«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жоғары оқу орнына грантпен түсу үшін не істеу керек?

Керек кеңес

0 101

Білім беру гранттарының конкурсына Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы белгілі болған соң қатысуға болады, ал ол үшін талапкер міндетті түрде маусым айындағы ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған түлек жоғары оқу орнында мемлекеттік бюджет тарапынан тегін оқу мүмкіндігіне ие бола алады.

Қатысу шарттары қандай?

ҰБТ балы бойынша білім беру гранттарының конкурсына қатысу үшін:

  • Төменгі шектік балл төрт пән бойынша – 100-ден 50 балл;
  • Талапкер бейіндік пән бойынша кемінде – 7 балл (шығармашылық емтиханнан кемінде 10), ал басқа пәндерден кемінде 5 балл жинауы керек;
  • Орыс тілінде оқытатын мектептер үшін қазақ тілінің, ал қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін орыс тілінің нәтижелері ЖОО-ға түсуге еш әсер етпейді;
  • Білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі конкурста ҰБТ-дағы төрт пәннің – математика, ана тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы және таңдау пәні нәтижелері ескеріледі.

Егер талапкер пәндердің бірінен 5-тен төмен балл жинаған жағдайда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына да қатыстырылмайды, ақылы оқуға да жіберілмейді.

Шектік балл қанша?

ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 13 маусымдағы қаулысына сәйкес, білім беру гранттарын тағайындау конкурсының ережелері бойынша мынадай шектік балдар бар:

  • Ұлттық статусына ие ЖОО-ға түсу үшін – кемінде 65 балл;
  • «Білім», «Ауылшаруашылық ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына түсу үшін – кемінде 60 балл;
  • «Жалпы медицина» мамандығына түсу үшін – кемінде 65 балл;
  • Басқа ЖОО-ға түсу үшін – кемінде 50 балл.

Керекті құжаттар тізімі

Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар керек:

  • Арнайы бланкіге жазылған өтініш;
  • Орта білім туралы құжаттың түпнұсқасы (аттестат қосымшасымен бірге);
  • ҰБТ немесе ТКТ (Талапкерлерді кешенді тестілеу) нәтижесінің сертификаты;
  • 3х4 форматтағы 6 фотосурет;
  • Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • 086-у формасындағы медициналық анықтама;
  • Екпелер картасының көшірмесі (күндізгі оқу түрі үшін);
  • Жеңілдікті растайтын құжаттардың нотариуспен куәландырылған көшірмесі (жетім және мүгедек азаматтар үшін);
  • Тіркеу куәлігінің көшірмесі (күндізгі оқу түрі үшін).

Қандай талапкерлер жеңілдікке ие?

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер білім гранттарын тағайындау конкурсында жеңілдікке ие.

Жетім балалар туу туралы куәліктің, жеке басты куәландыратын құжаттың, анасының және/немесе әкесінің өлімі туралы куәліктің көшірмелері мен қамқорлыққа алу туралы шешімнің үзінді көшірмесін өткізеді.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туу туралы куәліктің, жеке басты куәландыратын құжаттың, ата-анасының бірінің өлімін растайтын куәліктің көшірмелері мен сот шешімінің үзінді көшірмесін (егер ата-анасының бірі ата-аналық құқықтан айырылған болса) және қамқорлыққа алу туралы шешімнің үзінді көшірмесін өткізеді.

І және ІІ топтағы мүгедектер мен туабітті мүгедектігі бар азаматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мүгедектігі туралы анықтама және таңдалған мамандыққа жарамдылығы жөнінде медициналық анықтама өткізеді.

Құжаттарды қайда тапсыру қажет?

Білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатысу үшін өтініштерді жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссияларына тапсыру керек.

Гранттар конкурсы 2019 жылғы 27 шілде мен 5 тамыз аралығында жүргізіледі.

Ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы ұсынды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды