«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазда қандай кітап оқыдыңыз?

0 78

Жақында фейсбук желісінде Жасұлан Серік есімді азамат «Мен қалай оқушыға кітап оқыттым?» деген тақырыпта жазба жариялады. 2014 жылдан бастап мектепке мұғалім болып орналасқан ол, балаларды әдебиетке қызықтыру үшін өз қалтасынан ақша шығарып, бәйге жариялағанын айтқан.

 

«Ең бірінші жұмысым сы­ныптың деңгейіне келерлік әдеби шығармалар таңдау болды. Алғашқы үш айға шығармаларды таңдап, хабарландыру жасадым. Тіпті таңдалған шығарманы қай жерден, қай сайттан алуға болатынына дейін жазып қойдым. Бірінші айға қойылған шығарма Мұх­тар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» болды. Кітап оқу сайысына өз қалтамнан қаржы тіктім. 1-орынға – 3000 теңге, 2-орынға – 2000 теңге, 3-орынға – 1000 теңге және 500 теңгеден 3 ынталандыру сыйлығы болды» дейді ол.
Осылай белгіленген уақыттан кейін сайысты бастап, шығарма ішінен кейіпкер мінезі, оқиғалар немесе шығармадан екі-үш сөйлем ғана айтып әрі қарай іліп әкету деген секілді тапсырмалар берген Жасұлан ал­ғашқыда шараға 10-нан аса оқу­шы қатысқанын жазыпты. Екі сағатқа созылған сын сағат өте қызықты өткен. Ал келесі айда қайта басталған сайысқа басқа сыныптың оқушылары да өтініш білдіріп, қатысады. «Абай жолынан» бастап шетел әдебиетіне дейін қамтыған осы шараның ықпалымен мектеп, аудан кітапханасына балалар көптеп бара бастапты.
Өз басым қазіргі күні «кітап оқымайтындар заманының» көшіне мектеп мұғалімдері де ілесіп кеткенін жоққа шығара алмас едім. Оны мұғалімдердің жай ғана сөз қолданысынан аңғаруға болады. Әдебиет оқымайтын ұстаздардың ішкі мәдениеті көркемдік деңгейге жете алмайды. Олардың сөздік қоры да жұтаң келеді. Сол себепті, сабақ үстінде аузынан балаға ұрысқанда «қуасың ба?», «басың істей ме?» деген секілді дөрекі сөздер шығып жатуы да мүмкін.
Ал өзі кітап оқымайтын мұғалім балаларға кітап оқы деп айта ала ма?
Ширек ғасыр бұрын мектеп оқушылары өз еркімен кітапханаға баратын. Әр үйде міндетті түрде ертегі кітаптар, одан соң балаларға арналған әңгіме, повестер жинағы табылушы еді. Ал «Ұлан» га­зеті, «Балдырған» журналы бала­лардың сүйікті басылымдары болатын.
Жазда үш ай демалыстан кейін қыркүйекте мектепке барысымен мұғалімдер «Қане, жазда кім қандай кітап оқыды?» деп сұраушы еді… Балалар өздері оқыған кітаптар жайлы жарыса әңгімелеп, бір-бірінен естіген кітапты қызыға оқуға құмартатын. Ал бүгін ше? Жасұлан Серік секілді өз қалтасынан ақша тігіп, сайыс жасамаса да, тым болмаса «жазда не оқыдыңдар?» деп сұрауға жарайтын мұғалімдер бар ма?
Сіз балаларды кітап оқуға қы­зықтыра білген қандай мұғалімді білесіз?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды