«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазира – Жайық

0 21

Ұлттық музейде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Жайық бойындағы қылқалам шеберлері туындыларынан топтасқан «Жазира – Жайық» атты көрме ашылды.

Орал өңірі – Еуропа мен Азияның тоғысқан жері. Сондықтан да бұл жерде бейнелеу өнері ертеден қанат жайған. Бүгінде аймақта Қазақстан суретшілер одағының 30-ға тарта мүшесі бар. Олар бейнелеу өнерінің графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы және мүсін жанрлары бойынша жұмыс істейді. Қазір оралдық қылқалам шеберлерінің картиналары республикалық, халықаралық көрмелерге қойылып, білікті сыншылар тарапынан жоғары бағаланып жүр. Сондай-ақ соңғы он жылдан бері «Жазира – Жайық» атауымен аймақ суретшілерінің еліміздің Ақтөбе, Атырау, Алматы шаһарлары мен Ресейдің Уфа, Самара қалаларында көрмесі ұйымдастырылған.
Көрмеге қойылған туындылар арасында өмірден ерте өткен бітімі бөлек суретші Сәкен Ғұмаровтың картиналары өзгеше өрнегімен, тосын құбылысымен көрермендерді таңғалдырды. Сәкен ағамыздың бар ғұмыры туған жерінде өтті. Әлемдік бейнелеу өнерінің талай тұлғаларын дүниеге әкелген бүгінгі Санкт-Петербург қаласында білім алған. Оның жұмыстары өзімізге ғана емес, басқа елдерге де жақсы таныс. Көзі тірісінде Мәскеу, Ялта, Киев, Сочи, Алматы секілді шаһарларда көрмесі өтті. Ғұмаровтың картиналарын суретшілік жанрдағы ешқандай мектеп, ағымға сыйғыза алмайсыз. Ол өз еңбектерін абстракциялық үлгіде жазады. Оның қазақ қаламгерлері шығармаларындағы және халық ауыз әдебиетіндегі құстар бейнесін негізге ала отырып салған «Аққұс» топтамасын ерекшелеп айтуға болады. Түйіндеп айтқанда, жадырап аққан Жайық бойынан келген суретшілердің еңбектерінен өткен ғасыр мен келешек арасындағы рухани үндестік шебер өрілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды