«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жерүсті метро құрылысы жалғасады

0 34

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов елордадағы LRT құрылысын жалғастыру бағытында келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

– Қазіргі кезде Қытайдың мемлекеттік даму банкімен тиісті келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Осы қарызды қайта қар­жыландыруға келісуге тырысамыз. Яғни аталған жобаны ел ішінен қаржыландыру көздері қарастырылады. Өйткені Қытай мемлекеттік даму банкінің желісі бо­йынша жобаны жүзеге асыруда белгілі бір қиыншылықтардың туындағаны мәлім. Біз басқа қаржы көздерінің есебінен қайта қаржыландыру жолдарын табамыз, – деп түсіндірді ол Үкімет үйінің дәлізінде берген жауабында.
16 сәуірде қала әкімі Бақыт Сұлтанов LRT жобасы құрылысының тоқтатылғанын хабарлаған еді. Көп ұзамай елорда әкі­мінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүр­ген­баева: «Бүгінге дейін құрылыс бойынша жұмыстардың бір бөлігі аяқталды. Оған қажетті қаражат жұмсалды. Қазір өзара талаптарды нақтылау мақсатында жобаны қаржыландыруға уақытша бөгет болған қытайлық консорциум мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі арасындағы келесі кезеңді қаржыландыру көздерін келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп хабарлады.
Бұған дейін жеңіл рельсті трамвай құрылысы 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқталып, 2020 жылдың жазында іске қосылады деп жоспарланды. Жобаның құны 1 млрд 887 млн АҚШ долларына бағаланған. Жүрдек көлік жолының ұзындығы 22,4 шақырымға созылады. Әрбір қозғалмалы құрам 4 вагоннан тұрады. Әрқайсысына 600 адам сыяды. Трамвай сағатына 80 шақырым жол жүреді, орташа жылдамдығы – 40 км/сағат.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды