«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеке кәсіпкер болу үшін не істеу керек?

Керек кеңес

0 53

Бүгінде кәсіп ашып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгісі келетіндер аз емес. Бірақ олардың көпшілігі алғашқы қадамды қалай және неден бастау керектігін біле бермейді. Сондықтан жаңадан іс бастаған кәсіпкердің көбісі құжат мәселесіне бас қатырмай, бірден «жеке кәсіпкерлік ашуға көмектесеміз» деген жарнамамен ақылы қызметке жүгінгенді жөн көреді. Алайда жеке кәсіпкерлік ашудың ешқандай қиындығы жоқ. Сонымен, ЖК ашу үшін не істеу керек, қандай құжат қажет?

1-қадам: Бизнестің қай түрімен айналысатыныңызды нақтылаңыз, яғни сауда-саттық немесе өндіріс т.б.

2-қадам: Кәсібіңізден қанша табыс табатыныңызды жоспарлап, сол бойынша ЖК, әлде ЖШС ашу қажеттігін нақтылап алғаныңыз жөн.

3-қадам: Өзіңізбен флеш картаңызды алып, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды цифрлы қолтаңба мен тұрғылықты мекенжайыңыз жайлы анықтама немесе ғимараттың жалға алынғандығы жайында келісімшарт қағазын аласыз.

4-қадам: Өзіңіз тұратын қала немесе аудандағы Салық басқармасының бөлімшесіне барып, құжаттарыңызды тапсырасыз.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ҚАЖЕТ?

1) Тұрғылықты мекенжайыңыз жайлы анықтама немесе ғимараттың жалға алынғандығы жайында келісімшарт;
2) 3.5см*4.5см екі сурет;
3) Жеке куәлігіңіздің көшірмесі;
4) ЖК (жеке кәсіпкерліктің) мемлекеттік тіркелу куәлігін алу үшін өтініш білдіру;
5) ЖК-ны тіркеу үшін 2 айлық есепті көрсеткіш (2*1 731теңге = 3 462 теңге) мөлшерінде төленген мемлекеттік төлемдердің төленгені туралы түбіртек.

Осы аталған құжаттарды тапсырғаннан кейін үш жұмыс күнінен кейін сізге ЖК куәлігі беріледі.

РӘСІМДЕУ ЖОЛДАРЫ

ЖК-ны екі түрлі тәсілмен рәсімдеуге болады, яғни онлайн және офлайн:

– elicense.kz немесе egov.kz порталы арқылы онлайн түрде;

– Салық органына бару.

№1 тәсіл, elicense.kz порталы арқылы онлайн түрде:

  1. Порталға кіріп, тіркеліңіз. Егер сізде электронды цифрлы қолтаңба кілті болса, оны авторландырыңыз;
  2. https://egov.kz/cms/ru/services/business_registration/reg_ip сілтемесі бойынша өтіп, «онлайн қызметіне тапсырыс беру»-ді басыңыз;
  3. Экранда сіз кәсіп ашуды жоспарлап отырған және алда салық төлейтін тұрғылықты облыс немесе қаланы таңдау ұсынылады;
  4. Сіздің көрсеткеніңіз бойынша ЖК-ның қызметі жайлы форма пайда болады. Егер сіз ЭЦҚ-ны авторландырсаңыз, оның біраз бөлігі автоматты түрде толтырылады.
  5. Тиісті торкөз толтырылғаннан соң «мемлекеттік кірістер органына сауал» дегенді басып, ЖК жөніндегі жан-жақты сұрақтарға жауап бересіз.

Тіркелудің сәтті аяқталғаны жайлы жауап бір күн ішінде келеді. Тіркеуден өткеніңіз туралы тұжырымдаманы «Менің хабарламаларым» бөлімінен көресіз.

№2 тәсіл, салық органына бару:

Егер сізге электронды тіркелу тәсілі ыңғайлы болмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша салық органына барып, сол жерде тіркелесіз.

Тіркелу үшін қажет құжат:

  1. Жеке куәлік;
  2. ЖК ашу жөніндегі өтініш бланк. Оны салық органының қызметкерлері ұсынады.
    Ал тіркеу туралы куәлік 2017 жылдан бері берілмейді. Жалпы, тіркеу куәлігі жайлы түсінік Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталған.

ЖК тіркеу үшін заңды некедегі жұбайының келісімі қажет емес. Алайда егер ерлі-зайыптылар өздеріне ортақ жылжымайтын мүлікті пайдалануды көздеген жағдайда жұбайының келісімі міндетті түрде сұралады.

САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ ТУРАЛЫ

Салық режимінің 3 түрі бар:

– жалпыға белгіленген;

– патент негізіндегі;

– жеңілдетілген декларация негізіндегі режим.

  1. Жалпыға белгіленген режимін пайдаланады:

– төменгі рентабельді және жоғары айналымға ие кәсіпорын;

– алкоголь сусындары мен темекі өнімдерін өндіру, мұнай өнімін жүзеге асыру, шыны ыдыстарды қабылдау, есепші (бухгалтерлік) және қаржылық қызметтер ұсыну және т.б. айналысатын кәсіпорын;

– әртүрлі елді мекен бекеттеріндегі жұмыспен айналысатын кәсіпорын;

– жылдық кірісі 24 038 АЕК-тен жоғары (60,7 млн теңге) кәсіпорын.

  1. Патент негізіндегі режимін пайдаланатын кәсіпорын:

– жалдамалы жұмысшылары жоқ;

– жылдық кірісі 3 528 АЕК (8,9 млн теңге) аспайтын;

– кәсіпкерліктің салық төлемі – кірістің 1 пайызы. Сондай-ақ зейнетақы және әлеуметтік жарналар;

– қызмет бағыты шектеулілердің тізіміне енгізілген (сауда жұмысында патент негізіндегі режим Қазақстанда 2020 жылдан бастап алынып тасталады).

  1. Жеңілдетілген декларация негізіндегі режимді төмендегі шарт бойынша жұмыс жүргізетін жеке кәсіпкерлер пайдаланады:

жұмысшылар саны 30-дан төмен;

– есеп беру уақыты – жарты жыл;

– кірісі 24 038 АЕК (60,7 млн теңге) аспайды;

– салық төлемі – табыс дерегіне сәйкес, кірістің 3 пайызы

– зейнетақы және әлеуметтік жарналар.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды