-->

ЖЕҢІССІЗ ЖОРЫҚ

Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңін аяқтады. Соңғы турда «Астана Арена» стадионында Армения командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты.

Топтан шығуға еш мүмкіндігі жоқ қос команданың бұл ойыны жолдастық кездесу секілді десек те болады. Әйткенмен біздің отандастарымыз өз алаңында қалай да бір мәрте болсын жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантуға тырысып-ақ бақты. Өйткені ұлттық құраманың қоржынында осыған дейін бір де бір жеңіс тіркелмеді. Армяндар да қарап қалмай, жеңіске барынша ұмтылды. Себебі оларға да өз жерінде Польша құрамасынан ойсырай ұтылғаннан кейін жұбаныш жеңіс қажет-ақ еді.
Александр Бородюк баптайтын команда ойын басталғаннан жеңістен дәмелі екендерін байқатып, алға ұмтылды. Бірақ қарсылас қақпасы сыр бермеді. Есесіне «Манчестер Юнайтедте» тегін жүрмеген Генрих Мхитарян қақпашымен бетпе-бет келгенде допты басынан асыра салып, шеберлігін танытты. 26-минутта соғылған бұл голға отандастарымыз 61-минутта жауап қатты. Мұртазаевтың әуелеткен добын баспен дәл бағыттаған Бауыржан Тұрысбектің жұлдызы жанды. Ол ұлттық құрама сапында үшінші ойынын өткізіп, екі рет ерекшеленді.
Сонымен, есеп одан әрі еселенбей, нәтиже тең аяқталды. Ал топтағы жалпы нәтижеде армяндар – бізден бір саты жоғары. Жалпы іріктеу кезеңін 3 тең және 7 жеңіспен қорытындыладық. Солардың ішінен ең жарқын ойын деп бірінші турда Польшамен кездесуді айтуға болады. Топтың фавориті саналған бұл командаға айбат көрсетіп, тең түскен құрамамыздан одан әрі әжептәуір нәтиже күтіп, үміттеніп қалған едік. Бірақ соңында іргеміздегі Ресейде өтетін Әлем чемпионаты тым алыстап кетті. Осылайша, алыс та жақын Әлем чемпионатымен тым ерте қоштастық.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*