«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жол-көлік оқиғасынан жапа шеккендер көп

0 24

Елордада қала әкімінің орынбасары, «Астана – адалдық алаңы» жобасының кураторы Бақтияр Мәкеннің жетекшілігімен «Жол үстіндегі қауіпсіздіктің кешенді мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Дөңгелек үстелдің басында жолдың қауіпсіздігі мен жол сапасын жақсарту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жаяу жүргіншілер өткелдерінің қолайлы тұстардан салу, т.б. мәселелер қарастырылды.
– 2019 жылы жол қауіпсіздігін сақтау мұның алдындағы жылдармен салыстырғанда жақсарып келеді, бірақ оның деңгейі әлі де болса көңіл көншітпейді. Сондықтан осы бағыттағы алдын алу жұмыстарын күшейте беруге міндеттіміз, – деді Бақтияр Мәкен.
Қалай болғанда да жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары өткір проблемаға айналып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 2216 адам зардап шеккен, мұның 426-сы – жасөспірім балалар. 12 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың көбеюіне байланысты жұртшылықтың арыз-шағымдары да көбейген. Мәселен, жыл басынан IKOMEK-ке жол-көлік инфрақұрылымына қатысты 19 552 өтінім-арыз келіп түскен. Оның ішінде көшені жарықтандыру, бағдаршам, белгілер орнату, бейнебақылау қызметтерін ұйымдастыру сияқты сұрақтар көтерілген.
IKOMEK109 орталығының директоры Жаннат Дүбірова жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын бірқатар бағдарларды атап өтті. Олар: 303 автобус бағдары – 5 оқиға, № 50, 15 – автобус бағдарлары – 5 оқиға, № 9, 8 автобус бағдарлары – 4 оқиға.
Қазіргі күні қала бойынша 7 мыңнан астам бейнекамералар көлік қозғалысын бақылап отырады. Бейнебақылаудың арқасында көптеген жолда жүру ережесін бұзушылықтары ашылды. Жергілікті билік өкілдері келесі жылы бейне камералардың санын арттыратынын жеткізді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды