«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ: Шығармашылық тоқтаған жерде шоу-бизнес басталады

0 79

Күні кеше ғана Астана төрінде белгілі әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлының «Саған әнім» атты шығармашылық кеші өтті. Бүгіндері «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымын басқаратын өнерпазбен концерт алдында кездесіп, өнердегі өзекті мәселелерге, шығармашылыққа, қызметіне қатысты оқырмандарымыз жолдаған сұрақтарды қойдық.

Ақ-Зия ЖАЙЛЫ:
– Қазіргі кезде неліктен бұрынғы Шәмші, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев, т.б. секілді есті әндері ғасырға жететін біртуар, туабітті талантты композиторлар мен талғампаз әншілер азайып кетті?

– Ол ұстаздарға байланысты. Мысалы, мені сапалы музыка жазуға, әдемі әуен шығаруға кәдімгідей үйретті. Бұл жерде көп нәрсе музыкалық білім беретін мұғалімдерге барып тіреледі. Ұстаз шәкіртінен нені талап етеді, мәселе сонда. Өз ұстаздарымның мықтылығы мынада еді: егер сабақта шаршаңқырап отырсам немесе оқуға зауқым соқпай отырса, мұғалімдерім сабақты тоқтатып, маған демалыс беретін. Жағдайымды сұрап, әрдайым қолдап отыратын. Қазір сапасыз музыканың көбейгенін ұстаз бен шәкірт арасында бұрынғыдай байланыстың жоқтығынан, тіпті бір-бірінен алыстап кеткенінен көрем. Оған күйбең тіршілік мұрша бермей жатыр. Қазіргі композиторлар мен жас әншілерге ізденіс те жетпей жатыр деп ойлаймын.
Шетелдерге де мұрындарымызды шүйіріп қарамауымыз керек. Әлемдік деңгейде алдыңғы орындарда тұрған әнші, композиторлардан әндерді әрлеу жағынан үйренуіміз қажет. Тереземіз тең болуы үшін осы қадамға баруымыз керек. Мысал үшін айтайын: оларда зауыт, фабрика болса, бізде шағын ғана цех. Цехты сол фабрика, зауыт деңгейіне жеткізуіміз қажет. Жасыратыны жоқ, өзім өмір бойы шетелдік және қазақ музыкасын бірдей тыңдап келем. Салыстыра келе, өзімнің стилімді тауып, сахнаға алып шықтым. Шығармашылық тоқтаған жерде шоу-бизнес басталады.

Ару КӨЛБАЕВА:
– Өзіңізге неге әлі күнге шарықтатып, қалықтатып ән сап, шырқап жүрмеске?

– Жасым ұлғайды. Бірақ қартайдым деп айта алмаймын. Қазір романс, музыкалық баллада секілді салмақты жанрларға бет бұрып жатырмын. Табиғи дауыспен, музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен концерт өткізгенді дұрыс көрем. Астанада өткелі отырған концертімде осы тұрғыдан кішігірім шеберлік сабағын көрсетпекпін. Өсіп келе жатқан жас таланттар шынайы музыканың қандай болатынын білуі керек.

Айзада ТҰРМҰХАШЕВА:
– Өнерпаз ретінде сахнадағы өмір мен басшылық қызметтің айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ өзіме бөтен ұйым­дарды басқарған жоқпын. Сол ұйымдардан шықтым. Енді оларды басқарып келе жатырмын. Мен әр әртісті сырт­тай ғана емес, іштей жақсы білем. Осы тұрғыдан алғанда, басқарушылық қызмет маған жеңіл тиеді.

Толқын СҰЛТАНОВА:
– Ұмытпасам, «Қазақконцертке» қарасты «Астана Мюзикл» театры екі мюзиклді сахналады. Қыруар қаражат жұмсалды. Сол қойылымдар бір-екі рет көру үшін ғана жасалған секілді. Қойылған нәрселер айына кем дегенде екі рет неге қойылмайды?

– «Астана Мюзикл» театрының репертуарындағы барлық мюзиклдер үнемі қойылады. Мәселен, былтыр өткен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында қойылған атақты «Ромео мен Джульетта» мюзиклі 30 рет сахналанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылғы желтоқсан айында премьерасы болған белгілі «Қыз Жібек» мюзиклі де бірнеше рет қойылды. Бұған қоса, сапалы мәдени туындылардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аталмыш мюзикл еліміздің басқа облыс орталықтарында да арнайы шақыртумен көрсетіліп жатыр. Үстіміздегі жылдың наурыз-сәуір айларында «Қыз Жібек», «Ромео мен Джульетта», «Достар серті» сынды үздік мюзиклдерді Алматы, Шымкент қалаларының көрермендері тамашалай алды. Декорация, 70-80 адамның үстіндегі ұжым, жол қаражаты бар. Сол жағынан алғанда бізге тиімді болып отыр. Алғашқыда шетелдерге апарып көрсетіп, жақсы баға алып қайтқанбыз. Мәселе – қыруар қаржыда емес, мемлекеттің имиджінде. «Астана Мюзикл» – имидждік жоба. Сондықтан ақшаға қарамай, сапа жағын ойлағанымыз дұрыс. Жақында ғана Францияға барып келген бұл ұжым елімізге деген үлкен қызығушылық тудырды.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– «Қазақконцертте» еңбек ететін әншілердің нақты санын айтсаңыз. Олардың нешеуі домбырамен айтатын əнші, нешеуі эстрада əншісі?

– Аспаптық ансамбльді қосқанда эстрадалық әншілердің саны – 20. Оркестрмен, «Астана сазы» ансамблі­мен бірге дәстүрлі әншілердің саны да – 20.

Ернат ҚАШҚЫНОВ:
– «Астана Мюзикл» театры «Нотр-Дам де Пари» мюзикліне дайындалып жатқанын білеміз. Премьераны нақты қашан көреміз?

– «Нотр-Дам де Пари» – әлемдік деңгейдегі, Гиннесс рекордтар кітабына енген шығарма. Мюзикл тоғыз мемлекеттің тіліне ғана аударылып, сол елдерде көрсетілді. Біз енді оныншы ел болмақпыз. Осындай мюзиклдің қазақ тіліне аударылуы – үлкен жетістігіміз. Ашылғанына екі-ақ жыл болған «Астана Мюзикл» театры осындай зор қадамға барып отыр. Сол арқылы қазақ мюзиклінің деңгейі де көтерілмек. Премьера, бұйыртса, 18-20 желтоқсан күндері өтеді. Бұл туралы алдын ала хабарланып, қараша айында біраз жарнама жасалады.

Толқын ДҮЙСЕНҚЫЗЫ:
– «Астана Мюзикл» театрындағы актерлер сырт­тан келіп, бір рет ойнайтын актерлер ме, әлде тұ­рақты штаттағы әртістер ме?

– Барлығы да тұрақты штаттағы әртістер. Нәпақасын театрдан тауып, актерлік шеберлігін шыңдайды.

Ерлан МҰҚАТАЙҰЛЫ:
– «Қазақконцерттің» эстрада әншілері сахнада фонограмма қолдана ма?

– Мен фонограмма келгенге дейінгі музыкантпын. Әншілер фонограмманы болашақта қолданбасын деп осы қызметке келіп отырмын. Аға буын, біз жас әншілерге маяк ретінде жол сілтемесек, мұны ешкім істемейді. Кейде өзімізге: «Осы біз кімді алдап жүрміз?» деп сұрақ қоямыз. Соған жауапты өз ісімізбен көрсетуіміз керек.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ:
– Өзбекстанда биылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 45 пайызға көтерілді. Қырғыз­станда, тіпті, жалақысы 80 пайызға көтерілетін мәдени мекемелер анықталды. Мәдени мекеме басшысы ретінде әртістердің жалақысы жайлы ойыңыз қандай?

– Өзбекстанда, Қырғызстанда жалақы қалай көтерілсе де, біздің әртістердің жалақысының жартысына жеткен жоқ.

Раушан БАЗАРОВА:
– Әртістер, әншілер той жағалап кетті деген пікір бар. Димаш Құдайберген ұлт абыройын асырғанда «Димашты тойға салмау керек» деп те кезінде айтылған. «Той әншінің талғамын бұзып, тоқырауға ұрындырады» дегенге қалай қарайсыз?

– «Той – халықтың қазынасы» дейді. Тойдан қашпауымыз керек. Тойда Ақан сері де, Біржан сал да, Күләш Байсейітова да, Роза Бағланова да ән салған. Тойда сөйлеген сөзіңді сахнада да айтуға болады. Егер сөз дұрыс болса, әрине. Рас, тойда өтпейтін, бірақ сахнада жақсы тыңдалатын әндер бар. Соны айыра білген жөн. Ал «той әншінің кәсіби деңгейін төмендетеді» деген пікірге қосылмаймын. Қай жерде өзіңнің кәсібилігіңді көрсетсең, сол жер сахна болып саналады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды