ЖАЗЫЛ, ҚАЗАҚ, ГАЗЕТІҢЕ!

Міне, қыстың алғашқы айы – желтоқсан да есік қақты. Сонау қоңыр күзде бастау алған мерзімді басылымдарға жазылу науқаны осы айдың соңына қарай жемісін жинайды. Барша басылымдар өз оқырмандарын санай бастайды. Көп қалған жоқ осы науқан бітуіне, асыға түс, оқырман, қапы қалма, жазыл газет-журналыңа деп барша басылым қазір үн қатуда. Солардың арасынан отыз жылға жуық тарихы бар – бас қаланың бас басылымы – «Астана ақшамының» да үні естіледі.

Біздің газет бетінде басылымнан қол үзбе деп аузы дуалы Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Сансызбай Есілов, Ержұман Смайыл, Оразкүл Асанғазы, Алдан Смайыл сияқты абыройлы азаматтар сөз арнады. Елбасының бел баласындай төл қаласы – Астана жедел дамып, өркендей өсіп, 1 миллионнан астам тұрғыны бар алып шаһарға айналды, ал төл басылымдарының таралымы осы қарқынға сай емес.
Сонау өткен ғасырдың басында Алаш арыстары елді ояту, сілкіндіру, жұмылдыру үшін басылымдар аша бастаған еді. Оған көп болып көмек көрсеткен, біреу бір қой, біреу бие, біреу түйе дегендей, әркім қолынан келгенше көмектескен, қазақ байлары да қарап қалмаған. Ал бакулік алпауыт кәсіпкер Зейнел-Ғабиден Тағиев 100 жылқы (мың рубль) айдатқан еді, 1911-1913 жылдары шығып тұрған «Қазақстан» газетіне көмек болсын деп. «Казит – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, казит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп жазды «Қазақстанның» тұңғыш нөмірінде ұлт ардақтысы Ғұмар Қараш. Қазір «Қазақстан» газеті жоқ, есесіне тәуелсіз Қазақстан бар. Санамалап шықсаң, қазақ басылымдары көп емес, тәуелсіз елімізде, әрқайсысының өз жолы, үні, бағыты бар. «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген еді Алаш арыстары. Сондықтан ұлттық басылымдарға ұлттық мүддені сақтап, жетілдіретін құрал ретінде қарау орнына нарық заңы, заман талабы басқаша деген түсінік қалыптасқан сияқты. Ойбай-ау, газетті қайтеміз, сайттан қараймыз ғой дейтін «данышпандар» да аз емес. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары – ұлттың деңгейін, мәдениетін көрсететін бір белгі. Сондықтан дамыған батыс та, баяулау шығыс та газет-
журналдарымен қоштасып жатқан жоқ, заманға бейімдеп дамытып жатыр. Технология қарыштап өркендеген, әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған ел – Жапонияда 1876 жылдан бергі шығатын «Асахи Симбун» газеті күн сайын 2 рет 5 миллиондай данамен тарайды, оның 66 пайызы жазылым арқылы жеткізіледі. 1872 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Майнити Симбун» басылымы таңертең 3 миллионнан астам, кешке 2 миллионға жуық данамен тарайды. Екі ежелгі басылымның да электронды және ағылшын тіліндегі нұсқалары жақсы дамыған. «Санкэй симбун» деген өндірістік, экономикалық бағыттағы басылымның өзі күніне 2 рет 1,6 миллион данамен тарайды. Жалпы, жапон халқы 126 миллион болса, күнделікті басы­лымдарының таралымы 70 миллионға жетіп отыр, баласы бар, қарты бар 2 жапонның бірі газет алатын болған ғой, сонда. Миллиардтаған тұрғыны бар Қытайдың бас газеті «Жэньмин жибао» күн сайын 2 миллион 800 мың данамен тарайды, жыл сайын 100 мың оқырман қосып отыр, дегенмен, олар үшін жапонның ауылы әлі алыс. Тұрғындары Жапониядан артық алып Ресейде де ең көп таралым 3 миллиондай екен. Кешегі Алаш арыстары жапон үлгісін, үрдісін үйренсек деп текке айтпаған, әрекеттенбеген екен ғой. Ондаған ғана басылымды көпсінбейік, ағайын, жазылайық, бірге дамытып, көркейтейік!
«Қазақстанның» ізін ала
1913 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газеті: «Әуелі газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі… Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп отырмыз» деп жазды. Аталарымыз «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп бекер айтқан жоқ қой. Тасқа басылған сөзіміз жоғалмасын…

Еркін Қыдыр

Сонымен қатар

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Елорданың үш жылдық бюджеті бекіді – 369 млрд теңге 2018 жылға. Астана қалалық мәслихатының депутаттары қаланың 2018-2020 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған