«Жезкиік» ақынның жолдары: Кәкімбек Салықовтың туғанына 85 жыл

22 қаңтар күні «Жезкиік» ақын атанып кеткен мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 85 жыл толады. Осыған орай «Бір ауыз сөздің» авторы туралы бір ауыз сөз жазуды парызымыз деп санадық. 

img_9228

КІСІЛІК келбеті
Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласында кен қазып, кейіннен басшылық қызметтерді атқарды. Өмірінің тұп-тура жиырма жылын жез далада өткізді. Сондықтан сол өңірдің жұрты ақынды ерекше қадірлейді. Тіпті, ақын мысты аймақтың тумасы деп ойлайтындар әлі күнге дейін кездеседі.
«Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?» деп өзі жырламақшы, идеал тұтқан Қаныш Сәтбаевтың сүрлеуімен солтүстіктен шығып, еліміздің орталығында абырой биігіне көтерілді. Алайда қандай қызметте жүрсе де, кісілігінен айныған жоқ. Оны қасында біраз жыл жүрген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов айтады.
– Жезқазғандағы қызметін айтпағанда, Өзбекстан компартиясы Қарақалпақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы болды. Бұл – екінің бірінің қолына тапсырыла бермейтін қызметтер. Соңғы аталған қызметті Мәскеу қала­сында отырып атқарды. Қызметтен кеткен адамның артынан түрлі сөз еретіні бар. Ал Кәкімбек аға туралы ондай сөз естімедім. Ақынның өзі де жоғары қызмет атқарғандар жөнінде пенделік әңгімелерді айту дегеннен бойын аулақ ұстайтын. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзімен соңына ерген бізге үлгі бола білді, – дейді әнші.
Ал Кәкімбек Салықовтың ақындық пен композиторлық қыры бөлек әңгімені қажет етеді. Оның өлеңдеріне Базарбай Жұманиязов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Жағыпар Әлімханов, жалпы алғанда, алпыстан астам композитор бес жүзден астам ән жазыпты. Жанынан шығарған өз әндері де көп. Солардың қатарында «Жезкиік», «Бір ауыз сөз», «Бір тамаша ән үшін», «Аққу жеткен», «Жылжиды аққу» әндері кең тарап кетті.
– Кәкімбек ағаның әндерінің 90 па­йызын білемін десем, артық айтқандық емес. Ол кісінің жарыққа шықпаған әлі де біраз әндері бар. Бұйыртқан күні оларды да ел назарына шығарамыз, – дейді Серік Оспанов.

ЖАҢА АСТАНАНЫ ЖЫРЛАДЫ
Кәкімбек Салықов кейінгі жылдары елордасы – Астана қаласында тұрды. Ежелгі Есіл жұртын, Ақмоланың төңірегін, осында өмір сүрген тарихи тұлғаларды, жаңа астана келбетін ол сияқты жырлаған ақын да кемде-кем. Мәселен, Астананың 15 жылдығына орай «Астана – елдің ажары» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітабында елорда көркіне көрік қосып тұрған «Қазақ елі» монументін, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Әзірет сұлтан» мешітін, «Астана Опера» театрын, Ақорданы, Хан Шатырды, «Мәңгілік ел» қақпасын Астананың жеті кереметіне теңеп, өлеңдерін өріп шыққан.
Әбіш Кекілбайұлы, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Юрий Пя, Айман Мұсақожаева сынды бас қаламыздың абыройын асырған тұлғалардың еңбегін жырмен кестеледі.
Кенесары хан, Тәттімбет, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Тайжан Қалмағамбетов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Бәйкен Әшімов, т.б. тұлғаларды шығармашылығына арқау етті. Елуге тарта кітабын шығарды. Соның ішінде орыс, қырғыз, өзбек тілдерінде жарық көргендері де бар. Аудармаларына келсек, А.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, В.Маяковскийдің, М.Лермонтовтың, Ю.Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың өлеңдері мен өзбек пен моңғолдың бірнеше ақынының шығармаларын тәржімалады.

СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ «КӘУСАРДА» ӨТТІ
Кәкімбек Салықовтың халықпен соңғы кездесуін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай ұйымдастырды.
– Оның алдында Еркеғали Рахмадиевпен, Илья Жақановпен кездесу өткіздім. Екеуіне Кәкімбек аға келіп қатысты. Содан кейін «Менімен жүздесуді қашан өткізесің?» деді. «Өткіземін» деп уәде бердім. Екі-үш ай дайындалдық. Әншілерді шақырдық. Қайрат Байбосынов келе алмай, шәкіртін жіберді. Қапаш Құлышева, Серік Оспанов әндерін салды. Бұл бір әдемі кеш болды. Ақын маған, Нұрғиса Тілендиев туралы болуы керек, кітабын сыйлады. Соған «Кенжеғали, шырқай бер, шырқай бер!» деп қолтаңба жазып берді. Дүниеден өтетінін қайдан білейік… Телеарна түсіріп алып отырғанда ғой, шіркін… Шақырамыз, келмейді ғой… Мағыналы кештердің орнына қаптаған шоуды береді, – дейді Кенжеғали Мыржықбай.
… «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды». Композитор Жағыпар Әлімхановтың ақынның сөзіне жазылған әні осылай басталады. Кәкімбек Салықов өлең мен ән айдынында мәңгі жылжи береді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған