«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеке мүлікке жарна төленбейді

0 103

28 шілде күні кейбір БАҚ-тарда: «Барлық қазақстандықтарды азаматтық-құқықтық мәміле жасау барысында сатқан көлігі, үйі сияқты меншік мүлігінен тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндеттеу жөнінде заң шығыпты» деген ақпарат тарап, қоғамды дүрліктірді.

Әсіресе «Фейсбук» әлеуметтік же­лісін қолданушылар: «Өз халқын тонайтын заңға қол қойған Парламент отставкаға кетсін!» деп одан са­йын дау-дамайдың отына май құйды. Алайда ресми тұлғалар бұл сауал­ға жедел үн қатып, түсіндіріп берді.
Алдымен Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова өзінің «Фейсбуктегі» парақшасы арқылы пәтер мен көлік сатудан түскен ақшадан ешқандай зейнетақы жарнасын төлеудің қажеті жоқтығын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық зейнетақы аударымдары азаматтардың еңбек табысынан ұсталады. «Мысалы, кә­сіпорын жұмысшысының еңбек табысы – оның жалақысы, жеке кәсіпкердің кірісі – кәсіпкерлік қызметтен тапқан ақшасы, жеке нотариустікі – өзі көрсеткен қызметінен түскен табысы. Ал азаматтық-құқықтық келісімшарттар негізінде белгілі бір жұмыстарды атқаратын заңды және жеке тұлғалар сол қызметінен тапқан табысына қарай зейнетақы қорына ақша аударады (жеке мүлкін сатқан қаражаттан емес)» деп түсіндірді мәселенің мәнісін вице-министр.
Светлана Жақыпова 14 шілдеде заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша табыс табатын жеке тұлғалар адвокат, сот орындаушы, жекеменшік нотариус, кәсіби медиатор, жеке кәсіпкер сияқты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті түрде төлем жасайтынын айтты. Бұл мәселенің неге халықтың назарынан тыс қал­ғанына Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов жауап берді. «Бұрын жарна төлеу әркімнің еркінде болды. Жарна төленетін кірістердің түрлері нақтыланбады. Бұл, негізі, Үкіметтің қаулысымен реттеледі. Сол қаулыда кімнің және қандай кірістерден жарна төлейтіні толық көрсетілген. Алайда біз Парламентте «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылдағанда Үкімет қаулысына да түзетулер енгізілуі тиіс болған. Енді, міне, сол мәселе халықты алаңдатып отыр. Бірақ заңға енгізілген нормативтік құқық­тық актілер азаматтарды пәтер сатудан, депозит бойынша сыйақы пайыздарынан түскен қаражаттан зейнетақы жарнасын төлеу­ге міндеттемейді» деді Аманжан Жамалов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды