«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жекеменшік балабақша: саны көп, сапасы қандай?

0 35

Бүгінде бас шаһарда 369 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 94-і мемлекеттік балабақша болса, 229-ы – жекеменшік балабақша, 43-і – балаларға арналған шағын орталық. Жекеменшік балабақшалардың 92 пайызы, яғни 211-і мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Алайда «жекеменшік» деген сөздің өзі ата-аналар тарапынан күмән туғызатыны рас. Олардың көбісі мұндай балабақшалардың тәрбиешілеріне, ас-ауқатына, бағдарламасына күдікпен қарайды.

Бағасы жағынан аса үлкен айырмашылық жоқ

Жоғарыда аталған мәселеге сәйкес, жуырда елордадағы Оқушылар сара­йында мектепке дейінгі же­кеменшік ұйымдардың ашық есік күні ұйымдастырылды. Онда мемлекеттен дотация алған 20 шақты жекеменшік балабақшаның өкілдері өз ұйымдарының жұмысымен таныстырды.
– Қазіргі таңда астанадағы жекеменшік балабақшалар саны мемлекеттік балабақшаларға қарағанда екі есе артық. Ондағы орындардың біразы бос тұр. Мұның себебі неден? Өйткені ата-аналардың көбісі баласын жекеменшік балабақшаға бергісі келмейді. Оның тамағына, бағдарламасына, педагогтарына іштей сенімсіз болуы мүмкін. Кейбіреулері бағасын қымбат көреді. Шындығына келсек, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жекеменшік балабақшалардың сапасы мемлекеттік балабақшалардан еш төмен емес. Бағасы жағынан да аса үлкен айыр­машылықты байқамаймыз. Мәселен, мемлекеттік балабақшада бір бала үшін бөлінетін орынның орташа бағасы 16800 теңге болса, жекеменшік балабақшаларда бұл 20800 теңгеден басталады, – дейді қалалық Білім басқармасы стратегия, талдау және цифрлы технология бөлімінің басшысы Жазира Асанова.
Оның айтуынша, жұмыс барысы күмәнді балабақшалар да бар, әрине. Егер балабақша Білім саласындағы бақылау департаментінің тізімінде тіркелмесе, онда мұндай ұйымдардың сапасы мен ондағы баланың қауіпсіздігі мәселесіне Білім басқармасы жауап бермейді. Ал тізімге енген балабақшалардың түгелі тиісті нормаларға сай келіп және соны растайтын құжаттарын ұсынды деген сөз.

Тұз шахтасы, цифрлы зертхана, мультистудия бар

Ал жекеменшік балабақшалардың мемлекеттік балабақшалардан артық тұстары бар ма? Бұл туралы Мектепке дейінгі ұйымдар бойынша қазақстандық ассоциация қалалық филиалы жетекшісі Айшат Вагапова айтты.
– Бұдан 5-6 жыл бұрын қалада 50-60 қана жекеменшік балабақша болса, қазірде оның саны 4-5 есе өсті. Балабақша көбейген сайын олардың арасындағы бәсекелестік де артатыны мәлім. Енді олар барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысуда. Тіпті кейбір жекеменшік балабақшалар мемлекеттік балабақшаларда жоқ қызмет түрлерін ұсынады. Атап айтсақ, ондағы балалар мультистудия, тұз шахтасы, цифрлы зертханалар, арттерапия және робот техникасы бөлмелері секілді мүмкіндіктерді пайдалана алады. Олар таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істеп, бес мезгіл тамақ береді. Сондай-ақ балабақшадан аттап баспай-ақ әртүрлі қосымша үйірмелерге қатысуға болады. Бұл, әсіресе, жұмысбасты ата-аналарға үлкен көмек, – дейді ол.
Айтпақшы, астанадағы жекеменшік балабақшалардың әрқайсысы туралы толығырақ ақпарат алғысы келген ата-ана жоғарыда аталған Мектепке дейінгі ұйымдар бойынша қазақстандық ассоциацияға 87017712339 және 87018881424 телефон нөмірлері арқылы хабарласуларына болады.
Орайы түскенде, бірнеше жекеменшік балабақшаның өкілдерімен де тілдесіп көр­ген едік. Солардың бірі Алматы ауданына қарасты Күйші Дина, 31 мекенжа­йында орналасқан «Айналайын» балабақшасының әдіскері Алтынай Атибаева кейбір санаттағы балалар балабақшаға жеңілдікпен немесе мүлде тегін баруға болатынын айтады.
– Біздің балабақша – 120 орындық. Оның түгелдейі мемлекеттік дотацияға өткен. Әлеуметтік осал топтарға жататын, мысалы, көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалар үшін ақы алынбайды. Бүгінде бізде осы ереженің негізінде 8 бала тегін келеді. Одан бөлек, егер балабақшада бір отбасыдан 2 немесе одан да көп бала тәрбиеленсе, онда ол үшін де жеңілдік жасалады, – дейді ол.

Кезек қалай жылжиды?

Айта кетейік, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша балабақша жасындағы, яғни 2 мен 6 жас аралығындағы балалар саны – шамамен 70 мыңға жуық. Оның 80 пайыздайы, яғни 55 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Олардың ішінде 36 пайызы жекеменшік балабақшаға барады.
Білім басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 шілдесі күнгі жағдайға сәйкес, балабақшаға 10 мыңдай жолдама берілген. Оның 8 мыңы бойынша балалар балабақшаларға орналасып үлгерген. Кезек бекітілген ереже бойынша жылжиды. Әуелі жеңілдік санатына жататын азаматтардың өтініші бірінші кезекте қаралады. Жеңілдіктің жоғары санатына әскери қызметшілер кіреді. Одан кейінгі кезекте көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан, сондай-ақ ерекше білім қажеттіліктері бар балалар тұрады. Бұл топқа кіретіндер мен еш жеңілдігі жоқ азаматтардың өтініштері 1:3 алгоритмі бойынша қанағаттандырылады. Яғни жеңілдік санатындағы 3 бала мен жеңілдігі жоқ 1 бала кезектесіп отырады. Ал жеңілдігі жоқ азаматтардың өтініштері сол өтініштің берілген мерзіміне байланысты кезекке тұрады. Неғұрлым ертерек өтініш тастаса, орынды да соғұрлым тезірек алады. Мұнда әрбір секундтың маңызы бар. Демек, кейбір ата-аналардың «Менің балам жылдың аяғында туған, онда өтінішім де кеш қанағаттандырылады» деп алаң­дауы да орынсыз. Бір жылы туған балалардың нақты қай айда, қай күні дүниеге келгені маңызды емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды