«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жекеменшік мектептің жетістігі неде?

0 58

Forbes Kazakhstan журналы еліміздің ең ірі екі қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ең ықпалды жекеменшік мектептердің үздік 20 ренкингін ұсынды. Аталмыш тізімде елорданың 6 мектебі әртүрлі орынға жайғасқан.

Орта білім берудің коммерциялық секторы бір орында тұрмайтынын ескерген басылым білім беру мекемелерінің 2018-2019 оқу жылындағы шамамен алынған табысына назар аударған. Forbes келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде екі мегаполисте тіркелген мемлекеттік емес мектептердегі оқу құны бір оқушыға жылына 800 мыңнан 8,65 млн теңгеге дейін өседі. Сонымен, үздік жиырмалыққа кірген елорданың 6 мектебі туралы деректерге назар аударсақ.

№ 2 «Haileybury Astana»

Шамамен алғандағы табыс – 4,16 млрд теңге. Бір айда оқудың орташа құны – 809,5 мың теңге. Оқушы саны – 514. Құрылтайшы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин.
Биыл Haileybury Astana алғашқы түлектерін ұшырады. Мектепте 53 жоғары білікті шетелдік педагог жұмыс істейді, олар, негізінен, Ұлыбритания азаматтары. Биыл мектеп жалпы нәтижелері бойынша Mathahigh COBIS халықаралық олимпиадасында алтыншы орынға ие болды. Сонымен қатар мектепте 2019 жылдың ақпан айының соңында жаңа спорт кешені іске қосылды.

№4 QSI Астана халықаралық мектебі

Шамамен алғандағы табыс – 2,23 млрд теңге. Бір айда оқудың орташа құны – 961 мың теңге. Оқушы саны – 258. Құрылтайшы – Quality Schools International коммерциялық емес жеке білім беру мекемесі (Словения).
2005 жылы ашылған мектепте оқыту ағылшын тілінде өтеді. Оқушылардың көпшілігіҚазақстанның резиденті емес.
QSI Астана халықаралық мектебі АҚШ Пенсильвания штаты, Middle State Association of Colleges and Schools (MSA) колледждер мен университеттер қауымдастығының аккредитациясын алған.

№6 Spectrum халықаралық мектебі

Шамамен алғандағы табыс -1,68 млрд теңге. Айына оқу құны-536 мың теңге. Оқушы саны – 348. Құрылтайшы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры». Мектептің табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 79,9 пайызға артқан.
Биыл үш оқушы халықаралық және республикалық олимпиада­лардың жүлде­герлері атанды.

№7 «Нұр-Орда» мектеп-лицейі

Шамамен алғандағы табыс – 1,55 млрд теңге. Бір айда оқудың орташа құны – 207 мың теңге. Оқушы саны – 832. Құрылтайшы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры. Мектепке Project Based Learning (PBL) әдісі енгізілген. Ол оқушылардың өз пікірін еркін жеткізе білуін, сыни тұрғыдан ойлауын, топта жұмыс істеуді, инновациялық тәсілдерді табуды дамытады. Ағылшын тілін тереңдетіп оқыту үшін 4-10 сыныптар деңгейлік топтарға бөлініп, жыл соңында Халықаралық Кембридж емтиханын тапсырады. 10 сынып оқушылары міндетті түрде IELTS емтиханын тапсырып әрі сертификат алады.

№11 «Мирас» халықаралық мектебі

Шамамен алғандағы табыс – 994,4 млн теңге. Айына оқу құны – 402 мың теңге. Оқушы саны – 275. Құрылтайшы – Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры.
2018-2019 оқу жылында «Мирас» мектебіне Қазақстанда алғаш рет жаһандық қауымдастық мүшесі Майкрософт мектеп витринасы мәртебесі берілді, сондай-ақ Халықаралық Бакалавриат ТБЖ үшінші бағалау қорытындысы бойынша оң баға алған (негізгі мектеп бағдарламасы үшін). Сонымен қатар, 124 оқушы осы кезеңде «Кенгуру-математика» және «Кенгуру-лингвист» олимпиадалары, әлемдік мәдениет тарихы бойынша «Золотое руно» конкурсы сияқты республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

№15 Экономикалық лицей

Шамамен алғандағы табыс – 698,4 млн теңге. Айына оқу құны – 88,9 мың теңге. Оқушы саны – 873. Құрылтайшы – Валерий Ильященко, Татьяна Ильященко.
2018-2019 оқу жылында лицейдің 177 тәрбиеленушісі математикадан LUX ALTALS 2019 ІІІ халықаралық тур­нирін, балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» рес­пуб­ликалық конкурсын, Прези­денттік олимпиаданы, 3-4 сы­нып оқушылары арасында «математикалық күрес» рес­публикалық конкурсын, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы қоса алғанда, әр­түрлі республикалық және халық­аралық олимпиадалардың жүл­дегерлері.

  P.S. Адамды ғана емес, қоғамды да алға жетелейтін білім десек, мектеп мәселесі қашанда өзекті болмақ. Қазіргі таңда жекеменшік мектептердегі білімнің салмағы туралы жиі айтылады. Ондағы оқудың сапасы қаншалықты екенін балалары сонда оқитын ата-аналар жақсы біледі. Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, халық саны артып келе жатқан қос қалаға жекеменшік мектептер ауа­дай қажет. Себебі Астананың өзінде 11 мың балаға орын жетпейтіні белгілі. Сондықтан алдағы 5 жыл көлемінде елордада 20 мың оқушыға арналған бірнеше жекеменшік мектеп салынбақ. Отандық және шетелдік инвесторлардың көмегімен іске асырылатын жобалар қала билігі тарапынан қолдау тапты.
Бір айта кетерлігі, жекеменшік мектеп құрылтайшылары сапалы білімді көксеп қана қоймай, оған бизнес көзі ретінде қарауы – заңдылық. Есесіне баласына бір жылдың ішінде қомақты қаржы төлейтін ата-аналардың да қояр талабы өз деңгейінде ескеріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды