«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазушының жаңа кітабы

0 95

Таяуда белгілі жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Табиғатпен бетпе-бет» атты қазақ және орыс тілінде аңшылық, саятшылық һәм табиғат қызықтары тақырыбындағы ең қысқа әңгіме-новеллалары топтастырылған жинағы жарық көрді. Жаңа туынды көрсек, құныға оқитын әдетімізбен кітапты әп-сәтте тауысып тастадық. Оқырманды жетелеп отыратын тілі жеңіл, айшықты оқиғалармен өрілген көркем дүние көңілімізден шықты.

Жинақ екі бөлімнен тұрады: алғашқысы «Қаратау хикаялары» болса, екіншісі «Бурабай балладалары» деп атанған. Бірінші бөлімге бас-аяғы 26 оймақтай әңгіме кірген. Онда қарт аңшы мен жас баланың аңға шыққан оқиғалары, көпті көрген қарияның аңшылық әңгімелері баяндалады. Біз қаламгердің қарт Қаратаудың баурайында дүниеге келгенін білеміз. Сондықтан ба, баланың бейнесінен жазушының жеткіншек кезін көргендей болдық. Өйт­кені қандай суреткер болса да, әуелі өзінің басынан кешкен немесе өмірде өз көзімен көргендерді шығармасына астарлап болса да арқау ететіні хақ. Қаламгер аңшы қарияның болмысын ұтымды детальдармен дәл бере білген. Оның бойынан бірде дана, бірде бала, қысқасы, дала қазағының боямасыз келбетін көреміз. Кітаптағы туындылардан көтеріп тұрған жүгі ауыр, адамды терең мұңға батыратын философиялық ойларды да байқадық.
Мәселен, «Жас лақ жас бала секілді…» деген әңгі­мені алайық. Қысқа ғана, әрі кетсе бір беттен аспайды. Мұнда қарт аңшы мен жас баланың аңға шыққандағы бір оқиғаны өзек етеді. «Атай мылтық атқан орнынан тап­жылар емес. Біреуін дөп көздеп, жатқызған-ау! Өзгелері тым-тырақай қашып барады. Бірақ… атай қозғалмайды. Ақбөкенді қоя тұрып, Қалекеңе жақындадым. Мылтығына сүйеніп әлі отыр. Үлкен кісінің болмашыға қамыққан көңілсіз күйін алғаш көруім бұл. «Қалеке, мұныңыз не» дедім абыржып. Ол үндеген жоқ. Кәрі жанарынан еріксіз лып етіп ытқып шыққан мөлдір тамшылар әжімді бетке жол салып, сыр­ғып барып, қау сақалға еніп, жоқ болып кетіп жатыр». Осы жердегі мына бір үзіндіге, үзіндідегі ойға зер салыңыз. Қария тіршіліктің дәмін енді тата бастаған қып-қызыл қанға боялып жатқан лақтың өлігін көріп: «Өзгесі болса бірсәрі, жап-жас лағы екен. Егер жас бала шетінесе, адам ғой, қандай қайғырар еді. Жас лақ та жас бала секілді… Көңілімді толқытып, ойыма қайдағы-жайдағыны түсіргенін көрмеймісің!… Мүмкін ана үрке қашқан көп тобыр киіктің ішінде мына бейкүнә лақтың енесі де еңіз-теңіз жылап бара жатқан шығар. Қарғап, лағнет айтып бара жатқан шығар бізге…» деп қапалы ойға батып, қамыға күрсінеді. Осыны оқығанда қария ғана емес, оқырман ретінде біз де әрі-сәрі күйге түстік. Егер де осы шығарманы қолға мылтық ұстап, «аңшымыз» деп кеуде керіп, желік қуып, талай ақбөкенді қанға бөктіріп жүрген пенделер оқыса қандай күйге түсер еді деп ойладық.
Жалпы, «Қаратау хикая­ларындағы» әңгімелерді қызығып оқисыз. Ондағы оқиғалардың бәрі ұнамды, шынайы бедерленген. Шы­найы шабыттан құйылып түскен жазбалар секілді көрінді. Аңшы ақсақалдың болмысы да адамды тартылыс күшіндей тартып отырады. Оған кейбір қылықтарына кейде күліп, кейде мұңайып қаласыз. Автор «Қожанасыр қарт» деген әңгімеде қарияның мінез-құлқын дәл суреттейді. «Ол – болмысында қызық жаратылған, әр сәттік қимылы өзгелерден оқшауланып тұратын кісі. Жасы жетпісті алқымдаған бұл адамның тіршілік әдеті де тіптен өзгешелеу: тұйық мінезді жан әдетте тау құлап жатса да тырс етпей жүреді; ал кейде сол салмақты қалпынан аяқ астынан жалт беріп, өзгеріп сала береді; түкке тұрмас нәрсеге шарт-пұрт ашуланып, түтігіп ала жөнелетіні бар». Міне, осыдан-ақ, шежірешіл Қалабай қарияны өз көзімен көрмесеңіз де, көз алдыңызға бейнесі дөңгелеп келе қалады.
Айтпақшы, жылқының жылағанын көргеніңіз бар ма? Өз басым, ауылда тусам да көрген жоқпын. Бірақ «жылқы жыласа, бір жамандық бола­ды» деуші еді үлкендер. «Жыл­қының жылауы» деген әңгімедегі осы ойымыз бен Қалабай қарияның шерткен сыры үндеседі екен. Шығармадан түсінгеніміз: өмірде адамға ма, малға ма жасалған қандай қиянаттың кім-кімге де түбі ешқандай опа бермейтінін қаламгер тұспалдап айтады.
Ал екінші бөлімдегі – «Бурабай балладаларына» таңғы шықтай мөлдіреп түскен табиғат новеллалары жинақталған. Оны бір деммен оқып шықтық. Оқыған сәттен-ақ қант қиығындай ери жөнелетін туындыларды оқырмандардың өз еншісіне қалдырғымыз келді.
Тұжырып айтқанда, қазақ әдебиеті дейтін алып мұхитқа «Тар дүние» деген өткен ғасыр­да халқымыз бастан кешкен оқиғалардың кең көлемді панорамасын көркем суреттеген сүйекті үш кітабымен қосылып, аузы дуалы аға жазушылардың батасын алған, қаламы қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының кезекті жаңа кітабы да оқырмандар ризашылығына бөленері даусыз деп ойлаймын.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды