«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеті минутта жететін жедел жәрдем

0 1  004

Астана. Сағат 22:50. Қабанбай батыр даңғылының бойындағы жанар-жағармай бекетінде тұрмыз. Осы сәтте рациядан диспетчердің даусы естіліп, шақырту түскенін хабарлады. Бензин құйылып болысымен жүргізуші дереу атқа қонды. Бір минуттың ішінде орнынан қозғалған көлік «Пригородный» тұрғын үй алабына қарай жүйтки жөнелді. Дабыл дыбысы қосылды. Бұл елордадағы Жедел медициналық жәрдем стансасының №26 бригадасының көлігі еді.

№26 БРИГАДАМЕН БІРГЕ

Бас ауырып, балтыр сыздаса, түн жарымға қарамай, «103» нөмірін теретініміз белгілі. Бұл тұрғыда күні-түні бір тынбай, халыққа дамылсыз қызмет көрсететін жедел жәрдемнің жұмысын бір сәт өз көзімізбен көру мақсатында бірер шақыртуға бригадамен бірге бардық. Жалпы, Астанадағы Орталық жедел медициналық жәрдем стансасында 218 көлік жүргізушісі мен 365 фельдшер және 70 дәрігер жұмыспен қамтылған. Мекеме басшысы Тимур Мұратовтың мәліметінше, «103» нөміріне тәулігіне 2500-3000 қоңырау келіп түседі. Шаһардағы төрт аудан бойынша 65 жедел жәрдем бригадасы жасақталған. Есіл ауданының еншісінде – 15 бригада. №26 бригададағы ІІ санатты фельдшерлер Азат Рахматуллин мен Әнуар Нәбиевтің бұл салада 4-5 жылдық тәжірибелері бар. Жүргізуші Ержан Жорабековтің жедел жәрдем көлігін тізгіндеп жүргеніне 2 жыл болыпты.
Сонымен, сағат 22:51. Қабанбай батыр даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшесінің қиылысындағы жанармай бекетінен аттанған №26 жедел жәрдем бригадасының көлігі желмен жарысып, жүйткіп барады. Азат алдыда, жүргізушінің қасында. Әнуар екеуміз артқы жаққа жайғасып, сұхбаттасып отырмыз. Содан қас-қағым сәтте «Пригородный» тұрғын үй алабындағы саяжайға жеттік. Сағат 22:57-ні көрсетіп тұр. Бар болғаны 6 минут. Алайда белгіленген мекенжайға жету үшін тағы да 6-7 минут уақыт кетті. Азат шақыртушылармен телефонмен сөйлесіп болған соң:
– Саяжайлардағы үйлердің нөмірі көрсетілмеген. Шақырушылар дүкеннің атын, қақпаның түсін айтады. Сол бойынша мекенжайды іздеп жүріп қаламыз. Әйтпесе тез жетуін жетеміз, – дейді ортадағы әйнектен бізге қарай мойын бұрып.


Ақыры қуыс-қуыс жолдармен оңға-солға алма-кезек бұрылып жүріп, күтіп отырған үйдің ауласына келіп тоқтадық. Мұндағы 2 жастағы қыздың тұмауратып қалғанына бір-екі күн болыпты. Демінен қырыл естіледі. Температурасы +38.4 градусты көрсетті. Шыр-шыр еткен бала анасының қолтығына тығылып, мазасы қашып-ақ тұр. Анасының айтуынша, үйдің терезесі ашық тұрғанда содан суық тиген. Мән-жайды сұрап, нәрестеге алғашқы көмек көрсетіп, дәрі беріп, ыстығын түсірген соң фельдшерлер балада менингит сияқты қауіпті кеселдің белгісі жоқ екенін айтты.
Содан Орталық жедел медициналық жәрдем стансасының автотұрағына келіп, аялдап жатқанымыз сол еді, тағы шақыр­ту түсіп, шұғыл түрде қайтадан жолға шықтық. Бұл кезде сағат 00:03. Түркістан көшесінің бойын­дағы фитнес клубқа 00:10-да (жеті минутта) жеттік. Онда 50-лер шамасындағы әйел шалынып құлап, оң қолын қайырып алыпты. «Жабық сыну» деген диагноз қойған жеделжәрдемшілер оған жансыздандыратын екпе салып, қолына таңғыш қалақты байлады. Науқас дереу №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Бұл жерден шығып, орталыққа қайтып барғанымызда сағат 01:06-ны көрсетіп тұрды. Кешкі ауызашардан соң нәр татпаған қос фельдшер ыстық шай ішіп алуға ниеттенді. Шай енді қайнап, аузымыздың дәмге тигені сол еді, диспетчердің: «26! Шақырту!» деген даусы естілді. Содан ас ішу кейінге қалып, апыл-ғұпыл тысқа шығып, көлікке отыр­дық. Сағат 1-ден 13 минут кетіпті. Әдеттегіше жылдам жүріспен келе жатырмыз. Бағытымыз – Сарайшық көшесінің бойындағы «Лазурный квартал» тұрғын үй кешені. Сүт пісірім уақытта жетіп барып, 5-подъездің алдына тура 01:20-да келіп тоқтадық. Жету уақыты – тағы да жеті минут. Жедел жәрдем мамандарында кез келген үйдің жеделсатысына жарайтын лифт картасы бар. Соның арқасында 10-қабатқа жылдам көтерілдік. 55 жастағы әйел төсектен тұра алмай жатыр екен. Жолай қолдарын шайған Азат пен Әнуар бөлмеге кіре салысымен өз жұмыстарына кірісті.
– Жүрегім шаншып, көзім ашып, басым көтертпей тұр, – деді науқас бәсең үнмен әрең тыныстап.
– Тәте, мынаны тіліңіздің астына салып қойыңыз, қан қысымыңызды түсіруі тиіс, – деді де науқастың жүрегін кардиограммаға түсіре бастады.


Кардиограмма аппараты жіңішке қағазды лезде басып шығарды. Жүрегінде кілтипан жоқ, таза болды. Шапшаң жігіт саусағы арқылы шағын құрылғымен науқастың жүрек соғысын да тексеріп, қант диабетінің көрсеткішін де анықтады. Бұлар да қалыпты деңгейде екен. Алайда қан қысымы таблеткаға төмендей қоймаған соң Әнуар «Энап» дәрісін екті. Сәлден соң қан қысымы 150-ге, одан кейін 140-қа біртіндеп түсе бастады. Ал қағазын жазып отырған Азат науқасқа күніне қандай дәріні неше уақ, қанша мөлшерде ішу керектігін түсіндіруде. Сонымен, біраз тәуір бола бастаған соң науқасқа амандық-саулық тілеп, шығып кеттік. Бірақ ол кісі фельдшерлерді жібергісі келмей, қимай қоштасты. Алайда шақыртумен барған жерде 30 минуттан ұзақ болмау керек екен. Инсульт болған жағдайда бас-аяғы 40 минуттың ішінде ауруханаға жеткізілуі тиіс екенін айтады мамандар.

ОТҚА ДА, СУҒА ДА ТҮСУГЕ ДАЙЫН

Фельдшерлердің жәшігін шағын дәріхана дерсің. Онда кез келген ауруға керекті дәрі-дәрмек жеткілікті мөлшерде. Ал жедел жәрдем көлігінің іші шағын емхана тәрізді. Фибриллятор мен кардиограф, ұзақ қашықтықтан тасымалдау кезінде қолданатын үлкен және кіші көлемдегі оттегі баллондары сияқты құны миллиондаған қаржы тұратын барлық қажетті құралдармен жабдықталған. №26 бригаданың жәрдемшілерімен үзеңгілес болғанда олардың жұмысы туралы біраз ақпаратқа қанық болып, әңгімелеріне құлақ түрдік.


Жедел жәрдем мамандары көпшіліктің сынына үнемі ұшырап жатады. Біреуі жедел еместігін айтса, енді бірі оларды «сылбыр» деп назданады. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Ал біз көзбен көріп, құлақпен естігенімізді жаздық. Байқауымызша, олар баратын жерді талғамайды. Шақырту болса, алғашқы көмек көрсету үшін отқа да, суға да түсуге дайын. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» дегендей, жедел жәрдем жұмысының қиындығының бір парасын ғана көрдік. Бұдан соң оларға деген құрметіміз арта түсті.
Сонымен, түнгі сағат 02:16. Жедел жәрдем көлігі Мәңгілік ел даңғылы мен 38 көшесінің қиылысындағы жол жиегіне тоқтады. Үзеңгі жолдастармен қимай қоштастық. Шақырту түскен тәрізді. Олар тағы да жабырқау жандардың үміт сәулесін жағуға аттанды. Бәлкім, біреудің өмірін құтқаруға кеткен болар. Төбесіндегі қызыл-көк шамдары шағылысқан көлік қатты жылдамдықпен ұзап барады. Жолың болсын, жедел жәрдем! Деніңіз сау болсын, халайық!

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды