу, инженерлік желілерді тарту жылдамдығы төмен. Мұның басты себебі – бұл жұмыстарға бөлініп жатқан қаржы жетіспей тұр.

ЖОЛДАРДЫҢ 76 ПАЙЫЗЫНА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛГЕН

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осыны мәлімдеген қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Нұрлан Солтамбеков сонымен қатар кейбір көшелерде көлік ағынын азайту бойынша мәселе туындап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Мың­жылдық аллеясы, Тұран даңғылы, Мәңгілік ел даң­ғылы, «Тельман» тұрғын алабы, Ш. Бейсекова көшесінде инженерлік желілер мен жолдарды салуға және өнеркәсіптік аймаққа тиісті желілерді тартуға бюджеттік тапсырыс 405,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде 79,6 млрд теңге ғана игерілді. Бұл жұмыстарды аяқтауға 325 млрд теңгеден астам қаржы керек. Бұған қоса, жылжымайтын мүлік нысандарын мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарып, ескі үйлерді сүруге 63 млрд теңге қажет.
Жалпы осы жылы жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 37 млрд теңге бөлінді. Соның негізгісі рес­публикалық бюджеттен – 28 млрд теңге аударылды. Жыл сайын жолдардың күтіміне 15 млрд теңге қажет. Бұл қаржыға жолдарды орташа және ағымдағы жөндеу, көпірлер, турникеттер сияқ­ты көлік инфрақұрылымы нысандарын ретке келтіру кіреді.

БӨЛІНІП ЖАТҚАН ҚАРЖЫ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР

«Бүгінгі күнге дейін 13 шақырымды құрайтын 10 орталық көше ғана жөнделді. «Агрогородок», «Көктал», «Промышленный» тұрғын алаптары мен қаланың оңтүстік-шығыс аймағында жалпы ұзындығы 6,8 шақырымға созылатын 14 көшеге асфальт салынды. Бұған қоса, мектептер мен балабақшаларға апаратын 4 көшенің 2 шақырымына асфальт төселді. Бөлініп жатқан қаржы жетпей жатыр. Көшелердегі жол желісінің жағдайы сын көтермейді. Ішкі орамдық жолдар орташа жөндеусіз қалды. Бұл жолдарды аудан әкімдіктеріне беру, яғни солардың бюджеті есебінен жолдарды жөндеу үшін қаланы абаттандыру ережесіне өзгеріс енгізуді ұсындық» деген Н. Солтамбеков тұрғын алаптарды дамытудың 2022 жылға дейін кешенді жоспары әзірленгенін айтып, бұл жұмыс қалай жүргізілетінін түсіндірді.

ЖЕТІ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Шет аймақтарда 21 млрд теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілмек. Соның ішінде жолдарды орташа жөндеу 7 млрд теңгеге жасалмақ. Биыл жеті жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын 57 көше. Оған 6 млрд теңге бөлінді. Осы қаржының  500 миллионы Шет аймақ­тарды дамыту бағдарламасы бойынша аударылды. Бұл қаржыға «Көктал-2» тұрғын алабында және Н. Тілендиев даңғылынан оңтүстікке  қарай инженерлік желілер мен жолдарды салу жоспарланды. Сонымен қатар «Интернациональный» және «Мичурино» тұрғын алаптарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құбырдың жалпы ұзындығы – 11 шақырым.
«Интернациональный», «Көктал-1» тұрғын алаптары мен оңтүстік-шығыс аймағындағы жобаларға түзету енгізіліп жатыр. Сараптамалық оң шешімді 2020 жылдың 1 наурызына дейін аламыз деп жоспарлап отырмыз. Тиісті жұмыстарды Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында келесі көктемнен бастамақпыз» дейді Н. Солтамбеков.

ЖАҢАЖОЛ КӨШЕСІНІҢ «ЖЫРЫ»

Қалалық мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов Жаңажол көшесін кеңейту мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүр. Отырыста бұл мәселені қайта жаңғырт­­­­қан ол жалпы алғанда «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарындағы жолдардың көбісі жөндеуді қажет ететінін, ал осы күндерге дейін жөнделгенінің сапасы сын көтермейтінін айтты. «Жаңажол көшесін кеңейту мәселені шешпейді. Оның себебі, Үшқоңыр көшесінен бастап, Ақжол көшесіне дейінгі жол бөлігін ашу керек. Сонда Жаңажол көшесінің жолы қосымша ретінде пайдаланылады. Онымен тұрғын алаптар тұрғындары ғана жүреді. Ал транзиттік көліктер Ақжол көшесімен қатынайды» деп жауап берді бұған Н. Солтамбеков.
Оның уәжіне келіспеген депутат «Ақжол көшесін алты жолақты етіп жасадыңыз­дар. Бірақ сол­ға бұрылысты жасаған жоқ­сыз­дар. Жолды темір жол­дың бойымен ашайын деп отырсыздар. Бұл жоспарыңыз іске аспайды. Себебі бұған қыруар қаржы қажет. Оған қарағанда, Жаңажол көшесін кеңейткен көп жеңіл. Өзі қаржылық есептеу жасадыңыздар ма? Мұнымен ешкім айналыспайтын сияқ­ты ғой» деді. Сондай-ақ ­­­К. ­Кемеңгерұлы көшесінің жолы 10 сантиметрге төмен жасалғанын, соның салдарынан жаңбыр суы сол жерде тұрып қалатынын айтты.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы осыған «Агрогородок»,
«Өндіріс» сияқты тұрғын алаптарды болашақта өнеркәсіптік аймаққа айналдыру жоспарланып отырғанын, сондықтан «қызыл сызық­тарға» сәйкес келетін аумақ­тарға орташа жөндеу жұ­мыстары еш жобалаусыз жаса­латынын жеткізді.
Отырысқа төрағалық еткен Сәрсенбек Жүнісов Шет аймақтарды дамыту бағдарламасына 147 млрд теңге бөлінгенін, бюджетті нақтылау кезінде мәселені тиянақтау керектігін айтты. Мәслихат депутаты Мәжит Шайдаров Ы. Дүкенұлы көшесінде тротуар салынса да, жол асфальтталмағанын жеткізіп, осы мәселеге назар аударды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды