«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жібек жолы – әлемнің жүйке тамыры

Оқиғаға орайлас ой

0 94

Үстіміздегі жылғы 2-3 шілде күндері елордада Ұлы Жібек жолы елдері қалалары басшыларының «Global silk Road» форумы өтеді. Оған 60 мемлекеттен 70 қалабасы, 30 саяси лидерлер, әлемнің 200 ірі сауда-өнеркәсіп палатасы мен трансұлттық компанияларының өкілдері, 150-ден аса шетелдік спикерлер мен модераторлар қатысады.

Әлемде Ұлы Жібек жолы, оның тарихтағы орны туралы осы кезге дейін жазылған еңбектерде есеп жоқ. Жақында сондай түбегейлі зерттеудің бірі – ағылшын тарихшысы Питер Франкопанның «Жібек жолы: маталар, құлдар, идеялар мен діндер жолы» деп аталатын еңбегі орыс тілінде жарық көрді. Оның ағылшын тіліндегі түпнұсқасы 2015 жылы ғана оқырман назарына ұсынылған екен. Бұл еңбек «The New York Times» басылымының болжамы бойынша бестселлер деп танылған. Кітапта біздің бұрын мектепте оқып келген тарихымызға мүлде басқа қырынан баға беріледі. Ең бастысы, автор мұнда бұдан жүздеген жылдар бұрын әлемнің интеллектуалды орталығы Еуропада емес, Азияда болғанын жан-жақты дәлелдеп, баяндап береді.
Біз бүгін ағылшын оқымыстысының аталмыш кітабына жазған алғысөзін ықшамдап аударып, жариялап отырмыз.

Менің он төртке толған кезімде ата-анам маған антрополог Эрик Вульфтің кейін өзімнің өмірлік жолыма бастайтын жарық жұлдызым болатын кітабын тарту етті. Қоғам марғау қабылдаған тарих деп жазады онда Вульф, Ежелгі Грекияның Римді туғызғанын, христиандық Еуропаны туғызғанын, христиан­дық Еуропаның Қайта өрлеудің басы болғанын, Қайта өрлеудің өз кезегінде демократия мен индустриялық төңкеріске алып баратын Ағартушылықты әкел­генін айтады. Демократиямен әдіптелген өнеркәсіп өмір сүруге, бостандық пен бақытты болуға ұмтылуға құ­қық беретін Америка Құрама Штаттарын туғызды. Мен саясаткерлер ызыңы, Батыстың мәдени және моральдық тұғыры айтып беретін бұл тарихты бірден біліп алдым. Бірақ кейін осы біліміне сызат түсті. Жеңімпаз саналғандар көз­қара­сымен жасалған тарихқа қайта қараудың баламалы тәсіл­дері пайда болды.
Мен соның ықпалында кеттім. Себебі бізге бұрын айтылмай келген аймақтардың Еуропа гүлденуіне серпін бергені ай­дан ақиқат болып шықты. Сон­дықтан мен Англия мен басқа да Батыс елдерінің бұған мүлдем қатыстары жоқ екеніне әкемнің көзін жеткізіп, оны өзімді Иеруса­лимнің орталығында тұрған әлемнің Херефорд картасына бір қарап шығуға апарып қайтуға көндірдім. Араб географтарының графикасымен суреттелген картада Каспий теңізінің әлем ортасында тұрғаны көрсетілгенін көргенде, мен не болғанымды білмедім. Мен Орта ғасырдағы түрік карталарынан Ыстанбұлды іздеп отырғанда да осындай кепті бастан кештім. Бұл карталардың қақ ортасында өзім бұрын ешқашан естімеген, тіпті басқа ешқандай картада көрсетілмеген Баласағұн деген қала тұр еді. Бұған дейін тұрған орны белгісіз болып келген қала. Дегенмен де бұл шаһар әлемнің орталығы саналыпты.
Менің Ресей мен Орталық Азия туралы, Персия мен Месопотамия туралы көбірек білгім келді. Менің Азиядағы христиандық негіздері, азиялықтар көзқарасы тұрғысындағы Крест жорығы және оларды Орта ғасырлардағы Константинополь, Бағдад және Каир секілді ұлы қалалар тұр­ғындарының қалай қабылда­ғандары туралы да білгім келді. Мен империялы Шығыс туралы, моңғолдар мен олардың басып алған жерлері туралы көбірек білгім келді; мен екі әлемдік со­ғысты Фландрия немесе Шығыс майданы көзқарасы тұрғысынан емес, ауғандар немесе үнділіктер көзқарасы бойынша түсінгім келді.
Қазір Қытайдың молшылық заттарына деген сұранысты төрт есе арттырған экономикалық ықпалы өсуіне немесе Үндістанның іс жүзінде жұрттың бәрінің қолында ұялы телефон болуын қамтамасыз еткен, бірақ қазіргі заманғы унитаздарды кез келген адам ала алмайтын етіп қойған әлеуметтік өзгерістеріне көп назар аударылып жатыр. Бірақ біздің әлеміміздің кешегісі мен бүгінгісін тиянақтап зерттеп шығуға бағытталған бірде-бір қадам жоқ. Еуропа мен Тынық мұхитты жалғайтын Шығыс пен Батыстың арасындағы территория мыңдаған жылдар бойы біздің шыр айналып тұрған әлеміміздің ортасындағы діңгегі болды.

Жерорта теңізі мен Қара теңіздің шығыс жағалауларынан Гималай тауларына дейінгі аралықты алып жатқан Шығыс пен Батыстың арасындағы бұл орын әлемді зерттеу тұрғысында оншалықты қолайлы көріне бермеуі мүмкін. Қазір бұл аумақта экзотика мен… периферия туралы ойларға жетелейтін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан, Тәжікстан және Кавказ елдері тұр. Бұл аймақ тұрақсыз, бейбіт өмір сүруге қауіп төндіретін өңір саналады. Оған Ауғанстан, Иран, Ирак және Сирия секілді елдер де жатады. Мұнда алдыңғы қатарлы демократия тәжірибесінен қалып қойған Ресей және Әзербайжан елдері де бар.

Аталған елдер біз үшін жабайы кө­рінгенімен, олар меңіреу қиян­дағы, қараңғы түкпірдегі ұмыт қалған жерлер емес. Бұл – өр­кениет бүршік жарған Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір. Әлемдегі негізгі оқиғалардан қа­лыс қалған бұл жер, сонымен бірге, оның бастапқы кезіндегідей қазір де орталығында жатыр. Олар өркениет пайда болған кезде де бар еді…
Тап осы жерде 5000 жыл бұрын ұлы мегаполистер негіз қалады, тап осы жерде, Инд өзені жазығында Көне әлемнің ғаламаттары – Хараппа, Мохенджо-Даро қалалары пайда болды. Олардың тұрғындары ондаған мың адамнан асты, олардың көшелері арасын Еуропада бұдан мың жыл кейін пайда болатын күрделі канализация жүйесі қосып жатты. Өркениеттің басқа аса ұлы орталықтары – Месопотамиядағы Вавилон, Ниневия, Урук пен Аккад өздерінің сәулет өнеріндегі инновациялық жаңалықтарымен даңқтарын асырды. Бұдан екі мың жылдан астам уақыт алдын өмір сүрген қытай географы Оксус (қазір бұл Солтүстік Ауғанстанда) өзені бойындағы Бактрия тұрғындары алдарына жан салмас бітімгер және саудагер болғанын атап көрсеткен. Олардың астаналарында дүниенің әр қиырынан келген алуан түрлі тауарлар табылатын базар орна­ласқан.
Тап осында дін де бүршік жарған. Бұл иудаизм, христиан, ислам, буддизм және индуизм шын мәнінде «бір-бірлерімен бүйір түйістірген» жердің өзі болған. Бұл әртүрлі тілдер топтары – үндіеуропалық, семит және син-тибет тілдерінің быламық асы дайындалатын қазан болды. Бұл – тұтас импе­риялар құрылып, күйреуге ұшы­раған, түрлі мәдениеттер мен қар­сыластар қақтығыстары мың мильге дейінгі жердің халықтары тағдырларына әсер еткен орын. Осыдан келіп өткенді зерттеудің жаңа тәсілдері ашылады, бұдан әлемнің барлық өзара қарым-қатынасы ашыла түседі. Бір құрлықтағы оқиғалар екіншісіне терең әсер етеді. Орталық Азияда болған оқиғалардың әсерлері Солтүстік Африкадан көрінуі мүмкін, Бағдадта болған жайлар Скандинавиядан шаң береді, ал екі Америкадағы жаңалықтар Қытайдағы тауарлар бағасына ықпал жасап, Үндістанның солтүстігіндегі аттар сұранысын көтеріп жібереді.
Сілкіністер тауарлар өндіріп, сататын және сатып алатын идеялар алмасып, оларды қабылдайтын және тіпті жақсарта түсетін саяхат шегуші пилигримдер мен жауынгерлер, көшпелілер мен көпестер арқылы тармақталған жүйелер бойынша тарап жатты. Алайда бұл жүйелер тек гүлденуге жеткізген жоқ, сонымен бірге олар өздерімен бірге өлім мен қатыгездік, аурулар мен апаттар апарды. Он тоғызыншы ғасырдың соңында неміс геологы Фердинанд фон Рихтгофен (Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезіндегі әйгілі «Қызыл барон» майталманының ағасы) бұл кең ауқымды жүйеге кейін біздің дәуірімізге дейін жететін Seidenstraben – «Жібек жолы» деген атау берді.
Бұл жолдар әлемнің басты жүйке жүйесі болып табылады. Ол халықтар мен елдердің араларын жалғастырады. Жүздеген жылдар бұрын әлемнің интеллектуалды орталықтары, сол кезеңнің «Оксфорд», «Кембридж», «Гарвард» және «Йелдері» Еуропа мен Батыста емес, Бағдат пен Балхта, Бұқара мен Самарқандта болды. Өкінішке қарай, Еуропаның дамып, еңсе тіктеуі тек билік үшін ғана емес, өткенге бақылау жасау тұрғысында да кескілескен, бітіспес күреске айналды…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды