«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жерді пайдалануға жаңаша көзқарас пен бақылау қажет

0 21

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасының аграрлық саласын қарқынды даму қажеттігіне ерекше тоқталды. Әсіресе, жер ресурстарын тиімді пайдаланып, бос жатқан жерлерді дер кезінде мемлекет құзырына қайтарып, іскер тұлғаларға беру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Сонымен қатар, өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Шетелдік озық технологияларды өздерінде қолданып, айтарлықтай табыстарға жетіп отырған шаруашылықтарды мысалға келтіре отырып, солардың тәжірибесін кеңінен таратудың маңызын атап көрсетті.

Біздің С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университе­тімізде осы мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырып жатқан шаралар Елбасы Жолдауындағы тапсырмалармен толығымен үндес болып отыр. Мәселен, бүгінгі таңда университет ғалымдары шетелдік жерді қашықтықтан зондылаудың ғылыми әдістемелері негізінде жер ресурстарын пайдалану барысын, мониторинг жасауды толығымен игеріп, оны өндіріске енгізе бас­тады. Қазір біз бұл жұмыстарды әрбір жер пайдаланушының әрбір жер телімі бойынша жүргізе аламыз. Тіпті қолайсыз ауа райы жағдайына қарамастан әрбір жер телімінде егілген дақылдың түрін, оның даму кезеңдерін, аурулар мен зиянкестердің әсерінен зақымдалу барысын қадағалап отыруға қол жеткіздік. Біз оны Ақмола об­лысының кейбір аудандарында жүргізіп, онда соңғы 2 жыл ішінде егістікке арналған алқаптардың 7-12 пайызының қолданылмай бос жататынын дәлелдедік. Сондай-ақ, жер телімдерін заңсыз немесе мақсатсыз пайдаланып жатқанын да анықтап, ол туралы деректерді жергілікті атқару органдарына тиісті шара қолдану үшін бердік. Осындай жағдайдың еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында бар екенін ескерсек, онда республика бойынша шамамен 1,5 млн гектардай жерлердің өнім бермей бос жататынына көз жеткізуге болады.
Сонымен қатар, біз жайылым­дардағы жағдайды да ғарыштан түсірілген суреттерді ғылыми әдістемелер арқылы өңдей отырып, бақылай алатын деңгейге жеттік. Оны іс жүзінде де дәлелдеп бердік. Нақтылап айтсақ, Ақмола облысының 2 ауылдық округының қоғамдық малға арналған жа­йылымдарын зерделеп, олардың дағдарысқа ұшыраған жерлерін анықтап, нәтижесін тиісті әкім­шілік­терге қажетті шараларды жүзеге асыру үшін тапсырдық.
Егістіктердің топырақ картасын алғашқы рет цифрлық форматқа ауыстырдық, ол өз кезегінде то­пырақтың құнарлық деңгейін тұ­рақты түрде бақылау және де оны қалпына келтіру шараларын жос­парлау үшін өте маңызды.
Өткен жылы біз «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-пен бірлесіп, Қазақстанның негізгі егін егетін орталық және солтүстік өңірлерінде астық жинау науқанын мониторингтеу жөніндегі мемлекеттік тап­сырыстың тең орындаушысы болдық. Ал биыл Қостанай облысы бойынша көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын мониторингтеу конкурсын ұтып алып, ол жұмыстарды қазіргі таң­да орындаудамыз. Айта кетерлігі, ол – ғарыштан алған деректер мен жергілікті әкімшіліктің ақ­па­раттары арасындағы шама­мен 10 пайыз мөлшеріндегі ал­шақ­тықтың бары. Жергілікті әкім­шіліктер жоғары басшыларға егіс немесе жиын-терін жұмыстары аяқталды деген ақпарат берсе, ғарыштан түсірілген суреттер ол жұмыстардың шын мәнінде әлі де болса жалғасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, университет биыл Ақмола облысы ауылшаруашылық өндірушілеріне егістік жерлердің электрондық картасын жасауға нақты көмек көрсетті.

Ал енді өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселесіне келер болсақ, онда біз Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының 9 базалық шаруашылығында өндіріске дәл егіншілік технология­сын енгізу жобасын жүзеге асырудамыз. Осы жоба аясында аталмыш ша­руашылықтардың мамандарын оқыттық, олардың техникаларына сараптама жұмыстарын жүргізіп, дәл егіншілік технологиясына қаншалықты сай екенін анықтадық. Сонымен қатар, оларды қосымша опциялармен жабдықтау, сатып алу, орнату және реттеу жұмыстарына нақ­тылы көмек көрсеттік.
Дәл егіншілік технологиясының талаптары бойынша әр алқаптың топырағының құрамын анықтау жұмыстарын жүзеге асырдық. Оны біз Қазақстан жағдайында алғаш рет «1 гектардан 1 сынама» әдістемесі бойынша жүр­гізіп, топырақ құрамының нақ­ты жағдайын анықтап, оны цифр­лық форматқа көшіріп, со­ның негізінде тексерілген алқаптардың агрохимиялық картасын құрастырдық. Осы жерде айта кету керек, жүргізілген талдау топырақтың құрамының нашар екенін көрсетті. Мәселен, жеңіл гидролизденуші азот зерттелген алқаптардың 77 пайызында, жылжымалы фосфор 88 па­йызында, ал гумус 50 пайызында төмен және өте төмен деңгейде болды. Яғни осының салдарынан астық сапасының төмендеуі мен егін өнімділігінің азаюы соңғы жылдары орын алып отыр. Ғалымдарымыздың есептеуі бо­йынша осы кемшілікті жоя білсек, астық шығымын кемінде 5-6 центнерге, жоғары сапалы бидайдың үлесін 3-4 есеге ұлғайтуға және де астықтың пісіп-жетілуін 7-8 күнге қысқартуға болады екен.
Сонымен қатар, алқаптардың электрондық форматтағы фито­сани­тарлық карталары жасалды. Онда егістік алқаптарындағы арам шөп басу, ондағы өсімдіктердің ауруға шалдығу және олардың арасында зиянкестердің таралу деңгейін көрсететін мәлімет­тер жинақталған. Осындай кар­та­лардың шаруалар үшін құн­дылығы өте жоғары. Себебі ондағы мәліметтерді басшылыққа ала отырып, олар арам шөп, ауру және зиянкес ошақтарын дер кезінде жою шараларын жүргізуге мүмкіншілік алады және де бұл жұмыстарды іріктеп жүзеге асыру арқылы қа­жетті материалдық-техникалық, еңбек пен қаржы ресурстарын үнем­дейді.
Ауыл шаруашылығын цифрландыру мен өндіріске дәл егіншілік технологиясын енгізу жұмыстарын біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер арасында білімді тарату шараларымен қатар жүр­гізудеміз. Бүгінгі таңда Қазақ­станның солтүстік және орта­лық өңірлерінде 400-ден астам тыңдаушыларды қамтыған 9 семинар өткіздік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерге қашықтықтан кеңес беру мақсатында http://extension.kazatu.kz интернет порталын іске қостық. Ол арқылы фермерлер онлайн режимде өндіріс үрдісінде туындаған түрлі мәселеге қатысты тегін кеңес ала алады. Интернет-портал жұмыс жасаған 3 айдың көлемінде фермерлерден 500-ден астам сұрақ түсіп, оларға толыққанды жауап берілді. Яғни біз Мемлекет басшысының аграрлық университеттерді ауыл­шаруашылық білімді тарату ор­талықтарына айналдыру керек деген тапсырмасын орындауға өз үлесімізді осылай қосудамыз.
Өндіріске енгізіліп жатқан дәл егіншілік технологиясы қолда бар ресурсты тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, оның сапасын жақсартып, нәтижесінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Нақ­тырақ айтар болсақ, тек егін егу және егістікті күту науқаны кезінде біздің ғылыми басшылыққа алып отырған шаруашылықтарымыз орта есеппен жанар-жағармайлар­дың 8 пайызға, минералдық тыңайтқыштардың 25 пайызға және гербицидтердің 30 пайызға үнемделуіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, оларда әр гектардан алынып жатқан астықтың түсімі өзгелермен салыстырғанда 5-7 центнерге жоғары. Дәлел ретінде Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы «Найдоров» ЖШС-ті мысалға келтіруге болады. Осы шаруашылықта біздің ғалымдар енгізген дәл егіншілік технологиясын қолданған алқаптардың әр гектарынан 50 центнерден артық бидай жиналуда. Бұл – осы өңір үшін рекордтық көрсеткіш.
Сондай-ақ, біз аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында дәл егіншілік технологиясының негізгі элементтерінің басым көпшілігін қазіргі кездегі қолда бар техникамен оған қосымша опциялар мен арнайы жабдықтарды орнату арқылы жүргізуге болатынын дәлелдеп бердік. Оған кететін шығынның 1-2 жыл ішінде ақталатынын да анықтадық. Яғни дәл егістік технологиясын тек қана заманауи жаңа техникамен жабдықталған шаруашылықтар ғана қолдана алады деген пікірдің жаңсақ екенін көрсеттік.
Агроөнеркәсіп кешенін цифр­ландыру жолында тежеуші фак­торлардың бар екенін де айтпасқа болмайды. Цифрлық технология мен оның нәтижелерін іс жүзінде құқықтық мақсаттарда қолдану үшін тиісті заңнамаларды әрі қарай жетілдіру қажет. Мәселен, қолданылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мәселесін қарастыру барысында ғарыштық мониторинг материалдарын соттардың ескергені маңызды. Ауылдық жерлерде, әсіресе егіншілік ал­қаптарында интернеттің әлсіздігі немесе жоқтығы үлкен кедергі болып отыр. Агрохимиялық зертхана желісінің мешелдігі мен осы бағыттағы қызмет көрсету аясындағы бәсекелестіктің жоқты­ғы топыраққа агрохимиялық талдау жасау жұмыстарының қол жетімсіздігі мен қымбатшылығына әкеліп соғуда. Ауа райын ұзақ мерзімді болжау мен күтілетін жауын-шашынның мөлшерін дәл анықтаудың жоқтығы да қолға байлау болып отыр. Соның салдарынан фермерлер егін егу науқанының тиімді мерзімін дәл жоспарлай алмай, оларды өткен ғасырдың 60-жылдарынан бас­тап қолданыста жүрген топырақ қорғау жүйесі бойынша жүргізуде. Яғни олар осы уақыт аралығында орын алған жаһандық климаттық өзгерістерді ескере алмауда.
Сонымен қатар, ынталандыру мақсатында бастапқы кезеңде дәл егіншілік технологиясын енгізу үрдісіне қолдау көрсету қажет, мәселен сатып алынатын пилотсыз аппараттардың, техникаға орнатылатын қосымша жабдықтар мен опциялардың, сондай-ақ агрохимиялық карталарды құру жұмыстарының құнына субсидия беру керек.
Тағы да бір өзекті мәселенің бірі – дәл егіншілік технология­сы бойынша мамандардың же­тіспеушілігі. Біздің оқу орнымызда осы технологияға сай келетін құзыреттілігі мен білімі бар жоғары сапалы мамандар бар, алайда олардың саны тым аз. Оларды даярлау – уақыт күттірмейтін мәселе. Ең бастысы, осыған сәйкес білім беру бағдарламасын әзірлеу қажет және де оны ел көлемінде тек қана жоғары оқу орындарының студенттеріне ғана емес, сонымен қатар колледждер мен кәсіптік білім беру училищелеріне де енгізу керек.
Жер – біздің ұлы байлығымыз. Дана халқымыз «Иесі жоқ жер жетім» деген. Сондықтан да оның іскер диқандардың қолында болып, тиімді пайдалануын қамтамасыз ету ең басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. Елбасымыздың Жолдауындағы негізгі талап – осы және оны жүзеге асыру – кезек күттірмес іс.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ
агротехникалық университетінің ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор, ­Астана қалалық мәслихатының ­депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды