«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеке жауапкершілік артады

0 119

Білім беру мекемелері басшыларына қойылатын талап күшейеді. Бұл туралы елордадағы №54 мектеп-лицейінде қала әкімі Әсет Исекешев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және білім беру мекемелері басшыларының қаты­суымен өткен «Астана – адалдық алаңы» жобасының аралық нәтижесін қорытындылау кездесуінде белгілі болды.

Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – сеніп тапсырылған мекемедегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу деңгейін арттыру.
Білім беру мекемелерінің директор­лары үшін әзірленген жаңа құжат заң­дылық, ашықтық, қолжетімділік және кәсіби қызметтің жариялылығы қағи­даттарын сақтау үшін бірінші басшы­лар­дың жауапкершілігін анықтайды. Бағыныштылардың заңсыз әрекеттері үшін жеке жауапкершілігі белгіленген. Оқушылар мен ата-аналардан қаражат жинауды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Құжат бюджеттен бөлінген қаржы ресурстарын ұтымды, ашық және заңды іске асыру үшін жауапкершілікті күшейтуді міндеттейді.
Жиында қала әкімі Әсет Исекешев соң­ғы 3 жылда Астананың білім беру саласын қаржыландыру көлемі 70 пайызға ұлғайғанын мәлімдеді. Нақты деректермен сөйлесек, қаржы 44,6 млрд теңгеден 65,2 млрд теңгеге дейін өскен.
– Мұнымен қоса, жеке инвесторларды жұмылдырып жатырмыз. Мәселен, елордадағы мектепке дейінгі білім беру саласында кәсіпкерлердің араласуымен соңғы 3 жылда 18 мың жаңа орын пайда болғанын байқадық. Тағы бір мысал, 75 мемлекеттік балабақшаға, негізі, 96 млрд теңге қаржы бөлуге тиіс едік. Ал біз мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арқасында жылына 6 млрд теңге қаржы жұмсаймыз, – деді қала басшысы.
Елорда әкімінің сөзінше, білім беру саласында тұрғындар өтінішінің 80 пайызын құрайтын ең танымал мемлекеттік қызметтер көрсету процестері автоматтан­дырылған. «Бұл дегеніміз – балабақшаға есепке алу мен мектепке қабылдау, колледж­дердің жатақханаларына құжаттарды қабылдау мен жолдама беруге шамамен 10-20 минуттай уақыт кетеді. Қазіргі таңда бұл қызметтерді Smart Astana мобильді қосымшасына кірістіру жұмыстары жүріп жатыр» деді әкім. Ал «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева 7 айдың нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік қызметтерді алу халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 2,5 миллионнан астам азамат үшін оңтайланғанын айтты.
Алик Шпекбаев Астана әкімдігінің білім беру жүйесін цифрландыру мен әкімшілік кедергілерді барынша азайту мақсатында қабылдаған шешімдері оңтайлы әсер етіп жатқанын айтты. «Астана – адалдық алаңы» жобасы мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі қаржының ашықтығына жол бастайды. Ата-аналар да жұмысқа белсене атсалысса деймін» деген өтінішін білдірді А.Шпекбаев.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды