«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеделсатының жөнделуіне кім жауапты?

0 83

«Көктем» тұрғын үй кешені тұрғындары үш ай бойы лифті пайдалана алмады. Оның үстіне, пәтер иелері мен лифтке қызмет көрсететін ұйым арасында келісімшарт жасалмағанына көп жыл болған. Жалпы, ПИК-ке байланысты өзге де құжаттарда шикіліктер бар екен. Тұрғындар түйткілді мәселені шешу үшін қалалық мәслихатқа шағымданды.

К.Күмісбеков, 8 мекенжа­йында орналасқан көп пәтерлі үй тұрғындарымен қалалық мәслихат депутаттары Сәрсенбек Жүнісов пен Ирина Манжанова тиісті органдар өкілдерімен барып, орын алған жағдаймен танысты.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде лифтер жиі істен шығады. «Лифт бұзылғанда біз «Көктем» ТК «Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» ұйымына арыздандық. Жауапты компанияның мамандары тексеру жүргізіп, жүйелік тақтаны ауыстыру керектігі жөнінде шешім шығарды. Жұмысты 3 миллион теңгеден астам сомаға бағалады. Біз арзанырақ түсетін жұмысты ойлап, басқа компанияға өтініш түсірдік. Ол жерде 1 миллион теңгеге арзан істеп береміз деді. Алайда келісімшарт жасау кезінде ПИК-тің құжаттары дұрыс емес болып шықты. Лифтке қызмет көрсететін компаниямен келісімшарттар болмады. Сонда біз осы уақытқа дейін лифт қызметіне не үшін қаржы төлеп келгенбіз?» деді тұрғындардың бірі.
Соған қарамастан, пәтер иелері өз күшімен лифті жөндеуді шешіп, алдын ала төлем үшін қаржы жинады. Бірақ қыз­метті ұсынушымен келісімшартқа отыру үшін ПИК реквизиттері керек болған. Мұны ПИК басшысы ұсына алмаған.
«Біз ПИК басшысының жұмысына риза болған едік. Оны ауыстыру туралы ойымыз да болған жоқ. Ол өз жұмысын тамаша атқарады, алайда құжаттар жағынан салақ екен. Лифті жөндету үшін қажет құжаттарды қалпына келтіру жағынан көмек сұраймыз. Бәлкім, ПИК басшысына іс жүргізуден курс алу керек шығар? Сонда құжаттармен осындай түсініспеушілік тумайды деп ойлаймыз» деді тұрғындар.
ПИК басшысы денсаулығына байланысты бұл кездесуге қатыса алмағандықтан, мәселе шешілмеді. Сондықтан депутаттар арада екі аптадай уақыт өткен соң, оны тыңдау үшін сол орынға тағы барды.
Бұл уақыттан соң істен шық­қан лифт мәселесі шешілгені анықталды. Көтергіштің күрделі жөндеуі басталды. Алайда құжаттар жағынан әлі де шешімін күтетін мәселелер бар екен. ПИК басшысы жергілікті атқарушы органдары, мәслихат депутаттары және тұрғындар алдында ақталуға тырысты. Ұзаққа созылған дау­лар, пікірталастар мен айып­таулардан кейін әр тоқсан сайын тұрғындарға қаржылық есептер берілетіні айтылды. Ал лифтке қызмет көрсететін ұйыммен келісімшарт жыл басында жасалған. Бұл ұйым тоғыз жылдан бері қызмет көрсетіп келеді екен.

Ауызбіршілік болмаған соң, үй тұрғындары тиісті құжаттарды уақытында ала алмады. Енді лифт шаруашылығына тәуелсіз сараптама жасай алмайды. Аталмыш сараптама лифтердің бұзылуын анықтап берер еді. Егер көтергішке тиісті деңгейде көңіл бөлінбегендігі анықталса, онда қызмет көрсетуші компания жөндеу шығындарының бір бөлігін жабуы тиіс еді. Бірақ бүгіндері тұрғындар басқа лифт ком­паниясымен келісімшартқа отырып, өз күшімен жөндетіп жатыр. Компанияға алдын ала төлем жасалды, қаржының қалғаны «Астана БЕО» түбіртектері арқылы жасалмақ.
«Техникалық қызмет көрсету – бұл лифтің жағдайына, ұсақ бөлшектердің тозуына техникалық бақылау жасау. Бұған ағымдағы және күрделі жөндеу кірмейді. Басқасына пәтер иелері жауапты. Өйткені бұл – олардың ортақ мүлкі. Тұрғындарға жұмыстар кестесі, тиісті карта көрсетілуі тиіс. Яғни олар техникалық қыз­мет көрсетудің тізіміне кіретін жұмыстардан хабардар болуы керек. Тұрғындар атқарылған жұмыстың сапасын қадағалауы қажет» деген И.Манжанова лифт жөнделген соң тиісті келісімшартқа отырып, қызмет көрсетуші компания жұмысын жүйелі түрде тексеріп отыруды ұсынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды