«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жиырмадағы қаланың 20 қыры

0 69

Орталық саябақтағы амфитеатрда «Астананың 20 қыры» атты мультижанрлық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Бұл байқау елорда тарихында қалың қауымды жинаған алғашқы сайыс болды. Оған үш мыңнан астам адам қатысуға ниет танытқан. Соншама адам құштар болған бұл не жарыс деп отырған шығарсыз. Айталық. Мұнда ел тұрғындары елордаға деген махаббатын сазды әуен, бейнеролик, фотосурет, өлең және көркем жазылған әңгіме арқылы жіберуге мүмкіндік жасалған. Мысалы, «Фокустағы Астана» аталымында 200-ден астам фотограф бас шаһардың индустриалды аймағында орналасқан іргелі зауыттарды, «Астана Опера», Есіл өзенінің жағалауын, саябақтар мен де­м­алыс орындарын, яғни жаңа вокзал, әуежай және тағы басқа көздің жауын алар ғимараттарды суретке түсірген еңбектерін жіберген.
Сонымен, марапаттау рәсімінде жүлдегерлердің есімдері жұртшылыққа жария етілді. Мәселен, «Астанамен үздік селфи» номинациясында Алтын­шаш Мұқатаева, Батырлан Төлегенов, Анар Садыровалардың асығы алшысынан түсті. «Астанаға арнау» аталымында Бақтияр Есентаевтың жалауы желбіреді. «Астана бояулары» номинациясында «Бәйтерек» монументін түрлі түсті графикада бейнелеген Дарья Ярославцева жеңімпаз атанды. «Астанаға үздік сый» аталымында шебер Зухра Таңатарованың еңбегі жоғары бағаланды. «Тәтті Астана» аталымында бірінші орынды ең дәмді бауырсақ пісіргені үшін Ақмарал Келдібекова иеленді. «Астананы жақсарта түс» номинациясында 8 жасар Асхат Самир озып шықты. Жас жеткіншек бас шаһардың 20 жылдығына 20 идея ұсынған. «Фокустағы Астана» конкурсында Бауыржан Өтеу­лин, Ұлжан Ибраева, Батыр­лан Төлегенов, Гүлнәр Аден, Батыр Тұяқов, Алексей Орлов, Зарина Нұрханова, Сәния Айтжанова, Радмила Равская секілді фотографтардың бағы жанды. Басқа да сайыскерлерге ынталандыру сыйлықтары берілді. Кейбір аталымдар бойынша жұмыстарды қабылдау мерзімі 31 шілдеге дейін созылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды