Жігерлі жігіттер мен сымбатты сұлулар ұстаханасы

Қаламыздағы шешен-ингуш халқының беткеұстар өнерпаздар ұжымы – «Вайнах» ансамблінің құрылғанына келесі жылы 25 жыл толады. Оның негізін белгілі хореограф Халиль Кондратьев қалаған болатын. Өз ісіне берілген жан өмірден бақиға аттанғаннан кейін 2012-2013 жылдары ансамбльдің аты көп естілмей қалды. Сабақты ине сәтімен. Халиль ағасының ісін «Вайнах» орталығындағы жексенбілік мектепке баласын ертіп әкеліп жүрген Ханифа Мұратқызы жалғастырды. Қазір ансамбль тек қала, республика аясында ғана өнер көрсетіп қоймай, халықаралық байқауларға да қатысып тұрады.

Мәскеу мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы «Московская» бизнес орталығының екінші қабатына көтеріліп келеміз. Барабан дауысына қиқу қосқан бала дауыс­тар барған сайын үдеп, жүректі лүпілдетіп барады…. Би сабағы болып жатқан бөлменің есігінен сәл ашып, сығалап қарадық. Кавказ ұлтының балалары арасында аяқ-қолын сермеп, бекзат биді өзіміздің қарадомалақтар да үйреніп жүр екен.
– Бұл жерге ата-аналар балаларын естияр жігіт болсын деп алып келеді, – дейді Ханифа Мұратқызы, – Небір еркешолжаң балалар «Вайнах» ансамбліне келген алғашқы жыл ішінде сымдай тартылған сымбатты жігіт боп шыға келеді. Бірде қызық болды. Сахнада ансамбльдің ересектер тобы билеп жатқан. Бір кезде бидің әбден шырқау шегіне келген кезде жеткіншектер орындарынан тік көтеріліп, шапалақ ұрды. Жұрт назары бірден ауып, балалардың қылығына тәнті болды.
Ханифа Мациева «Вайнах» ансамбліне кездейсоқ, ойламаған жерден тап болыпты. Мамандығы – физика-математика пәнінің мұғалімі. Бұрынғы Целиноград педагогикалық институтын бітіріп, мектепте ұзақ жыл бойы мұғалім, меңгеруші боп жұмыс жасады. Екі баласы туған тілін үйренсін деген ниетпен «Вайнах» орталығының жексенбілік мектебіне әкеліп жүрген еді. Сосын қызы мен баласын қызықтыру үшін Ханифа Мациева өзі де орталықтың ұйымдастыру шараларына қызу араласып кетті. Сөйтіп, ансамбль жетекшісіз қалған кезде «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Салман Героев Ханифаға қолқа салады.
Ханифа Мациева іске кіріскен сәт ансамбльдің тарауға шақ қалған кезі еді. Ол келгенде бір гармоншыдан басқа ешкім болмапты. Салман Сайдарович сенім артқан соң дереу ұйымдастырып, бас-аяғы бір-екі айдың ішінде вокалисті, хореографы бар, 80-ге жуық баланы тәрбиесіне алған толыққанды ансамбль жасап шығарады. Айта кетерлік жағдай, ансамбльдің көркемдік жетекшісі мен тәлімгерлеріне Астана қалалық Ассамблеясы М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы есебінен жалақы төлеп тұрады. Ал басқа шығынын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі кәсіпкер Башир Солсанов көтереді. Қазір «Вайнах» ән-күй, би ансамблінде 100-ге жуық тәлімгер бар. Алты мен тоғыз жас арасындағы балалар билейтін «Берзлой» тобы шешен-ингуш тілінен аударғанда «қасқыр» деген мағына береді. «Бала күнінен жігерлі болып өссін деп әдейі осындай ат қойдық» дейді Ханифа Мұратқызы.
Ансамбльде тек биге ғана емес, баянда, барабанда ойнауға үйретеді. Жақында чандин пандур ұлттық аспабын меңгеруді де қолға алды. Осы уақытқа дейін ансамбль біршама ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті. Олардың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ханифа Мациеваға жарияланған алғыс хаттар бірден көзге түседі. Сондай-ақ, былтыр ансамбльдің ересектер және балалар тобы Ресей, Болгария, Қазақстаннан 30-ға жуық өнер ұжымдары қатысқан «Розы Казахстана» халықаралық дәстүрлі фестивалінде топ жарып, бірінші орынға ие болды. Келесі жылы ұжым Болгарияда, Ресейде өтетін фестивальдерге шақырту алды.
Ханифа Мациева – Ақмоланың тумасы. Әкесі Саймұрат 40-жылдардағы депортацияда Ақмола облысының Астрахан ауданының Лозовое ауылына келіп қоныстанды. Өмір бойы совхозда еңбектенді. Тыл еңбеккері.
«Шынтуайтын айтсақ, бұрын түбі тарихи отанымызға оралатын шығармыз деген ойда жүрдік. Әкеміз қартайып, зейнет­ке шыққанда бірер айға Кавказға барып келді. Сол жақтағы туысқандарымыз қайта-қайта шақырып жүрген. Келген соң не айтады екен деп күтіп жүрміз. Біз отбасында алты қызбыз. Бір күні әкеміз іштен тынып жүрді де: «Қыздарым, біздер осы жерде өсіп-өндік. Ешқайда кетпейміз» деп кесімді ойын айтты. Содан бері, бұл тақырып көтерілген емес. Біздің Отанымыз – Қазақстан» дейді Ханифа Мұратқызы.
Тарихи отанына ешқашан барып көрмеген Ханифа Мұратқызының арманы – өзі тәрбиелеген «Вайнах» ансамблінің ұжымын Шешен Ресубликасында жыл сайын өтетін Махмут Эсамбаев атындағы жұптасып билеуден халықаралық байқауға қатыстырып, жүлделі орын алып қайту.
Өйткені соңғы жылдары «Вайнах» ансамблі шеберлік тұрғысына едәуір өсті. Ханифа Мұратқызы кавказ биінің сәні мен салтанатын көздің қарашығындай сақтағысы келеді. Түпнүсқада, баян, пандурмен сүйемелденетін ұлттық әуендерді, би қимылдарын тауып алып, оны өскелең ұрпаққа үйретуден жалықпайды. «Білесіз бе, бізді байқауларға, жиын-тойға көп шақырады. Бірақ солардың көбі кавказ биі дегенді дуылдатып, тасыр-тұсыр билеу деп түсінеді. Жоқ олай емес, бұл той-томалаққа, корпоративке арналған тым әсереленген түрлері. Мұндай трюктер бұрын бізде болмаған. Сондықтан көбіне қатысуға бас тартамыз. Ал, шын мәнінде лезгинка биі өте ұстамды, әдемі би. Әсіресе, қыздардың биі өте қиын. Басқа халықтардың биінде аяқ-қол еркін қимылдайды. Ал кавказ қыздарында бидің мағынасын тек қол-аяқтың ұшымен ғана қимылдатып жеткізу қажет. Жігіттеріміз де солай. Бір қимылды үйрену үшін олар таңертеңнен кешке дейін спорттық жаттығулар жасайды » дейді өз ісіне берілген көркемдік жетекші.
«Кур холқвол». Бұл кавказ халықтарының тілінде шамамен «еңсеңді тіктеп биле» деген мағына береді деп түсіндірді Ханифа Мұратқызы. Ендеше жігерлі жігіттер, сымбатты сұлулар тәрбиелеп жатқан «Вайнах» ансамбліне біз де сәттілік тіледік.

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған