ЖЕРДЕ ЖЕТІМ ЖЫЛАМАСЫН…

Ұлан-ғайыр далада ұзын-сонар көштің шаңын қалдырып, ұлық күй кешкен ұлтымыздың ұсақтала бастаған тұсы – балалар үйіне қалдырып жатқан балаларымызбен өлшеніп еді-ау. Құрсағын жарып шыққан сәбиін үкіметтің үйіне өткізіп, белінен бөлінген шарананың тағдырына көзін тарс жұмып қарайтын безбүйрек жандар қазақтығымызға қанша рет сын болды? «Жетімін жылатпаған халықпыз» деп көлгірсігенде бітіргеніміз қайсы? «2018 жылы жетімдер үйін жаппай жабамыз» деп жар салғанымыз қайда? Ол, шынымен, орындала ма? Балалар үйлеріндегі жетімдердің жайы өркениетке өкшесін тіреп тұрған бүгінгі қоғамымызды «бас ауруынан» шынымен айықтыра ала ма? Атауын өзгерткенімен, әлі де сол қамқорлыққа зәру қаракөздеріміз паналап отырған мекемелерге біз де бас сұғып көрген едік…

БАЛАЛАР ҮЙЛЕРІН ЖАБУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Қалалық Білім басқармасына қарасты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Балалар үйі (88 бала), SOS Астана балалар ауылы (53 бала), Мамандандырылған балалар үйі (40 бала), «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы (62 бала) және Балаларды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемелері бар. Бұдан өзге, Денсаулық сақтау басқармасына қарасты төрт жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін Балалар үйі тағы бар. Онда 53 бала тәрбиеленуде. Жалпы алғанда, 296 жетім бала десек, оларды асырап алуға үмітті 300 отбасы кезекте тұр екен. Бала асырап алудың кезегінде тұрған жандардың көптігі көкейіңе қуаныш ұялатады. Онда неге әрбір балаға зәру отбасыға бір-бір баладан беріп, жетімдер үйлерін, шын мәнісінде, неге жауып тастамасқа?! Өкінішке қарай, дәл қазір ол мүмкін емес. Тіпті кейбірі бұл жұмыс­тың машақаты өте көп екенін айтып, мұңын шақса, енді бірі «Жетімдер үйі бізге бала беруге пейіл емес, себебі баланың сол балалар үйінде болғаны өздеріне жақсы, мемлекеттен едәуір ақша бөлінеді» деген уәжін білдірді. Ең негізгі себеп – бұл балалар үйінде асырап алуға болмайтын, ата-аналары бар тірі жетімдердің жүргендігі болып отыр. Ал олар кімдер?

АСЫРАП АЛУ НЕГЕ МҮМКІН ЕМЕС?

Ата-анасынан айырылған балалардың статусы әртүрлі болады. Олардың ішінде ата-анасы жағдайының нашарлығына байланысты уақытша тастап кеткен балалар мен тастанды балаларды асырап алуға болмайды. Оларды патронатқа алуға да рұқсат жоқ. Тек тұл жетім статусына ие болған балалар ғана болашақ отбасыдан үміттене алады. Еліміз бойынша 30 мыңға жуық жетім балалардың тек 7 мыңдайы – тұл жетім, ал қалғандары – ата-анасы тірі балалар. Яғни балалар үйіндегі балалардың 80 пайызы асырап алуға жатпайды. Оларды ата-ана құқығынан ажырату үшін көп уақыт керек екен. Міне, мәселе. Бұл балалардың өз ата-анасы ешқашан қайтып келмесе, олар сол жетімдер үйінде қалуға мәжбүр. Оны асырап алғысы келгендер де ала алмайды. Нәтижесінде тек мейірімге шөлдеген бала ғана зардап шегіп өседі. «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саиннің бұл туралы бірнеше рет мәселе көтергені де есімізде. Балалар үйіндегі бір балаға жыл сайын 160 мың теңге бөлінеді. Баласының біреудің табалдырығына кеткенінен балалар үйінде жүргені көкек аналарға да тиімді болып тұр. Олар сондықтан да баласынан бас тартпай, уақытты оздырып, күндерін создырып жүре береді. Ал оларды ата-­ана құқығынан айырып, баланы жетімдер үйінің иелігіне алып алуға арыз бере алатын мекеменің өзі бұған салғырттық танытып отыра береді. Өйткені екі жақта да ұпай түгел. Бала мемлекеттің қамқорлығымен өсіп-жетілер-ау, бірақ оған ата-ананың аялы алақаны мен отбасылық аура ауадай қажет екенін кім түсінеді?! Ауыр болса да, мойындайтын мәселе осы болып тұр. Ал біз биыл жетімдер үйін жабамыз дейміз…

118 ЖЕТІМ ОТБАСЫНА ОРАЛАДЫ

Астана қалалық балалар үйі­не табан тірегенімізде үлкен тойдың үстінен түстік. Төрт айлық Айлинді (Аты-жөні өзгертіп алынды) асырап алған ата-аналары қуана құшақтарына алып, үйлеріне алып кетуге келіпті. «Бұл баланы біз ұзақ күттік. Бала туғалы төрт айдан бері құжаттарын рәсімдеумен айналысып, бүгін ақ түйенің қарны жарылуда. Ұлты орыс болса да, Айлин біздің өз баламыз болады. Қарағым, баласыз өмір оңай емес… Осы балапанның соңынан ұл ерсін, қыз ерсін» деді Айлиннің болашақ әжесі кемсеңдеп.
…Иә, бала – бауыр етің, болашағың. Оны асырап алудың жолында қаншама қиындықтарды көрген ата-ана болашақ балаларын ұлтымен де бөліп қарамапты. Ең бастысы, олар бұл балақайдың сол шаңырақты қызыққа бөлер қылықты болып өсерінен үмітті. «Соңғы жылдары жетім балалардың саны азайды деп айтуға болады. Оған «Аналар үйлерінің» ашылуы да себеп болып отырған шығар. 2017 жыл ішінде балалар үйлерінен 118 тәрбиеленуші Қазақстан азаматтарының отбасыларына орналастырылса, оның ішінде қорғаншылық пен қамқоршылыққа – 31, асырап алуға – 37, патронаттық тәрбиеге – 9, туған отбасыларына – 41, бала қонақтайтын отбасына 61 бала уақытша берілді.
Мысалы, былтыр мекемеге 80 бала қабылданса, 35 бала анасына қайтарылып, 38 бала асырауға алынды, 17-сі қамқорлыққа, 3-еуі патронаттық тәрбиеге берілді. Балалар үйінде баланың өсіп, дамуына барлық жағдай жасалынған. Бірақ баланың бақыты үшін сүйікті отбасы, ана жүрегінің жылуы қажет екенін білу үшін сарапшы болудын қажеті жоқ» дейді балалар үйі мекемесінің бас дәрігері Әлия Кенжебаева. Иә, «Аналар үйінде» орналасқан әр қазақ ол жерге бармаса, баласын балалар үйіне өткізген болар ма еді? Бірақ олар бәрібір әкесі жоқ толыққанды емес отбасылардың қатарын арттырып отыр ғой.

АУРУ БАЛА КІМГЕ КЕРЕК?

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына табан тірегенімізде, аяқ-қолы сау, жүрегі жаралы жетімдердің қасіретіне туа сала бойына біткен ауруы қосылған қарагөздерімізді көрдік. Мұнда балалар үйлерінен шыққан ауру балалар келеді. Жыл басында 216 бала болса, жылдың соңына қарай 251-ге жетіпті. Олардың арасында тұл жетімдер, ата-анасы жұмыста болатындар, күндізгі бөлімге ғана келетіндер бар. Туа бітті түрлі аурумен келетін балаларды өзгелердің асырап алу оқиғасы мүлде тіркелмепті. Керісінше, өздерінің ауру балаларын өткізіп, жұмысбастылықпен жүрген қаншама ата-ана бар?! «Бұл – қоғамның қасіреті, жетім балалар саны азайды деп қуанғанымызбен, ауру балалардың кемімей отырғаны шындық. Бұлар да қоғамның бір мүшесі. Бұлар да мейірімге, қамқорлыққа зәру. Жетімдер үйіндегі балалар 18 жастан кейін оқу оқып, жұмыс жасап кете алады. Ал бұлар мынадай жағдайларымен ешқайда бара алмайды. Олардың жыл сайын қатары артып отырғандықтан, 18 жастан асқандар үшін қосымша құрылыс қарастырылып, енді сонда қалатын болды. Одан әрі қарай қалай, қайда баратындары әзірге белгісіз» дейді «Нұрлы жүрек» мекемесі директорының орынбасары Махаббат Алдабергенқызы.

P.S: Қабырғаның арғы жағындағы қоғам. Жәудіреген жетімдердің мекенін өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба осы? Терезенің тұсына барсаң, тесіле қараған көзден денең тітіркеніп кетеді. «Мен кімге керекпін?» дейтіндей. Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы басқа жүйемен өмір сүруде. Оларда баланың балалар үйінде тұруы балаға жасалған қастандық болып есептеледі екен. Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылса да, Неке мен отбасы туралы кодекске қол қойса да, интернаттық тәрбиеге емес, отбасылық тәрбиеге басымдық берсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Балаға қастандық жасаудан қалыспай келеміз…
Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді… 

Гүлжан РАХМАН

Сонымен қатар

ҚЫРАНДАЙ ҚЫРАҒЫ САҚШЫЛАР

Қала тұрғындары ұйқыға батқан кезде, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери полиция қызметкерлерінің мойнында. 2014 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған