«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жетінші жеңіс

0 33

Астаналық боксшы Данияр Елеу­сінов кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісіне қол жеткізді.

Олимпиада ойындарының, әлем және Азия чемпионы атағының иегері Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысқалы жеті жекпе-жек өткізіп үлгерді. Әзірге атақты боксшымыз жеңіліссіз келеді.
Өткен жексенбіде жерлесіміз АҚШ-тың Мэриленд штатында Чили боксшысы Луис Норамбуэнамен шайқасты. Жекпе-жек сегіз раундқа жалғасты. Өте тартысты айқасты бағалаған төрешілер алқасы қазақстандық боксшының ұпай санымен жеңіске жеткенін бірауыздан мақұлдады. Осылайша өзіндік техникасымен ерекшеленетін Елеусінов жетінші жеңісіне қол жеткізді.
Осы жеңістен кейін Елеусіновтің менеджері «Даниярдың ендігі жекпе-жегі кезекті аймақтық титул үшін Техаста өтетін болады. Содан кейін ол жартылай орта салмақтағы бір чемпиондық титулға таласуға мүмкіндік алады. Ол жекпе-жекті Қазақстанда, боксшының елінде өткізуді ойластырудамыз» деп мәлім етті.
Ал өткен жылы барлық чемпиондық атақтарынан айырылып қалған Геннадий Головкин болса шаршы алаңға қайта оралатын болып отыр. Атақты GGG 8 маусым күні «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде америкалық Сив Роллс­пен қолғап түйістіретін болады.
Айтпақшы, осыдан біраз бұрын Головкин мен Елеусінов арасында дау-дамай туындап, ол жанкүйерлер тарапынан қызу талқыға түскен болатын. Оның басты себебі, 8 маусымда өтетін Головкиннің жекпе-жегінің кардында Елеусінов те айқасатыны алдын ала келісілген екен. Бірақ аяқ астынан әлемнің экс-чемпионы бокс кешінде Елеусінов болмайды деп жариялады. Содан екеуара сөзталас туындап алған еді. Сөйтіп, екі атақты боксшымыздың басы бір шаршы алаңда түйіспейтін болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды