«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол-көлік жағдайын жақсартуға тұрғындар да тартылады

0 19

Жол-көлік кептелісі мен оқиғаларының себептері, жол қозғалысын талдау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар Нұр-Сұлтан әкімдігінде талқыланды.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиналыста жолдарда жарақат алу мен өлімді азайту мақсатында қозғалыс­ты басқару деңгейін көтеру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсыр­ғаны болатын. Кешегі талқылау барысында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Саденов жол-көлік оқиғаларын азайту үшін, ең алдымен, білім беру нысандары маңында жол белгілері, ақпараттық тақталар, жасанды соққылар және жаяу жүргіншілерге тосқауылдар қойылғанын атап өтті. Мәселен, сары және жасыл сигналдардың жыпылықтайтын уақытын 3-тен 5 секундқа дейін арттыру апаттарды 16 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Полиция басшысы сонымен қатар жолдарда шуыл жолақтарды және боллардтарды (көліктердің аумаққа кіруіне кедергі келтіретін арнайы жабдықтар) орнату, жолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдықты шектеу және бағдаршамға жақындағанда тротуарларды абаттандыру идеяларын ұсынды. Одан бөлек, ол велосипед өткелдеріне және кері қозғалысқа тоқтады. «Кері қозға­лыс­тың арқасында көлік нөпірі көбейген көшелерді жеңілдетуге болады. Мысалы, егер таңертең көліктің негізгі ағыны бір бағытта, ал кешке басқа бағытта қозғалатын болса, онда, әдетте, қарама-қарсы жолақтар бос болады. Оларды қажетті бағытты дұрыс таңдап қолдануға болады» деді Е.Саденов. «Көркем Телеком» ЖШС-тің жоба басшысы Қайрат Ахметовтің айтуынша, өзекті мәселелердің бірі – шетелдік нөмірі бар автокөлік иелерін сәйкестендіру. Жол ережесін бұзушылар жалпы сомасы 800 миллион теңгеден асатын 60 мың заң бұзушылық жасаған. 10 жүргізуші жасаған 214 жол қозғалысы оқиғасының 51 пайызы бір құқық бұзушыға тиесілі болған. Қала әкімі Алтай Көлгінов «жол ережелерін бұзуды жазасыз қалдыруға болмайды, өйткені жауапқа тартылмау қатерлі жағдайларға әкелуі мүмкін» деп ескерту жасады.
Қала көшелеріндегі қауіпті учаскелерде 13 бағдаршам, 10 жаяу жүргінші орнатылды, бағдаршам тіректері жарықтандырылды. «Алдын алу шаралары нәтиже береді. Бұл бірден көрінеді. Сонымен қатар азаматтардың өздерінің жол жүру мәдениеті болу керек. Маңыз­дылықты түсінуі керек. Азаматтардың қауіпсіздігі – біз үшін басты басымдық. Барлық бағытта жұмысты күшейту керек. Алда аязды-боранды күндер, автобустар арасындағы жүру уақыты ұзақ болмауы керек, барлық жылы аялдамалар жұмыс істеуі керек, көше жарығы мен белгілері жоқ жерлерде қысқа мерзімде орнату керек» деді А.Көлгінов. Қала әкімі жол қауіпсіздігі бойынша жобаларды іске асырар алдында қала тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс­тары мен сұраныстарын тыңдап, жоспарлап, іске асыру керектігін де баса атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды