«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жердің асты-үстімен…

0 42

Елордада тұрғындар саны жылдан жылға артып, қаланың аумағы да үлкейіп барады. Әлемнің алпауыт елдерінің қайсысын алсақ, адам өмірінің қауіпсіздігін қашанда бірінші орынға қояды. Бұл үрдіс біздің қаламызда да жоқ емес. Дей тұрғанмен, назар аударатын мәселелер әлі де жоқ емес. Кезекті санымызда қалаға қажет жерасты немесе жерүсті өтпелі жолдарының ерекшеліктері туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Қазіргі уақытта жерасты жолдары «Шапағат» коммуналдық базары, «Астана» концерт залы, «Хан Шатыр» алдында, сондай-ақ Республика даңғылы, Бараев көшесі секілді жұрт көп қатынайтын ғимараттардың маңында орналасқан. Ал жерүсті өтпе жолын министрліктер үйінің, Бараев көшесінің бойынан көруге болады. Алдағы уақытта олардың қатары толығады деген жоспар жоқ емес.

Өтпелі жолдардың тиімділігі

Өтпелі жолдардың қандай ерекшелігі болуы мүмкін? Жоғарыда айтылғандай, бұл алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін маңыз­ды. Өтпелі орындары көп көшелерге бағдаршам, жолаушылар өтуге арналған белгі қоюдың еш қажеті жоқ. Бұл өз кезегінде көшедегі көлік кептелісінің сейілуіне септесері еді. Жүргіншілер жолды қиып өтпейтіндей жан-жағы қоршалғандықтан, жылдамдық мөлшерін 80 км/сағ-қа дейін арттырып, көлік ағынын жиілетуге болады. Соңғы уақытта сағат 07:30-08:30 аралығы мен 18:00:19:30 аралығында қаланың негізгі көшелерінен кептеліске тірелмей өту мүмкін емес. Бұл астаналықтар үшін айтарлықтай кедергі тудырып отырғаны анық. Екінің бірінен «Қазақстан аумағы үлкен ел. Бірақ бізде кептеліс тоқтамай тұр» деген сөзін естуге болады. Айту оңай, бірақ жер аумағы әлем бойынша бірінші орында тұрған Ресейдің Мәскеуінде де көлік кептелісі түйт­кілді мәселенің бірі екенін ескере кеткен жөн.
Жұрт өтетін мұндай тұстарға сау­да нүктелерін орнатуға болады. Яғни, бұл орындар – шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолайлы орындардың бірі. Арнайы ғимарат ішінде орналаспағандықтан оның жалға алу құны да әлдеқайда арзандау. Мұндай сауда алаңдарына қызығушылық танытатын жұрттың қарасы қалың боларына еш күмән жоқ. Себебі бұл – қолданыста бар тәжірибе. Сөз орайы келгенде Алматы қаласындағы жағдайды мысалға алуға болады. Жерасты немесе жерүсті өтпелі жолдарының қайсысына барсақ та кәсібін дөңгелетіп отырған саудагерлерді көреміз. Бірі түрлі тәтті-дәмдісін сатса, енді бірі тігін шеберханасын ашып алған. Ал олар күзет қызметтерімен арнайы келісімге отырғандықтан, қауіпсіздігіне алаңдамайды. Сондықтан бұл – бізге де қажет үрдіс. Жағдайы төмен отбасылардың өз күнін өзі көруі үшін аздап қол ұшын тигізсе болғаны…
Айтпақшы, астанамызда қарапайым ғана дәретханалар қоғамдық орындарда жетіспейтіні жасырын емес. Бұл мәселе көпшілік тарапынан жиі сынға ілігіп жатады. Дәретхана орнату үшін жерасты өтпелі жолдары – таптырмас орын. Оны ақылы етсе өз шығынын өзі жауып қана қоймай, бір-екі адамды болсын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Нұр-Сұлтан әлем қызығып отыр­ған қалалардың бірі ғой. Мұнда келетін туристердің де қатары жыл санап артып барады. Өткелдерді тиімді орнатса, қаланың көрікті тұстарының біріне айналдыруға болады. Мәселен, былтыр Қабанбай батыр мен Республика даңғылдары және Бараев көшесінің қиылысында орналасқан жерасты жолына қалалық суретшілер одағы табиғат көріністерін салды. Ол жерден Баянауылдағы Жасыбай көлін, Маңғыс­таудың шөл даласын, Бурабай, Алатау тауларының суреттерін көруге болады. Байқоңыр ауданы бұл жұмыс елорданың өзге де жерас­ты өткелдерінде жалғасып, қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың суреті қоса салынатынын хабарлаған. Ал енді мынаны ойлап көрелік, бас қаламызға келген шетелдіктер Қазақстанның табиғаты мен жабайы аңдары жайлы көбірек ақпарат алып қана қоймай, өз көзімен көруге құлшынысы артатыны анық. Мұндай өткелдер еліміздің ақсап тұрған туризміне кішкене де болса септігін тигізер ме еді!?
Айтпақшы, жерүсті өтпелі жолының кемшілігі де жоқ емес. Ол жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз. Жолдың арғы бетіне өту үшін өткелге шығып, қайта түсу біраз жұмысты алады. Әсіресе, қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық тудырады. Сол себепті жерүсті жолын саларда арнайы лифтісін қоса орнатқан абзал. Ал жерасты жолын орнатарда «Хан Шатырдың» алдында тұрған қолайлы нұсқасына жүгінген жөн.

Маман не дейді?

Экономист маман Рүстем Жансейітов жерүсті өткелін салуда шығыны аз нұсқасына көңіл бөлу керектігін қозғап отыр.
– Басқа қалаларда қолданылатын құрылыс әдістерінен бөлек, түрлі нұсқадағы конструкторлы текше пішінді өзара қосылатын жүйені таңдауға болады. Құрамдастар мынадай санаттарға бөлінуі мүмкін: кіру тобы, көтеру блоктары, желілік өтпелі орындар. Ал оларды біріздендіру және бірыңғай стандарт бойынша жүргізу оңай. Әрқайсысының өз ерекшеліктері болуы мүмкін. Мәселен, көтергіш блоктарда сатылар да, тіпті қажет жағдайда лифтілер де болады, – дейді маман.
Айтуынша, қолайсыз ауа райы жағдайында мұндай өтпелі орындар жаяу жүргіншілердің жайлылығын қамтамасыз ете алады. Ал алдағы уақытта тіпті ғимараттан ғимаратқа дейінгі жабық өткелдер жүйесін одан әрі дамытуына негіз болады екен.
– Бұл ұсынылған жүйенің артықшылықтарын ұзақ уақыт айтуға болады. Бірақ істі жеке көлемде өткізу керек. Оны мен мүдделі қалалық құрылымдар үшін өткізуге дайынмын. Бұл ұсыныс қолдау тапса, қалалық бюджетке үлкен ауыртпалық түсірмейді. Қайта елорда үшін пайдасы орасан зор, – деді Рүстем Жансейітов.

Жұрт көп жүретін тұсқа орнату қажет

Жерасты немесе жерүсті жолдарын орнатуда көпшілік жүретін тұс­ты таңдаған жөн. Сондай орындардың бірі – «Думан» мен «Keruencity» аралығы. Бұл – қаланың көрікті тұстарының бірі. Сол маңайда алып «Ailand» аттракционы бар. Қала берді балаларға арналған түрлі көңіл көтеретін алаңдар бар. Ал серуендеп шыққан жұрт ары қарай «Keruencity» орталығына барғанды жөн көреді. Бірақ қиындығы сол дәл осы аралықтағы бағдаршам қолайсыз тұста тұр, ал жүргіншілер өту үшін арнайы белгілер қарастырылмаған. Оның да себебі белгілі. Қаланың маңызды көшелерінің бірі болғандықтан, мұнда көлік көп. Ал бағдаршам немесе жүргіншілер жолының арасын жиілетер болса көлік тасқыны артып, соңы қалың кептеліске жалғасады. Бірақ жол белгілерінің жетіспеушілігі жаяу жұртшылыққа ыңғайсыз болып тұр. Тиісінше бағдаршамға барып, біраз жерді айналып өткенше жолды кесіп өткенді жөн көреді. Сол себепті дәл осы маңайға «Хан Шатыр» алдындағы жерасты өткелін немесе үстінен өтетін жолаушылар жолын орнатқан абзал.
Сөз ыңғайы келгенде айтайық, кептелісі көп іргелес жатқан Қытай елінде жүргізушілер жолды кесіп өтетін жаяу адамға алаңдап, жолдың ортасында тоқтап жол бермейді. Дөңгелек астына түссе ереже сақтамаған өз кінәсі деп көрсетілген жылдамдықпен зуылдап өтеді. Уақыт өте келе кептеліс қалыңдығы артқан сайын мұндай мәселе біздің қоғамда да қалыптасуы ғажап емес. Қанша дегенмен елімізде жол апатынан зардап шегетіндер саны жоғары екенін мысал етейік. 2017 жылы Қазақстанда 24 мыңнан аса адам апатқа ұшыраса, оның 2000-ға жуығы қаза болған. Бұл Швеция­мен салыстырғанда 6 есе артық. Сондықтан уақыт оздырмай қордаланып келе жатқан проблеманың алдын қазірден бастап алған жөн.
Қорыта келе айтарымыз, 2013 жылы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басқармасы 26 жерасты жолының жоспарын әзірлеп, арнайы таныстыр­ған. Сол жиында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардан да хабардар еткен. «Болашақта қаржы бөлінсе, жерасты жолдарын салу жалғасады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізген талдау көрсеткеніндей, қалада жалпы саны 99 жерасты және жерүсті жолын салу қажет» делінген басқарманың хабарламасында.
Бұл осыдан 6 жыл бұрынғы жоспар, қала тұрғындарының саны әлі миллионға жетпеген уақыт. Қазір елордалықтар күннен күнге көбейіп барады. 6 жыл бұрын жоспарланған 99 өтпелі жолды салатын уақыт та жеткендей…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды