ЖЕТІМДЕРДІ ЖАРЫЛҚАП ЖАТЫРМЫЗ БА?

Астанада төрт жыл ішінде балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 36 пайызға азайды. 2013 жылы 422 бала болса, биыл 272 жеткіншек болды. Астана қалалық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында бұл туралы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеп, жетім және ауыр науқастарға шалдыққан балаларға, патронатты және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмысымен таныстырды.

БАСПАНА АЛҒАНДАРДЫҢ САНЫ АРТТЫ
Жауапты орган жоғарыдағы оң көрсеткішке бала асырап алу, қамқоршылық және қорғаншылық, патронат, қонақ отбасы институттарын дамыту арқылы жетіп отыр. Ол үшін жетімдерді асырап алушы отбасыларды, қамқоршыларды ынталандыру тетіктері енгізілді. Мәселен, 2015 жылдың қаңта­рынан бері бала асырап алған қазақстандықтарға 75 АЕК (170175 теңге) көлемінде бір реттік төлем берілуде.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана берілгенде бірінші кезекте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар оны алуға құқылы. Былтыр осы санаттағы 41 адамға пәтер берілсе, биыл бұл қуанышқа 49 адам кенелді.
Білім мәселесіне келсек, қала­дағы 76 мектепте ерекше оқытуды қажет ететін бала­ларға инклюзивті білім беру ұйымдастырылды. Бұған қоса, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беретін 3 кабинет жұмыс істеп тұр. Осы қазан айында психологиялық-педагогикалық түзету бойынша 3 кабинет ашу жоспарланды. 4 колледжде денсаулығында әртүрлі ауытқушылықтар бар 210 студентке өзге студенттермен тең оқитындай жағдай жасалды.
Үш мектепте қимыл қозғалысы қиын балаларға 12 инватакси көлігі ұйымдастырылды. Арбамен жүретін балаларға мініп-түсуге жеңіл болу үшін бұл көліктер тиісті механизммен жабдықталды. Балабақшаларда да денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазір қалада 10 мыңнан астам бала медициналық-психологиялық кеңес беру ұйымдарында тіркеуде тұр. Олардың 2 мыңнан астамы – мүгедек балалар. Үш мыңға жуық бала инклюзивті біліммен қамтылған. 5 мыңнан аса бала арнайы оқу орындарында білім алып жатыр

 

МЕКТЕП-ИНТЕРНАТҚА СЫЙМАЙДЫ
Алайда осымен барлық мәселе шешілді деп айтуға болмайды. Осы салада түйінін тарқататын мәселелер әлі де жеткілікті. Мәселен, ақыл-есі тежелген балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатына балалар сыймай жатыр. Оның үстіне бұл ғимарат бала оқытуға мүлде жарамайды екен. Осы айда «Көктал» тұрғын алабында 375 орынға шақталған мектеп-интернат іске қосылғанда, бұл проблема шешілмек. Балалардың денсаулығына қарайтын емдеу-физиологиялық кабинет нұсқаушысы, массаж жасайтын мейірбике, физиотерапевт сияқты мамандардың тапшылығы мен оларды арнайы мектептерге тарту қиындығы да бар. Арнайы балабақшалар саны да жеткіліксіз.
Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері отырыста біраз күрмеулі мәселелерді көтерді. Мәселен, Қарақат Әбден мүге­дек балалар аз қамтылған отбасыдан шықпаған болса, оларға оқу орындарында ыстық тамақ берілмейтіндігін айтып, өзіне осындай шағымдар келіп түскенін жеткізді. Оған «Келесі жылға арналған бюджетті жасап жатырмыз. Жақын күндері оны қараймыз. Әрине, сіздің ескертпеңізді назарымызға аламыз. Осындай ұсыныспен жоғары органға шығамыз. Егер бізді қолдайтын болса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын» деп жауап берді Әнуар Жанғозин.

Ағымдағы жылдың 9 айында 115 жетім бала отбасына орналастырылды. Олардың 33-ін асырап алды, 36-сы қамқорлыққа берілді.
9-ы патронаттыққа іліктірілді. 37 баланың
ата-анасы табылды

әлі де ЖАТАҚХАНАДА ТҰРУҒА МӘЖБҮР
Астана медицина универси­тетінің ректоры Мәжит Шайдаров аталмыш жоғары оқу орнын бітірген жетімдерге бас­пана берілмегендігінен олар әлі университеттің студенттік жатақханасында тұрып жат­қанын алға тартты. Бұл жағдайда студент кемінде үш жыл Астанада тіркеуде тұру керек деген талап бар екен.
Осы сұраққа толығырақ Тұр­ғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов жауап берді. Оның айтуынша, қазір баспана кезегінде 2600-ден астам жетім тұр. 2015 жылы тиісті заңға өзгерістер енгізілді. Сол кезде 1500 бала кезекте тұрған. Алайда ішкі миграция олардың санын қайтадан көбейткен.
Бұған қоса, мүмкіндігі шек­теулі балалардың қоғамдық көлікте жүріп-тұру мәселесі көтерілді. Соның ішінде оларды ертіп жүретін адамдарға тегін жүру құқығын беру ұсынылды. Осы мәселе бойынша сөз сөйлеген Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов ол үшін тиісті ережеге өзгеріс енгізу керектігін айтты.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері тарапынан орта мектептерде білім алатын денсаулығында кінәраты бар балалардың санын арттыру, яғни, оларға өзінің қатарымен араласуға мүмкіндік бер, мүмкіндігі шектеулі балалаларды дамыту ісін неғұрлым ширату ұсынылды.
Отырыста Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Сәуле Мұқышева Астанадағы арнаулы балалар үйінде қазір мемлекеттік қолдауды қажет ететін 61 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізді. Олардың 22-сінен ата-анасы бас тартқан, 18-і тастанды және 21 бала осы мекемеге уақытша орналастырылды. Барлық баланы қосқанда 20-сы мүгедек болып саналады. Бұған қоса балалар үйінің директоры Динара Зәкиева ахуалды баяндады. Қо­ғам­дық ұйымдар басшылары да өз жұмыстарымен таныстырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

ЖАНҒА ШИПАЛЫ «ШАРАПАТ»

Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2016 жылдың 9 қарашасында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілген …

2 comments

  1. ЕХРО ғимараттарын студенттерге және кезекке тұрған мұқтаж отбасыларға берем деген қайда. ЖЕтім-жесірге баспана беру керек. Сол ғимараттар кімнің пайдалануында, неге бермейді халыққа

  2. Очень рада за них! Пусть это будет им толчком в счастливое и беззаботное будущее

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған