«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жетім балалар баспанасыз қалмайды

0 14

Биыл елордадағы жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды баспанамен қамтамасыз ету деңгейі 8-8,5 пайызға дейін ұлғаяды. Кеше Мәжілістегі үкімет сағатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов осындай мәлімдеме жасады.

Ресми ақпарат бойынша бүгінге дейін кезекте тұрған бас қаладағы жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың 3,9 пайызы ғана баспанаға қол жеткізген.
Нұрлан Нұркенов биыл елордада халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтарға 1641 пәтер берілетінін хабарлады. «Бүгінге дейін тұрғын үйдің кезегінде тұрған жетім балалардың 3,5-4 пайызы баспана алды. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 8-8,5 пайызға дейін ұлғайтамыз. Алдағы жылы тапсырылатын пәтерлердің санын 5 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр­мыз. Ол кезде жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 10-11 пайызға арттырамыз» деп түсіндірді әкім орынбасары.
Ол аталған мәселені бір сәтте толықтай шешу мүмкін еместігін мәлім етті. «Әрине, біз бұл мәселені бір сәтте толықтай шеше алмаймыз. Себебі қазіргі кезде бас қалада үйдің кезегінде 40 мыңнан аса адам тұрса, соның ішінде жетім балалардың саны 4 мыңнан асады. Сол себептен халықтың тұрмысы төмен топтарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп, кезекті жою мақсатында біз алдағы 5 жылға нақты жоспар жасадық. Осы жоспардың көмегімен мәселе толық шешіледі» деді әкім орынбасары.
Үкімет сағатында еліміз бойынша 61397 жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың үй кезегінде тұрғаны туралы ақпарат айтылды. Биыл аталған топқа жататындарға бар-жоғы 518 пәтер берілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды