Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЕНДІ ЖЕДЕЛДЕЙ МЕ? ЖАҢА ҚАҒИДАТТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?

Күні кеше Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес елімізде медициналық қызмет көрсету қағидалары бекітіліп, заңды күшіне енді. жедел медициналық қызметтер туралы жаңа құжат ел азаматтарына жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің сараланған тәсілін ұсынады. Яғни, жаңа талапқа сай жедел жәрдем қызметі 4 санат бойынша қызмет көрсететін болады. Алайда бұл жаңалық көбінесе сыннан көз ашпайтын саланың түйткілді мәселесін шеше ала ма?

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ 4 САНАТҚА БӨЛІНДІ
Министрдің ресми мәліметіне сүйен­сек, жедел шақыртулар санаттары бойынша белгілеріне (синдромдарына) қарай оңтайландырылған және топтастырылған. Атап айтқанда, 1-категория бойынша пациенттің өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін жағдайда, жедел жәрдем 10 минутқа дейін келуі керек. Сондай-ақ, пациенттің өміріне ықтимал қатер төндіретін, медициналық көмексіз жағдайға душар болған азаматқа 15 минутқа дейін көмек көрсетілуі тиіс. Бұдан бөлек, 3-категория, яғни пациенттің денсаулығына ықтимал қатер төндіретін оқиға туындаса, медициналық көмек 30 минутқа дейін келуі қажет. Ал пациенттің жағдайы жіті аурулары немесе созылмалы аурулардың асқынуымен, кенеттен және айқын көрінген ағзалар мен жүйелердің бұзылуымен көрінетін, науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп жоқ жағдайда, жедел жәрдем 60 минуттың ішінде жетуі міндетті.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕКТІ ӘРБІР АДАМ ЖАСАУЫ КЕРЕК
Министрліктің мәлімдеуінше, бірінші 3-категория бойынша жедел меди­ци­­на­­­лық көмек стансасы деңгейінде көрсетілетін болады. Ал 4-категория емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері деңгейінде көрсетіледі. Яғни, емхана деңгейінде жедел медициналық көмек көрсететін бөлімшелер тәулігіне 24 сағат бойы шақыртуларды қабылдайтын болады. Министрлік бұл жаңа бастаманы шұғыл көмек көрсетудің 3 кезеңі арқылы госпитальға дейінгі өлім-жітімді төмендету үшін жасап отырғанын айтады.

Сондай-ақ, жаңа бұйрыққа сәйкес, алғашқы көмек бригадасының келуіне дейін жедел медициналық көмекті қарапайым адамдар да көрсете беруі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет, білім беру, көлік, өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік және тағы да басқа сала өкілдері алғашқы медициналық кө­мекті көрсете алады. Сонымен қатар, осы бұйрықтың жаңа форматында стационарлардың ауруларды қабылдау бөлімінде пациенттердің триаж-сұрыптауын күшейту және оларды кез келген патологиямен қабылдау ұсынылады. Бұдан бөлек, қабылдау бөлімі деңгейінде уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсету, қажет болған жағдайда, пациент­тердің жай-күйін тұрақтандыруға дейін алғашқы реанимациялық және өзге де іс-шараларды көрсету үшін жаңа дәрігерлік мамандық – қабылдау бөлімінің дәрігері («emergency doctor») енгізілген.

МИНИСТРЛІК БАСТАМАСЫНДА МІН ЖОҚ ПА?
Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа ережесіне әркім әртүрлі көзқарас білдіріп жатыр. Мәселен, кейбір сыншылар «Жедел жәрдем қызметі аты затына сай адамдарға шұғыл көмектесу керек. Алайда біздің онсыз да шабан қимылдайтын жедел жәрдем қызметіміз 1 сағатқа дейін көмекке келмейтінін заңдастырып жатыр» деп айтып жатыр. Бір қарағанда, бұл пікірдің жаны бар сияқты. Әйтсе де, көпшіліктің арасында министрліктің ­бас­тамасын қолдайтынын білдіріп жатқан жандар да баршылық. Мысалы, кей кездері өлім аузында жатқан адамдарға жедел жәрдем көлігі кешігіп келіп, соның салдарынан қайғылы жағдайлар болып жатады. Алайда дәл осы кезде медициналық көмек жеңіл-желпі ауырған науқастың шақыртуы бойынша кетіп бара жатуы мүмкін.

Мәселен, осыдан екі ай бұрын Қорғалжын тас жолының бойында көлік жүргізіп келе жатқан азамат жүрегі ұстап, көлікке ие бола алмай қалды. Біз жүргізушінің жүрегі ұстап, жолда талып қалғанын айтып, жедел жәрдем қызметін шақырған болатынбыз. Әйтсе де, Астана қалалық жедел жәрдем қызметі 40 минуттан кейін әзер дегенде жетті. Ал дәл осы кезде аталған жолдың бойынан тағы бір жедел жәрдем көлігі басқа науқасқа кетіп бара жатты. Біз оны тоқтатып үлгере алмадық. Өкінішке қарай, 40 минуттан кейін науқасқа жедел жәрдем көрсеткенімен, көлік жүргізушісі сол жерде қайтыс болды. Бұл жерде алғашқы медициналық көмек көрсете алмаған біздің де айыбымыз бар.

Егер министрліктің қаулысы бұған дейін шыққанда, жүрегі ұстап қалған жүргізушіге бірінші санатта көмек көрсетілетін бе еді? Әйтсе де, біздің сыннан көз ашпайтын жедел жәрдем қызмет 3 пен 4-категорияның негізінде жұмыс жасауға әдеттеніп алған. Осындай оқыс оқиға орын алған кезде ең бірінші болып қауіпті жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетілуі керек. Сондықтан да бұл тұрғыдан келгенде Денсаулық сақтау министрлігінің заңы өте орынды.

ХАТ ЖАЗЫП ОТЫРУҒА УАҚЫТ ТАР
Алайда осы бір орынды ережеге бай­­­­ланысты Астана қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы өкілдері пікір білдіріп, өз ойларын айтудан ат тонын ала қашты. Біз бас дәрігер Сапарбек Дүйсеновке «Жаңа ереженің жұмыстарыңызға қаншалықты пайдасы бар?» деп сұрақ қойғымыз келген. Алайда бас дәрігердің «басты хатшысы» Нұрбану Төкенова өздерінің Денсаулық сақтау басқармасының рұқсатынсыз жауап бере алмайтынын айтты. Сондай-ақ, ол сұрақ қою үшін жедел жәрдем медициналық жәрдем стансасына арнайы хат жазу керек екенін ескертті.

Осыдан кейін Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, мән-жайды түсіндірген едік, олар Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен рұқсат алу керек екенін жеткізді. Абырой болғанда, баспасөз қызметінің «батасын» алғанымызды айтып, қайта хабарласып едік, ол Сапарбек Дүйсеновтің қолы тимейтінін, оның орнына бас дәрігердің орынбасары Сайлаубек Айтмағанбетов жауап беретінін айтты. Алайда ол да Денсаулық сақтау басқармасының пәрменінсіз ештеңе айтпайтынын алға тартты. Осы кезде Ата Заңға сәйкес журналистің «Ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға» құқылы екенін айтып, әрең дегенде пікір беруге көндірдік. Сайлаубек Айтмағанбетовтің айтуынша, министрлік ұсынып отырған ереже жедел жәрдем қызметіне тың серпін береді.

– Біз бірінші, екінші және үшінші санаттағы науқастарға жедел барып, қызмет көрсетеміз. Ал 4-санатқа жататын азаматтар созылмалы науқасқа шалдыққан жандар болып есептеледі. Мәселен, бізге басы немесе іші сияқты жеңіл-желпі аурумен ауырып жатқан адамдар хабарласады. Осындай науқастарға көп уақытымыз кетіп, ал дер кезінде көмек көрсетілуі тиіс жандарға кешігіп қалып жатамыз. Әрине, біз созылмалы науқаспен ауыратын адамдар шақырса, бармай қоймаймыз. Шын мәнісінде, олар өздері тіркелген емханада қаралуы керек. Жалпы, министрліктің осы ережесінен кейін біз нақты жұмыстармен айналысатын боламыз, – дейді ол.

Денсаулық сақтау басқармасы ғана емес, бүгінде кез келген мекемеден қандай да бір жауап алғыңыз келсе, «Басқармадан рұқсат алыңыз немесе хат жазыңыз» деп айтады. Алайда кейбір мәселеге байланысты басқармадан рұқсат алып, арнайы хат жазып отыруға уақыт тапшы. Оның үстіне бірнеше күн бойы хаттың жауабын күтіп отырғанда, көтеріп отырған мәселеңнің маңызы жоғалып кетеді. Өкінішке қарай, мұны басқарма басшылары мен құзырлы орындар түсінбей жүр. Ұзын сөздің қысқасы, Ақпарат құралдары туралы заңнан басқарма басшысының ауызша айтқан бұйрығы басым болып тұр…

Серік
ЖОЛДАСБАЙ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*