«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Желідегі жеке шекараны жеткіншектер қалай белгілейді?

0 147

Интернеттегі жеке шекара мәселесі диджитал медиа саласының ғалымдары арасында сан түрлі дау-дамай туғызып келе жатқанына біраз болды. Әсіресе, олар жасөспірімдердің онлайн өміріне сырт тараптан қол сұғушылық желіде тым жиі кездесетін құбылыс екеніне қынжылады.


Диджитал белсенділік шынымен қауіпті ме?

Халықаралық телекоммуникация ұйымының былтырғы статистикасы бойынша әлем жастарының 71 пайызы интернетті қолданады екен. Жеткіншектердің ғаламтордағы уақыты басқа сайттардан гөрі әлеуметтік желіге көбірек кететінін америкалық Pew зерттеу орталығы бірнеше жыл қатарынан дәлелдеді. Жасөспірімдердің ондағы белсенділігі, атап айтар болсақ, үш-төрт платформаны бірдей пайдаланатыны, профильдеріндегі ақпаратты қайта-қайта жаңартып отыратыны, сурет-видеоларды тұрақты түрде жүктейтіні, өзге кісілердің көзінше бір-бірімен ашық диалог­қа түсетіні бір қарағанда олардың желідегі жеке территориясының тапталуына жол ашатын факторлар секілді көрінуі мүмкін. Осы бағытта ойлайтын болсақ, онлайн өмірдегі шекараңды қорғау­дың жалғыз тәсілі бірде-бір пост жазбай, жаңалықты бөліспей, сурет-видео жүктемей тып-тыныш ғұмыр кешуге саяды. Бірақ бүгінгідей ақпараттық дәуірде, оның үстіне, керекті ресурстың басым бөлігін интернеттен алатын жеткіншектер үшін ол тиімді шешім бе? Әрине, жоқ.

Онлайн платформалар қай тұста мүлт кетеді?

Бақсақ, ересектердің жоғарыдағыдай уайымы әншейін екен. Адамның жеке шекарасын ең маңызды ереже ретінде қарастыратын әлеуметтік желілердің өздері де бұл принциптеріне барлық кезде берік емес болып шықты. Мәселен, Фейсбук платформасында апаңыз сәтсіз шыққан суретіңізді жүктеп, сізді тэгтесе болды, әлгі фото дос­тарыңыздың тізіміне кіретін барлық кісілердің жаңалықтар лентасында көрінетін болады. Тіпті сізді ешкім тэгтемеген күннің өзінде желінің адам түрін танығыш алгоритмі өзгелерге сізді белгілеуді ұсынады. Ал ол сурет жұрттың назарынан аулақ болғанын қалаған сіздің тілегіңізді Фейсбук қаперіне де алмайды. Тағы бір мысал, Инстаграмда жариялаған постыңыз ондағы оқырмандарыңыздың бәріне түгел көрінеді. Оқырмандарыңыздың арасында әкеңіз де, сүйіктіңіз де, бұрынғы сыныптасыңыз да болуы мүмкін. Сіз кей посттарыңызды тек достарыңызбен, кейбірін тек отбасыңыз үшін бөліскіңіз келеді. Алайда Инстаграм сізге ультиматум қояды: ешбір оқырмандарыңыз алдында ыңғайсызданбайтын фото (шын мәнінде ондай фото өте аз) жүктейсіз, я болмаса әлгі фотоңыздың мақсатты аудиториясына енбейтін адамдарды оқырмандар қатарынан өшіріп тастайсыз. Басқаша айтқанда, платформа сізге тек бір ғана мазмұндағы байланыстар (не туыстық, не достық, т.б.) үшін қолайлы болып тұр.

АҚШ жасөспірімдерінің стратегиясы қандай?

Мұндай ситуациялармен күніне бірнеше рет бетпе-бет келетін жасөспірімдер проблеманың тү­йінін табу үшін сан түрлі стратегиялар қолдануға мәжбүр. АҚШ ғалымдары Марвуик пен Бойдтың 2014 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеуінде жеткіншектер солардың бірнешеуін тізіп айтып береді. Мысалы, әлдекімнің постында өзінің тэгтелмегенін қалаған Микала есімді қыз Фейсбуктегі аккаунтын күн сайын деактивизациялап отыруды әдетке айналдырған. Деактивизация дегеніміз платформаның аккаунтты уақытша өшіруге мүмкін беретін функциясы екенін ескерсек, Микаланың әлгі әрекеті шынымен де өзі туралы посттардың ойда жоқта жариялануына тосқауыл бола алады. Өйткені өшірілген парақша Фейсбукте тэгтелмейді.
Тағы бір зерттеуде жасөспірімдер Фейсбуктегі жазбаларын аудиторияларына байланысты қолмен фильтрлеп отырған. Хантер атты жеткіншек «Pokemon» және «The Legend of Zelda» ойындары туралы посттарын тек сыныптастары, ал «Counter Strike» жайлы жазбаларын тек бөлелері ғана оқи алатындай етіп жариялаған. Фейсбукте посттарды фильтрлейтін мұндай функция бар болғанмен, әлгі екі аудиторияның өкілдері бір-бірімен достасатын болса, Хантердің жеке шекара мәселесі тағы да әдіра қалады.

Қазақ балаларында да «тексерілген тәсілдер» бар

Біздің жеткіншектердің де біразынан сыр тартып, сұрап көргенмін. Олардың әлеуметтік желідегі жеке территорияларын қорғайтын әдістері ұқсас болып шықты. Әмина есімді қыздың айтуынша, ата-ана, туған-туыстарға арналған Инстаграм-парақшадан бөлек, өзіңнің ең жақын достарыңды ғана кіргізетін екінші аккаунт ауадай қажет. «Кейде жеке өміріңе қатыс­ты фото жүктегің келеді. Бірақ үлкендерден ұяласың. Сондай кезде екінші парақшам құтқарады» дейді ол. Ал Мансұр атты бозбала өз посттарының құпиялығын сақтау үшін көбісін ағылшынша жазады екен. «Ішкі сырымды құрдастарыммен бөліскім келеді. Оны үлкен кісілердің, әсіресе, туыстарымның оқығанын қаламаймын. Сондықтан арасына жастарға белгілі жаргондарды қосып, ағылшынша жазуға дағдыланып алдым» деп айтады өзі. Жеткіншектердің ішінде әлеуметтік желінің құпия­лылықты сақтауға бағытталған арнайы қызметтерін пайдаланатындар да жетерлік көрінді. Мәселен, Айдана атты бойжеткен Инстаграмда Stories функциясы арқылы фото не видео жүктерде кейбір оқырмандарын сол постты көре алатындар тізімінен шығарып тастайтынын мойындады.

P. S:     Жасөспірімдер еркіндікті интернетте де іздейді. Әлеуметтік желі олардың бір-бірімен араласатын, ақпарат алысатын негізгі ортасы болғандықтан, онда да үлкендерге айтылмайтын әңгіменің, жақын достардан өзге біреумен бөліскісі келмейтін дүниенің болуы заңды. Қызығы, әлемнің қай түкпіріндегі жастар да бұл мәселеге кезіккенде, бір тілде сөйлейді екен.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды