«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеңіске қадам

0 40

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстандағы Беларусь Республикасының елшілігімен бірлесіп, елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының ұйымдас­тыруымен «Жеңіске қадам» атты сурет көрмесі ашылды.

Бұл көрмеге петербург­тік фотосуретші Сергей Ларенковтың 40-тан ас­там туындысы қойылды. Автордың жұмыстарынан Екінші дүниежүзілік соғыс­тың сызы қалған қалалар: Ленинград, Мәскеу, Киев, Одесса, Севастополь, Керчь, Минск, Брест, Берлин, Прага, Вена туралы сурет реконструк­ция­ларынан өткен мен бүгінгі күннің бір бүтін дүниеге айналып кеткендігін көресіз. Егер сіз өзіңізде осы суреттерді көретін болсаңыз, сол оқиғалардың арасында жүр­гендей сезінеріңіз хақ. Осыған қарап фотосуретшінің өз ісіне деген кәсіби шеберлігі мен өнерге өзгеше көзбен қарайтын талантын мойындайсыз. Мәдени шараның ашылуында сөз алған Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов көрме иесінің шығармашылығын жоғары бағалады.
– Сергей Ларенковтың адамдарға, оқиғаға және дәуірге деген аса сезімталдығы мені сүйсіндірді. Оның суреттерінен өткірлікті байқайсыз. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдерде Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген бірде-бір отбасы жоқ. Соңғы отыз жылда Отанымыз бөлек болса да, соғыс туралы естеліктер бәрімізге ортақ, – деді ол.
Сондай-ақ көрмені көруге келген еліміздегі Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшілері де сөз алып, шараны ұйымдас­тырушыларға алғысын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды